«ЕЛІМІЗДЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУҒА ҮЛКЕН ҚОЛДАУ БАР»

 

Дейді «Рысмағанбетов» шаруа қожалығының басшысы Ислам Қазизоллаұлы

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға баса мән берілуде. Бұл мақсатта өз кәсібін бастамақ болған жеке тұлғалар мен шаруа қожалықтарына отандық банктерден несие беріліп, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Осындай игі істердің арқасында жеке шаруа қожалығын құрып, бай-қуатты тірлік кешіп жатқан еңбекқор жандардың бірі - Успенка ауданына қарасты Қоңырөзек ауылының тұрғыны Ислам Қазизоллаұлы Рысмағанбетов.

Ислам Қазизоллаұлы басшылық ететін «Рысмағанбетов» шаруа қожалығы мал өсіру, егін салу және өзге де бірнеше кәсіп түрімен айналысады. Атап өтерлігі, осы шаруа қожалығының арқасында ауылдың 25 азаматы жұмыспен қамтылуда. Олардың еңбекақысы да жаман емес. Әрбір жұмысшы істеген еңбегіне байланысты шамамен 20-дан 80 мың теңгеге дейін айлық алып тұрады.

Еліміз Тәуелсіздік тұғырына қол жеткізгеннен кейін бірден кәсіпкерлікпен айналыса бастаған Ислам Рысмағанбетов алғашқыда өз ісін жер алып, егін салудан бастайды. Кейін 1993-1995 жылдардағы дағдарыс кезінде Павлодар қаласына көшіп келіп, базарда сауда-саттықпен айналысады. Ал 1999 жылы ел ес жиып, нарық қыспағынан шыққаннан соң қайтадан аталмыш ауылға оралып, сүт қабылдау пунктін ашады. Сөйтіп, жергілікті халықтан сиыр сүтін қабылдау арқылы біртіндеп кәсібін жандандыра білген кәсіпкер келесі жылы (2000 ж) егін салып, одан жақсы өнім алады.

Осылайша, кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгере бастаған ол 2001 жылы 20 бас ірі қара мал сатып алып, өсіреді. Қолға алған ісі өрге басқан Ислам Қазизоллаұлы мұнымен ғана шектеліп қалмай, 2002 жылы 4 миллион теңге көлемінде несие алып, оған Солтүстік Қазақстан облысынан 39 бас асыл тұқымды ақбас сиыр, ал 2003 жылы тағы да 3,5 миллион теңге несие алып, 36 ірі қара сатып алады. Бұдан соң шаруа қожалығының жұмысы алға басып, өз жемісін бере бастайды.

- Қазіргі жағдайымыз өте жақсы. Қуантарлығы, біздің мемлекетімізде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысушылар үшін мемлекет тарапынан да, жергілікті биліктен де үлкен қолдау бар. Бұл бағытта үкіметтің «Жайлау», «Сыбаға» сияқты бағдарламалары жүзеге асуда. Сондай-ақ, несие алу мәселесі де көп қиындық туғызбайды. Осыны азаматтар дұрыс түсініп, кәсіпкерлікпен айналысудан жүрексінбеуі  керек. Тек қана қолға алған ісін орынды атқарып, еңбектене білсе болды, - дейді «Рысмағанбетов» шаруа қожалығының иесі Ислам Қазизоллаұлы.

Бүгінгі таңда бұл шаруа қожалығы 2400 гектар жерге бидай, арпа, күнбағыс, шабындық шөп салып, 400-ден астам асыл тұқымды мал өсіріп отыр. Ірі қаралардың басым бөлігі - сауынды сиырлар. Кәсіпкердің айтуынша, шаруа қожалығы 1 жылда орта есеппен 350-360 тонна сүт, 10-12 тонна ет тапсырады. Оған қоса, тұрғындардан жыл сайын 900 тонна сүт қабылдап алып, өңдеуге жібереді. Сонымен қатар, үш бірдей мал қора мен астық сақтайтын арнайы қойма да салып алған. Тіпті, ауылда ашқан әмбебап дүкені де бар екен

- Осының бәрі оңайлықпен келген жоқ. Тынымсыз маңдай тердің нәтижесі. Кәсібіміз жылданжылға дамып келеді. Болашақтағы мақсатымыз етті ірі қара санын бұдан да көбейтіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшымызды беру, - дейді кәсіпкер. Айта кетерлігі, аз қамтамасыз етілген отбасылары мен жетім балаларға көмек қолын созуосы шаруа қожалығы үшін дәстүрге айналған үрдіс. Өткен оқу жылында осындай              16 оқушының тегін тамақтануын кәсіпкер Ислам Рысмағанбетов өз мойнына алып, үнемі ауыл мектебіне қаржылай көмек көрсетіп келеді екен.

Өз ісімен қатар қарапайым халықтың да қамын ойлаған еңбекқор жанның бұл қамқорлығы өзгелерге де өнеге болса игі.

Нұржайна ШОДЫР,

Успенка ауданы,

Қоңырөзек ауылы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Маусым 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30