Елбасы Н.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты халыққа Жолдауында ел экономикасын көтерудің бір жолы – агроөнеркәсіп кешенін дамыту екенін атап өткен болатын. Осыған орай, мемлекетімізде ауыл шаруашылығы саласына қажетті кәсіптік және техникалық мамандар даярлауға ерекше мән берілуде. Бұл ретте Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығының тізгінін ұстайтын кәсіби кадрлар даярлауға өзіндік үлес қосып жатқан арнаулы білім ордалары аз емес. Солардың бірі - Успенка ауданындағы №25 кәсіптік лицейі.
Қабырғасы қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған байырғы білім ордасы алғашқыда «Ауыл шаруашылығы механизациялау училищесі» болып ашылған екен. Кейін кәсіптік лицей атанған бұл мекемеден бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы саласына ауадай қажет 15 мыңнан астам маман түлеп ұшқан. Атап өтерлігі, қазір лицей түлектерінің кейбірі ірі шаруа қожалықтарының иесі атанып, ел дамуы жолында елеулі еңбек етуде. Мәселен, аудандағы «Штрек», «Айтқожинов», «Сластен», басқа да бірқатар шаруа қожалықтарының басшылары осы оқу орнының мақтан тұтар шәкірттері.
Қазіргі таңда кәсіптік лицейде 168 жас фермерлік іс, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу, тамақ өнеркәсібі, құрылыс жұмыстарының шебері, нан өнімдерін дайындаушы сынды бес түрлі мамандық бойынша білім алуда. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы да талапқа сай. Аталмыш лицей директоры Д.Наукеновтың айтуынша, мұнда теориялық білім беруге арналған 22 оқу кабинеті, 6 зертхана және кәсіптік білім алу үшін 2 шеберхана бөлмесі жұмыс істейді. 80 орындық жатақхана мен асхана бар. Жыл сайын оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Сондай-ақ, оқушылардың мол тәжірибе жинауы үшін
10 ауыл шаруашылығы техникасы мен 5 автокөлік қызмет көрсетеді. Қуантарлығы, лицей оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, еңбек етуге де баулиды. Осы мақсатта оқу ордасына тиесілі 1400 гектар шаруашылық жерге оқушылардың көмегімен көктемде түрлі көкөністер мен жеміс-жидектер салынып, күзде жиналып алынып отырады екен. Соның арқасында лицей шәкірттері жыл бойы тегін тамақтанады, тек түскі ас қана мемлекет тарапынан беріліп тұрады. Қысқасы, оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. «Біздің лицейде балалардың жан-жақты кәсіптік және техникалық білім алуларына мол мүмкіндік бар. Оқу да, жатақхана да тегін. Ең бастысы, соңғы бірнеше жылда түлектеріміз 100 пайыз еңбекпен қамтылып келеді. Мұның бәрі – елде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше мән беріліп отырғандығының белгісі деп білемін», - дейді лицей директоры Д.Наукенов.

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласын гүлдендіруге өзіндік үлес қосып отырған кәсіптік лицейдің қол жеткен жетістіктері де жоқ емес. Атап айтар болсақ, өткен жылдың қараша айында Астана қаласында ұйымдастырылған «Ең үздік техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары» атты республикалық байқауда «Ауыл шаруашылығы саласына қажетті кадрларды дайындайтын ең үздік оқу орыны» аталымы бойынша бас жүлдені осы білім ордасы жеңіп алған екен. Аудан орталығында орын тепкен қарапайым ғана кәсіптік лицей үшін бұл бірінші жүлде емес көрінеді. Осыған қарап, лицейдің келешегі кемел екенін аңғаруға болады.
Н.ШОДЫР.

