Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп аталған Жолдауында әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылып, осы бағыттағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында көптеген игі жұмыстар атқарылуда. Халық денсаулығын сақтап, медициналық көмектің сапасын арттыру жаңа әлеуметтік саясаттың басты аспектісі болып табылады.
Лебяжі ауданында стратегиялық құжатта айқындалған мақсаттарға сәйкес, тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Кез келген салаға жұмсалған қаражат оның тиісті деңгейде дамуының кепілі болары анық. Лебяжі ауданында денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға артуда. Өткен жылы ауданның медицина мекемелеріне жұмсалған қаражат 163 миллион 238 мың теңгені құраса, 2011 жылғы қаражат 191 миллион 237 мың теңгеге жеткен. Айта кетерлігі, аудандық ауруханада 2009 жылдан бері телемедицина орталығы қызмет етуде. Ал алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыту бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жалғасын табуда. Нақтырақ айтсақ, бұл – ақ желеңділер қауымы біліктілігн арттыру жұмыстары. Биыл 3 дәрігер мен 24 орта буын медицина қызметкері өз білімдерін жетілдіру курстарынан өткен.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «2013 жылы Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аяқталады. Біз аурудың алдын алуға шындап кірісіп, бастапқы медициналық-санитарлық жәрдемнің сапасын арттыруымыз керек» деген болатын. Елбасы атап өткен игі бастамалар негізінде ауданда біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аясындағы жұмыстар өз деңгейінде ұйымдастырылуда. Түрлі аурудың алдын алу мақсатында ересек адамдар арасындағы жүрек, қан тамырлары, қант диабеті және онкологиялық ауруларды ерте анықтау және әйелдер, жасөспірімдер мен балаларды профилактикалық тексеруден өткізу жұмысы жалғасып келеді. Тексеру жұмыстары тек аудан орталығындағы ғана емес, сонымен қатар өңірдің барлық елді мекендерінде де жүйелі түрде қолға алынған. Ауданның кез-келген азаматы үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту мақсатында облыстық аурухана дәрігерлерінен құралған топ Майқарағай, Мерғалым және Баймолдин ауылдарында болып қайтты. Жанға шипа, дертке дауа бола білген медициналық топ құрамында терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, көз дәрігері және лор болып, 317 адамды қабылдаған. Үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында аудандық аурухана 11 елді мекенге шығып, 912 адамды толық медициналық тексеруден өткізген.
Айта кетерлік жайт, аудан орталығы – Аққу ауылындағы аурухана қызметкерлері бала денсаулығына баса назар аударады. Медицина мекемесінің жанынан ашылған балалар кеңесі бөлімі – соның дәлелі. Кеңес құрамында «Дені сау бала бөлмесі» жұмыс істеуде. Аудандық аурухананың балалар дәрігері Галина Елубаеваның айтуынша, ұлтымыздың болашағы болып табылатын балғындар денсаулығы - сенімді қолда. Балалар кеңесі бөлімі ауданның кішкентай тұрғындарының физикалық дамуын тиянақты бақылауда ұстайды, сондай-ақ, бала денсаулығы бойынша ата-аналарға да сапалы кеңес беру қызметін ұсынады. Бүгінгі күні балалар кеңесі бөлімінде төрт білікті маман жұмыс істейді. «Балалар денсаулығын жіті бақылауда ұстап, сырқаттың дер кезінде алдын алу – басты мақсатымыз. Біздің кеңесте тіркеу орны мен әртүрлі ем-дом шараларын жүзеге асыратын кабинеттері бар. Балаларды тексеру кезінде кезек күту секілді мәселелер туындамайды», - дейді Галина Орынбасарқызы.
Елбасының Жолдауында көліктік медицинаның көкейкестілігі туралы айтылып, медицина қызметі сапасын арттыру мен халық денсаулығын сақтауға септігін тигізетін жылжымалы автополиклиниканы дамыту төңірегінде тапсырмалар берілген болатын. Өңірімізде қолданысқа берілген осындай жылжымалы поликлиника игілігін лебяжіліктер де көруде. Аталмыш жылжымалы медициналық кешен осы жылғы мамыр айының үші және он үші аралығында ауданның 24 елді мекенінде болып, 3497 адамға сапалы медициналық қызмет көрсеткен.
А.ЕСІМХАНОВА.
Лебяжі ауданы.

