Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын заманға сай жаңғыртуды тапсырған болатын. Осы орайда бүгінде елімізде реформаны көздейтін заң әзірленіп, бірқатар жаңашыл істер қолға алынуда. Ескі үйлерді термомодернизациялауға қатысты жоба Павлодар облысында алғаш рет жүзеге асады деп күтілуде. Аймақта энергияны үнемді пайдаланудың технологияларын енгізудің жай-жапсарынан кеше облысқа келген ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасы Серік Нокин хабардар болды. Лауазымды тұлғамен бірге облыс әкімінің бірінші орынбасары Роман Скляр жүрді.
Алдымен мәртебелі меймандар Инновациялық Еуразиялық университетіне бас сұқты. Мұнда өңір кәсіпкерлерінің шетелдерден әкеліп, тәжірибеге енгізіп жатқан энергия үнемдеу технологиялары назарға ұсынылды. Көрмеге барлығы тоғыз кәсіпорын қатысты. Соның бірі - «Энергетикадағы инновациялық технологиялар» ЖШС табиғи жолмен қуат өндіретін жылу насостарын қойыпты. Директоры Қ.Омаровтың айтуына қарағанда, бүгінде жаңашыл жобаны пайдаланушылар тек қана біздің облыста емес, көршілес аймақтардан да табылып отыр. Жылу насосын құруға қажетті бөлшектер Қытай жерінен жеткізіледі. Қарапайым құралдарды өзімізге де құрастыруға болар еді, бірақ оған белсенген әзір ешкім жоқ. Агенттік төрағасы С.Нокин серіктестік басшысына елімізде арнайы инновациялық орталық құру көзделетінін, соған байланысты ұсыныстар күтілетінін айтты.
Көрмеде жеке кәсіпкер Еркін Нұрғожин үйлердің төбесіне тартылатын жылытқыш құралдар мен жылу сақтайтын нанотехнологияның ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді. Бұлар – ресейліктердің ойлап-тапқан және өздері қазірде кеңінен қолдануға көшкен тиімді тәсілдер. Таяуда жаңашыл технологиялардың қатары тағы толықтырыла түспек.
«Ar invest» ЖШС алдын-ала қапталған құбырлар өндірісімен айналысады. Ерекшелігі сол, бір тартылған құбырлар 30 жылға шыдас береді, яғни осынша уақыт жөндеу жүргізіп қажет емес. Аязға, ыстыққа, ылғалға төзімді келетін құбырлар минералды-мақта арқылы қапталған құбырларға қарағанда жылуды 8-10 есе артық сақтайды. Сонысына қарамастан, құбырдың құрылысы 2,5-3 есе жылдам жүргізіледі. Кейін С.Нокин дәл осы кәсіпорынға арнайы барып, ондағы құбыр өндірісін аралады. Мұнда жылына 120 мың тоннаға дейін өнім шығару жоспарланған. Жоба «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
ИнЕУ-дегі көрмеден соң, агенттік төрағасы аталмыш университеттің жаңғыртылмалы энергетика зертханасының мүмкіндіктерімен танысты. Мұндағы ғалымдар табиғи жолмен өндірілетін энергияны, яғни күн сәулесін, жел қуатын тиімді пайдаланудың қыр-сырларын егжей-тегжейлі зерттеп қана қоймай, біртіндеп тәжірибеге де енгізуде. Мәселен, мұндағы асхана табиғи энергияны қолданады. Серік Кеңесұлы Павлодар облысынан кейін басқа да өңірлерде дәл осындай мақсаттағы шаралар өткізілетінін, сол кезде өңірлердің энергия үнемдеуге байланысты қол жеткізген табыстарын нақты саралауға болатынын айтып өтті.
Бұдан кейін ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттіктің төрағасы қаладағы Катаев көшесі, 34-үйдің ауласында тұрғындармен кездесті. Кездесудің басты мақсаты - қазіргі кезде қолға алынып жатқан жаңашылдықты жұртқа түсіндіру болды. Айта кетелік, соңғы кезде мемлекет тозығы жеткен төбелер мен подъездерді, инженерлік желілерді, яғни тұрғындардың бәріне ортақ мүлікті модернизациядан өткізудің тың жолын ұсынып отыр. С.Нокиннің түсіндіруінше, ниет танытқан тұрғындарға мемлекет несиені 0,1 пайыз өсіммен жеті жыл мерзімге береді. Бұл ретте халықтың да біршама қаржыны жинақтауы тиіс. Бұл қаржы кейін мердігер фирманы жалдап, үйді жөндеуге пайдаланылады. Ұйымдастыру жұмысына қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауапты, барлық істі қадағалаушы мемлекеттік мекеме де құрылады. Алынған несиені тұрғындар пәтерінің көлеміне сәйкес бөліп төлейді. Кездесуге жиналған тұрғындардың сөздеріне қарағанда, ортақ мүлікті жөндеуге қажетті қаржыны әркімнен жинау осыған дейін үлкен күш болып келген еді. Ендігі жерде, С.Нокиннің айтуынша, тұрғындардың үштен екісі жақтаса болғаны, мемлекет жеңілдетілген несиені беруге дайын. Келісім-шартта барлық түйткілдер қарастырылады, кем-кетік тұстары болса, жедел түрде ескеріледі.
Жалпы, Үкіметтің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға қатысты бекіткен бағдарламасының алғашқы кезеңі өз нәтижесін 2015 жылға дейін көрсетуге тиіс. Есептеулерге сүйенсек, бұл кезде жөндеуден өткізілген сумен қамтамасыз ету құбырларының үлесі 14 пайызды, жылу құбырының көлемі 26 пайызды құрайтын болады. Сөйтіп, энергиямен қамтуда ысыраптың азаюына оң ықпал етеді деп күтілуде.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

