Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биылғы жыл ата-бабаларымыздың асқақ арманына айналған Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды. Мерейтойдың «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деген ұранын арқау еткен іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында құрылған мемлекеттік комиссия Жалпыұлттық жоспарды бекітті. Ұлы халқымыздың мәртебесін көтеріп, мерейін асырған азаттығымыздың мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Қоян жылының басты мерекесі аясындағы мәдени шаралар Ертістің Павлодар өңірінде де бастау алды.
Сейсенбі күні облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық орталығының «Менің елім - Қазақстаным» атты үгіт керуені алғашқы сапарға шықты. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында жұмысын бастаған өнерпаздар керуені үстіміздегі жылдың сегізінші желтоқсанына дейін аймағымыздың 35 ауылдық елді мекен тұрғындарымен қауышпақ. Басты мақсат – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 20 жылдық даму баспалдағынан өткен толағай табыстары мен қол жеткізген жетістіктері туралы айту, ел арасында жасампаздық пен бейбітшіліктің жиырма жылында атқарылған игі істерін насихаттау.
Ән мен күйден шашу шашқан үгіт керуені Ақтоғай ауданының Шолақсор және Андрияновка ауылдарына ат басын тіреді. Сапар барысында ауылдықтар «Тәуелсіз Қазақстанға – 20 жыл» бейнефильмін көріп, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атты кітаптар көрмесін тамашалады. Айта кетерлігі, халық назарына ұсынылған 70 кітап С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорынан алынған. Еңселі еліміздің өркендеу мен дамудың жиырма жылдық уақыт көлемінде жарық көрген кітаптар аудандық кітапханалар қорының ешқайсысында кездеспейді.
Қос елді мекеннің тұрғындары облыс орталығынан келген қонақтарды жылы шырайлы жүздерімен қарсы алғандарын жасырмады. «Шаңырақ сазы» ұлттық аспаптар ансамблі, орталықтың камералық хордың кіші құрамының және «Томирис» би тобы мен «Спасибо» тобының өнерпаздары тұрғындарға тамаша концерттік бағдарламасын тарту етті. Өңірімізге жаңадан танылып келе жатқан жас әнші Влад Прокофьевтің қазақ тілінде шырқаған әндері көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. «Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық орталығының қызметкері Рысалды Темірболатқызының айтуынша, осы гастрольдік іссапар кезінде ақтоғайлықтар тарапынан көрсетілген қошемет ерекше болды. «Біз Шолақсор және Андрияновка елді мекендерінде болып қайттық. Бұл концертке тек аталған ауылдардың жұртшылығы ғана емес, сондай-ақ басқа да ауылдық округтердің тұрғындары келді. Орталық өнерпаздары атынан өнердің құдіретін түсінген ақтоғайлықтарға шын ризашылығымды білдіремін», - дейді ол.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

