облысымызда маңызды әлеуметтік бағдарлама қолға алынды
Павлодар облысында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Ертеңің үшін аянба» атты аса маңызды әлеуметтік бағдарламасының пилоттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған аталмыш бағдарлама елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті, әсіресе, отбасылық бизнесті дамыту арқылы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын едәуір жақсартуға бағытталған. Осыған орай, облыс орталығында арнайы форум өтіп, онда ресми түрде бағдарламаның тұсауы кесілді. Шараға «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, бағдарламаны құрастыру тобының жетекшісі Жақып Асанов бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және түрлі министрліктер өкілдері қатысты. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өңірдің дамуын баян етті.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2020 жылға дейін еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлес салмағы 40 пайызға жетуі қажет деген болатын. Осы мақсатта «Нұр Отан» ХДП жоғарыда аталған «Ертеңің үшін аянба» атты бағдарламаны қолға алды. Ол Үкімет тарапынан қолдау тауып, жұмыссыздықты жою, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы халықты әлеуметтік қорғауға арналған басқа да салалық бағдарламалармен үйлестірілген. Осы бағдарлама арқылы аталмыш салалар бойынша мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді әрбір азаматқа, отбасына жеткізіп, оған қатысып, өз кәсібін ашуға ниет білдіргендерге қажетті жағдай тудыру көзделіп отыр. Форумға қатысушылар бұл жоба халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартып қана қоймай, өнім, өндіріс сапасын арттырып, Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатындығына сенімді.
Павлодар облысы бағдарламаны ел аумағында жүзеге асырмастан бұрын оның тиімділігін анықтап алу мақсатында пилоттық аймақ ретінде таңдалып алынды. «Бұл кездейсоқ таңдау емес. Қазіргі таңда облыс Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан ірі индустриалдық аймақтарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, зор табиғи-ресурстық, ғылыми-техникалық әлеуетке ие және әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған аймақ. Осы ретте, аталмыш маңызды бағдарламаны қолдап, оны жүзеге асыруда көрсеткен көмегі үшін облыс басшылығына алғысымды білдіремін», - деп атап өтті «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин.
Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған (мысалы, мал өсіріп, ауласында бау-бақша егу арқылы) халықты шағын бизнеске барынша тарту үшін тұтынушылар нарығын егжей-тегжейлі зерттеу қажет, дейді мамандар. Бұл бизнестің белгілі бір түрін таңдау барысында тұрғындарға дұрыс бағыт-бағдар беру қажет. Себебі бүгінде кәсібін дамытып, шағын бизнеспен шұғылданғысы келетін азаматтар нақты немен айналысу қажет, нендей сала мол табысқа әкелетіндігінен мүлде бейхабар. Осыған орай бағдарламаның пилоттық жобасында облысымыздың тұтынушылық нарығын сараптап, талдауға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылыпты. Атап айтар болсақ, 1000 бизнес-идея және 100 бизнес-жоспар әзірлеу ісі қолға алынуда. «Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халық – әр мемлекет экономикасының негізі және зор кадрлық қоры болып табылады. Сондықтан Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Н.Назарбаев әрбір азаматты жұмыспен қамтып, олардың өз кәсібін дамытуына жағдай жасауды тапсырды. Тіптен, қажет болса, тұрғындарды жаңа мамандықтарға қайта оқыту қажет екендігін атап өтті. «Ертеңің үшін аянба» осы мақсатқа, халықты шағын және орта бизнес секторына көптеп тартып, елімізде ауқымды түрде қолға алынып жатқан индустриализациялау бағдарламасына әрбір қазақстандықтың үлес қосуына бағытталған», - деді Н.Нығматуллин.
- Еліміз бойынша үлкен мәнге ие бұл бағдарлама жобасының алғашқы болып облысымызда жүзеге асырылып отырғандығы - біз үшін аса маңызды. Еліміздің ертеңі, халықтың болашағы үшін қолға алынған бағдарламаның сәтті, табысты жүзеге асырылуы - оның облысымыздағы жұмысының нәтижесіне байланысты болмақ. Сондықтан осы бағытқа барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Жобаға байланысты аймақ халқының қызығушылығы қазірден-ақ байқалады. Осыны ескере отырып, бұл тұрғындар көптен күткен бастама десе де болады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жай ғана қаражат бөліп қана қоймай, оны қажетті кәсіп түрлеріне бағыттау - өте маңызды, - деді форум барысында облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Жиынға қатысушыларға «Ертеңің үшін аянба» бағдарламасын таныстырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.Асановтың айтуына қарағанда, жоба ең алдымен ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Себебі, халықтың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады. Және олар үшін ойға алған бастамаларын жүзеге асыруға жағдай аз.
Бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде тұрғындар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізілмек. Қандай кәсіптің сұранысқа ие екендігі, шағын кәсіпкерлікті ашу, дамыту жолдары түсіндіріледі. Ал екінші кезең аясында Павлодар облысының негізінде аймақтардағы шағын және орта бизнесті дамытудың типтік үлгісі құрылмақ. Жинақталған тәжірибеден қорытынды жасап, оны еліміз бойынша таратып, жүзеге асыру ісі үшінші кезеңде қамтылмақ. Сондай-ақ, Жақып Қажманұлы жоғарыда аталған бағдарлама аясында облысымызда еліміз бойынша алғаш рет бизнестің ақпараттық базасы құрылатындығын жеткізді. Бұдан былай әрбір қазақстандық азамат өзін қызықтырған кез-келген мәліметтерді аталмыш базадан таба алады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова еліміздегі жұмыссыздықты жоюға бағытталған шараларға тоқталып өтті. Бұл ретте, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының маңызы зор, дейді министр. Аталмыш бағдарлама аясында төрт жүз мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, Гүлшара Наушақызы Үкіметте қолға алынған жұмыспен қамтудың 2020 жылға бағытталған бағдарламасының ерекшеліктеріне тоқталды. Бұл бағдарлама да «Ертеңің үшін аянба» жобасымен бірге жүзеге асырылатын болады.
Форум барысында жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Жалпы отырыстан кейін жұртшылық «Шағын бизнесті дамыту – мемлекетті индустрияландыру негізі» және «Тұрақты шағын бизнес өңірлердің даму шарты ретінде» атты сессиялар отырысына қатысты. Шара қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына және қаржылық құрылымдарға бизнесті қолдап, дамыту бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

