Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға
қарай 74 пайызды, 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың
халыққа Жолдауынан.
Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған «Балапан» бағдарламасы аясында былтыр елімізде 35 мемлекеттік, 137 жеке меншік балабақша және 1534 шағын орталық салынды.
Сондай-ақ бұрын жекешелендіріліп кеткен мекемелерді қайтару есебінен 172 балабақша ашылды. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде бүгінде мыңдаған қазақстандық ббүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Бұл жөнінде Елбасымыз «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы халыққа Жолдауында да атап өткен болатын.
Балғындар игілігі үшін республика көлемінде жаппай қолға алынған игі бастама Павлодар облысында да ойдағыдай жүзеге асуда. Облыстық білім беру басқармасы мамандарының хабарлауынша, үстіміздегі жылы «Балапан» бағдарламасы бойынша аймағымыздың түкпір-түкпірінде 19 жаңа балабақша мен 26 шағын орталық ашылып, 3 мыңға жуық баланы қанатының астына алады деп жоспарлануда. Атап өтерлігі, мемлекеттік маңызы зор бұл бағдарламаны табысты жүзеге асыруға жеке меншік балабақшалар да өз үлестерін қосуда. Соның дәлеліндей, жақында облыс орталығындағы «Лингва» және «Солнышко» жеке меншік балабақшаларында мемлекеттік бағыттағы екі топ ашылып, бүлдіршіндерді құшақ жая қарсы алды. Қазіргі таңда қос мекеме де «мемлекеттік серіктес жеке меншік балабақша» деген мәртебеге ие болып отыр.
Павлодар қалалық мектепке дейінгі білім беру мекемесі секторының меңгерушісі Жанат Асайынова: «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға жеке меншік балабақшалардың үлкен көмек көрсетіп отырғаны қуантады. Әрине, жеке меншік балабақшаға баласын беруге әр ата-ананың шамасы келе бермейді. Ал мұндай мекемелердің ішінен мемлекеттік бағыттағы топтардың ашылуы - балабақша тізімінде көптен кезекте тұрған бүлдіршіндер сұранысын қанағаттандыруға септігін тигізді. Бір ерекшелігі, осы балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданған әр балаға республикалық бюджеттен белгілі бір мөлшерде қаражат бөлінеді де, қалған шығынын, шамамен 40-50 пайызын ата-анасы төлейді. Ал қалтасы көтермейтін адамдар үшін ерік өзінде. Бірақ, бұл балалардың мемлекеттік балабақша тізіміндегі кезегі сақталады», - дейді.
«Лингва» жеке меншік балабақшасының директоры Гүлжүзім Аймағамбетованың айтуынша, аталған мекеме ішіндегі мемлекеттік топқа келген балалар үшін ай сайынғы төлемақы 10 000 теңгені құрайды. Ал оған қосымша мемлекет бюджетінен әр айда бір бала үшін 10 500 теңге бөлінеді екен. Айта кетерлігі, балабақша ішіндегі жағдай да төлемақысына сай, яғни балалардың бар уақытын қызықты әрі мазмұнды өткізулері үшін мол мүмкіндік жасалған. Мамандар да жеткілікті. Мекеме директоры болашақта тағы да осындай бір топ ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. «Бұл ғимарат осыдан 16 жыл бұрын жеке меншік мектеп болып ашылды. Кейін елімізде балабақша мәселесі қиындық тудырған соң, мектепке дейінгі шағын орталық ашуды жөн көрдім. Сөйтіп, оның халық үшін қажет екенін түсініп, биылдан бастап балабақша ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік бағыттағы топтар ашып отырмын. Бұл – Елбасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Балапан» бағдарламасының өміршең болуына өз ықпалын тигізеді деген сенімдемін», - дейді Гүлжүзім Аймағамбетова.
Жалпы, Павлодар қаласында бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту ісі өз деңгейінде жүзеге асуда. Биыл «Балапан» бағдарламасы бойынша 4 балабақша ашылып, 740 баланы қамтитын болады. Сонымен қатар, қалада бой көтеретін жеке меншік балабақшалар да баршылық. Ең бастысы, бүгінгі күні шаһардағы 5-6 жастағы балалар 100 пайыз балабақшалармен қамтылған. Ал жыл аяғына дейін 4-5 жас шамасындағы бүлдіршіндер толықтай мектепке дейінгі мекемелермен қамтылады деп жоспарлануда.
Павлодар қалалық мектепке дейінгі білім беру мекемесі мамандарының сөзіне қарағанда, жылдан-жылға балабақша тізіміне тіркелушілер қатары көбеюде. Мәселен, бүгінгі күні аталмыш тізімде 13508 бала кезекте тұрса, оның 10 мыңға жуығын 2 жастан төменгі балалар құрайды екен. Қуантарлығы, үстіміздегі жылы ашылғалы отырған жаңа балабақшаларды есепке алғанда шаһар бүлдіршіндерінің 76 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылады деп күтілуде. Бұл – Жолдау жүктеген міндеттердің өз деңгейінде орындалғанының дәлелі.
Нұржайна ШОДЫР.

