Елбасымыз биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту қажеттігін сөз еткен болатын. Міне, осы бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынып, жүзеге асуда. Ауданымыздың ауылдары да осындай бастамадан шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, жуырда Харьков ауылының мектебі жанынан шағын стадион ашылды. Мұнда, әзірше, тек футбол алаңы ғана қарастырылған. Келешекте волейбол және баскетбол алаңшаларын, сондай-ақ, жүгіру жолын жабдықтау жұмыстары қолға алынбақ. Стадионның құрылысына ауыл әкімі Т.Досжанов бастаған ауыл азаматтары атсалысты. Әсіресе, ауылдағы «Весна», «Надежда», «Айдос», «Сағат», «Бейбут», «Аспан», «Руслан» атты шаруа қожалықтары бір кісідей атсалысты. Яғни олар материалдық көмек көрсетті. Ал стадион салу жұмыстарын мектеп қызметкерлері Р.Хаван, С.Кереев, Ж.Омаров, Е.Қапсатов, И.Әукен, Ж.Әлімов есімді азаматтары атқарды. Осылайша, ынтымақтың арқасында стадион тұрғындар игілігіне берілді. Бүгінде шағын сайыстар ұйымдастырылуда. Осындай кішігірім стадион елімізде бұқаралық спорттың дамуына аз да болса өзіндік үлесін қосары анық.
Т.СМАҒҰЛОВ
Ақтоғай ауданы.

