- Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелейді. Тарих үшін қас қағым сәт болып саналатын осы кезеңде Қазақстан атты қуатты да өскелең жас мемлекет қалыптасты. Бүгінде біздің елді бүкіл әлем таниды, жетістіктерін мойындайды, бізден үлгі-өнеге алуға тырысады. Елімізде көптеген ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, Қазақстан атты ортақ үйін көркейтіп, бақытты етуде өздерінің үлестерін мол қосуда. Мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мүмкін болды.
Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп аталатын биылғы Жолдауын мұқият оқып шықтым. Жолдауда Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде қол жеткен жетістіктеріміз жан-жақты көрсетілген. Алдағы уақытта ел болып атқаратын ауқымды істер белгіленіп, нақты тапсырмалар берілді.
Менің өзім - ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында еңбек еткен жанмын. Сондықтан осы саланы таяу болашақта дамытудың бағыттарымен жете таныстым. Ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өседі деген жоспарлар көңілімнен шықты. Ет экспортын ұлғайтудың маңызы зор болып, бұл мақсатқа мемлекеттің 130 миллиард теңгелік несие ресурстары бөлінетінін бөле-жара айтқым келеді. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретіні жобаның шарапаты мол екеніне көз жеткізеді.
Жолдаудағы Елбасымыздың тапсырмалары ойдағыдай орындалып, халқымыздың әл-ауқаты одан әрі жақсаратынына кәміл сенемін.
Құдайберген ПІШЕНБАЕВ, дербес зейнеткер.
Еңбек етуге даярмыз!
Барша қазақстандықтар Елбасы Жолдауын барлық мүмкін-діктерімізді болжай отырып, нақты атқаратын істерімізді жоспарлаған, алдағы онжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың бағдары болатын даму Стратегиясы деп қабылдайтыны сөзсіз. Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісін көріп отырмыз. Железинка ауданының кітапхана жүйесі құрамында 17 кітапхана бар. Барлығы да қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, кітаптар саны да едәуір артты. Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдағаннан соң, еліміз өзінің даму жолында жаңа белестерді бағындырып отырғанына тағы бір мәрте көзіміз жетті. Ауылдық жерде тұрмыс кешіп жатқан азаматтардың жағдайы да назардан тыс қалмайды. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке бірқатар мақсат-міндеттерді жүктеді. Ауданымыздағы тұрғын үй, ауызсу және халықты жұмыспен қамту ісі жақсы қарқынмен дамуда деп ауыз толтырып айта аламын. Еліміздің әрбір азаматы халқымыз үшін, еліміз үшін еңбек етуге даяр деген сенімдемін.
Марғұлаш АДАМОВА,
Железинка аудандық кітапхана жүйесінің директоры.

