АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУ ЖОЛЫНДА

 

Тиісті шаралар қолға алынуда

Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданында және Ақсу қаласында болып қайтты. Аймақ басшысы өткен жылғы сапары барысында қамтылмай қалған, облыс орталығына едәуір жақын орналасқан ауылдарға ат басын бұрды. Елді мекендерді аралап, тұрғындардың бүгінгі тыныс тіршілігімен танысты. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылдық аймақты дамытуға қатысты берген тапсырмаларының жүзеге асуы барысына ерекше мән берді. Өңірде қолға алынған табысты істердің көзайымы болып, бірқатар мәселелердің мәнісіне көз жүгіртті.

Облыс әкімі Ақтоғай ауданының Қараоба, Әуелбек ауылдарында және Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ, Қызылжар, Жолқұдық, Алғабас, Айнакөл елді мекендерінде болды. Ондағы мектеп, мәдениет үйлері, медициналық амбулаториялық бөлімше сияқты әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жағдайымен танысты. Елді мекендерде әрбір сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың аз емес екендігі байқалады. Мысалы, мәдениет саласы бойынша ауылдарда кітапхана, мәдениет үйлері бар. Кейбірі біраз ескі болса да, жақсы күйінде сақталып қалған. Мектептердің де жағдайы көңіл көншітерліктей деңгейде. Барлығы жаңа компьютерлік техникалармен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Мамандар да жеткілікті. Бір қуанарлығы, ауылға бет бұрған жас мамандардың қатары көбейіп келеді. Ауыл тұрмысының жақсарғандығын осыдан-ақ байқауға болады. Мысалы, Қараоба ауылының жалпы орта білім беру мектебіне ұстаздық қызметке келген Айнұр Темірова - елордамыз Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған ол «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша туған өңіріне қайтып оралған. «Бұл таңдауыма еш өкінбеймін», - дейді ол. Облыс әкімі жас маманның бұл қадамын жоғары бағалады.

Аймақ басшысы Ақтоғай ауданында жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Өңірде негізінен мал шаруашылығына көп көңіл бөлінуде. Елбасы Қазақстанда аталмыш саланы дамытуды тапсырған болатын. Оның негізгі мақсаты - еліміздің ішкі сұранысын мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ету және оның экспорттық әлеуетін іске асыру болып табылады. Шаруалар Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындауға толыққанды әзір екендіктерін айтып отыр. «Біз қазір аймағымызда етті мал шаруашылығын дамыту бойынша жоба әзірледік. Бұл бағыттағы жұмысты дамытуға мүмкіндіктің бар екендігін байқап отырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектің арқасында Елбасының аталмыш тапсырмасын уақытылы, сәтті жүзеге асырамыз деген ойдамын. Онымен қоса, биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия көлемі өткен жылғымен салыстырғанда тағы бір миллиард теңгеге көбейді. Ол өз деңгейінде игерілуде», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.

Ауыл тұрғындары біртіндеп өз кәсіптерін ашуды қолға ала бастаған. Атап айтар болсақ, Әуелбек елді мекенінде бес адам жалпы сомасы 15 миллион теңгеге мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген несие алмақ ниетте. Олардың бірі көкөніс өсіруді жолға қойса, енді бірі - шаштараз ашып, шағын бизнесін дамытпақ. Одан басқа да халыққа қажетті кәсіп түрлері ашылады деп күтілуде. Бұл тұрғыдан алғанда, Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылындағы «Жауқазын» қоғамдық қорының бет алысы жақсы. Аталмыш ұйым мүшелері түрлі киіз өнімдерін, тоқыма, басқа да қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Қазір ауыл халқының талабы өзгерді. Бұрындары қажет болмаған қызмет түрлеріне бүгінде, халық жағдайы жақсарғаннан кейін сұраныс көбейді. Ол сұраныстарды толық қамтамасыз ету қажет. Аймақ басшысының айтуына қарағанда, еңбекпен қамтудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында биыл облысымызға ауыл кәсіпкерлігін дамыту үшін 370 миллион теңге бөлінді. Тағы 370 миллион теңге елді мекендердегі шағын бизнес құрылымдары үшін жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылымды дамытуға берілген. «Аталмыш бағдарлама үстіміздегі жылдың шілде айынан іс жүзінде жүзеге асырыла бастамақ. Бұл - аса маңызды. Мысалы, аудандарға жұмыс сапарым барысында ауылдардан шаштараз, тігін цехын, етік тігу орнын көрген емеспін. Яғни, бұл сала кенжелеп қалған. Сондықтан елді мекенде шағын бизнесті дамытуды мықтап қолға алу қажет. «Көз қорқақ, қол батыр». Халықтың ниеті болса болғаны, ары қарай дамытып алып кететініне сенім мол. Әрине, ауылдық жерде тұратын халық көбіне өздеріне таныс кәсіп, мал өсіруді ғана оңтайлы көреді. Бір екі сиыр, қой, жылқы сатып алып, отырады. Қолдан келетін ең оңайы сол. Ал кейін «маған жұмыс беріңдер», «маған әлеуметтік төлемдер қажет» деген әңгімелер туындайды», - деді аймақ басшысы.

Өткен жылы барлық аудандарда дәріханалар мәселесі өзекті тұрған еді. Аймақ басшысының бастамасымен уақытылы қолға алынған нақты  шаралардың арқасында аталмыш мәселе бүгінде  өз шешімін тауып отыр. Оған жұмыс сапары барысында көзіміз жетті. Әрбір ауылдардағы медициналық бөлімшелерде шағын дәріханалар ашылған. Онымен қоса, коммерциялық негізде дәрі-дәрмек жеткізіп тұратын жылжымалы дәріхана бөлімшелері жұмыс істейді.

Әрине, мәселе де жоқ емес. Кейбір ауылдарда мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік бөлімше сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар әбден ескірген. Бұл мәселелерді шешу үшін облысымызда алдағы үш жылға арнайы жоспар жасалғандығы белгілі. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, оны жүзеге асыруға демеушілік көмек көрсетіп жүрген облысымыздың ірі  кәсіпорындары жұмылдырылмақ. «Аталмыш бағыт бойынша әлі де жетілдіре түсетін тұстар бар. Себебі, қаржылай тұрғыдан кейбір нысандарға қатысты есептеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмегендігін байқап отырмыз. Бір нысанды қайта қалпына келтіруге қарастырылған қаржыны бірнеше бағытқа бөлуге болатындығы анықталып отыр. Соның арқасында биыл құрылысы, жөндеу жұмыстары жоспарланған әлеуметтік нысандардың санын арттырамыз деген ойдамын. Бұл барлық аудандар мен қалалардың елді мекендеріне қатысты. Демек, алдағы үш жылда ауылдық елді мекендер қажетті әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етіледі», - деді аймақ басшысы.

Ауызсу мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Бұл ретте «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында тиісті шаралар атқарылуда. Облыс әкімі енді кешенді блок модульдер (КБМ) сияқты басқа да сумен қамтамасыз ету құрылғыларын орнатардан бұрын тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Себебі, КБМ орнатылып, кейін ол жерден су шықпай, немесе мүлде жарамсыз су шығып құрылғылардың істемей қалған фактілері көп. Мемлекет қаражаты ысырап болмауы тиіс.

Жалпы, облыс әкімі елді мекендердің бүгінгі даму деңгейіне оң бағасын берді. «Елбасының биылғы Жолдауында көптеген мәселелер сөз етілді. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында шешімін табуы тиіс бірінші кезектегі мәселелер де айқындалды. Бұл ретте елді мекендерді дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Осыған байланысты облыс активінің мәжілісінде әрбір ауданның өз ерекшеліктеріне байланысты дамудың негізгі бағыттары анықталып, олар бойынша тиісті тапсырмалар берілген болатын. Ауыл халқының әлеуметтік ахуалы қала тұрғындарының жағдайынан еш кем болмауы тиіс. Көріп отырғанымыздай, ауылдардағы жағдай көңіл көншітерліктей», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31