Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ИЫҒЫМЫЗҒА УАҚЫТ АРТҚАН ЖҮК ЖЕҢІЛ ЕМЕС

 

       Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші сайланымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашып, жиналғандар алдында сөз сөйледі.

 

       Қайырлы таң, құрметті Парламент депутаттары!

       Ханымдар мен мырзалар!

       Қазақстан Республикасы Конститу­ция­сының 59-бабына сәйкес төртінші сайланымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашық деп жариялаймын.

       Құрметті Парламент депутаттары!

       Сіздерді Парламенттің кезекті сессия­сының ашылуымен құттықтаймын.

       Біз 30 тамыз күні мемлекеттік ұлық ме­ре­кеміз – Конституцияның 15 жылдық той­ын атап өттік. Конституция қабылдау арқылы Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жасампаз істерімен дүние жүзіне танымал әлеуетті елге айналды. Біздің ұстанған бағытымыздың дұрыс екенін уақыт өзі дәлелдеп берді.

      Біз биыл ТМД және Азия елдері ара­сында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етудеміз. Өздеріңіз білесіздер, таяуда еліміз­де осы беделді ұйымға мүше мемлекет бас­шы­ларының Саммиті өтеді. Бұл – біздің елі­міз үшін зор мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін айрықша ауқымды шара болмақ.

      Ел экономикасы қарқынды дамып, біз дағдарыстан кейінгі кезеңге батыл қадам бас­тық. Бұл ретте болашаққа бағытталған бірқатар іргелі бағдарламалар қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстанның индустрия­лық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы бекітілді.

       Елімізде “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкерлік секторды сауықтыру және бизнес бастамаларын қолдау, агро­өнер­кәсіп саласын қаржымен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Таяу он­жыл­дықты қамтитын еліміз дамуының Стра­тегиялық жоспарын жүзеге асыруға нақты кірістік.

      Сонымен қатар Беларусь және Ресей мемлекеттерімен бірге Кеден одағына мүше болып кірдік. Осы маңызды оқиғаға байланысты Парламент қысқа мерзім ішінде 35-тен астам келісімді заңдық тұрғыдан бекітті. Бұл еліміз үшін жасалып жатқан өте пайдалы шаралар. Кеден одағы аясында Біртұтас экономикалық кеңістік құру үшін құқықтық база құрылды.

        Міне, бұл мәселелерде Парламент кәсіби шеберлігін танытып, үлкен іске зор үлесін қосты. Бұл орайда, Парламент жоғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолында пәрменді жұмыс жасауда. Мызғымас мемлекеттігіміздің Бас бағдарына айналған Ата Заң аясында көптеген заңдар қабылдануда. Осы сайланымның депутаттары үш сессияның ішінде 340-тан аса заң қабылдағаны – мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заңдардың басым көпшілігі қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге арналған.

       Сонымен қатар Парламентте қабылдан­ған заңдар арқылы қаржы және салық жүйе­сін жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалды.

       Мен жемісті еңбектеріңіз үшін барша­ңыз­ға өз ризашылығымды білдіргім келеді. Парламенттің алдағы уақытта да абырой биігінен көрініп, ел үмітін ақтай беретініне кәміл сенемін.

       Өткен сессия бәрімізге оңай болған жоқ. Бізге қауырт жұмыс істеуге тура келді. Оның үстіне дағдарыстан өту кезеңінде көп шаралар қолға алынды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Осының барлығы біздің бірігіп істеген жұмысы­мыздың нәтижесі деп білемін. Халықтың біздің қызметімізге ризашылығы зор екені белгілі.

       Құрметті депутаттар!

       Үшінші сессияның қорытындылары заң шы­ғармашылық жұмыстың сапасы арта түс­ке­нін көрсетті. Барлығы 148 заң қабыл­дан­ды. Еліміздің құқықтық базасы құқық қор­ғау органдарын реформалауға, қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті кү­шей­туге бағытталған заңдармен нығай­тылды.

       Қаржылық және экономикалық қаты­нас­тар, бюджет және тариф саясаты, салық салу саласы туралы нормалар жетілдірілді. Энергия үнемдеу және су ресурстарын ұтымды пайдалануды ынталандыру үшін заңнамалық негіз құрылды. Жаңа заңна­маның үлкен блогы азаматтардың жекелеген санатын қолдауға және тұрғындарды кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталды.

       Парламент Қазақстан қол қойған 35-тен астам халықаралық құжаттарды ратифика­ция­лады.

       Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының құқықтық негізі қаланды. Үш елдің Біртұтас экономикалық кеңістігін құруға жол ашатын Кеден кодексі және басқа заңнамалық кесімдер қабылданды. Бар­лық үш ел интеграцияның келесі кезе­ңіне – Біртұтас экономикалық кеңістікке өту жөніндегі заңнамалық базаны құрумен белсене жұмыс істеуде.

       Мен Сенат пен Мәжілістің депутат­та­ры­на индустриялық бағдарламаны жүзеге асы­руға мүмкіндік берген біздің рыногымызды кеңейту жөніндегі осынау маңызды құжаттармен сындарлы жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Біз өндіретін тауарлардың үлкен рыногы болуы тиіс – біз мұны сіздермен бірге құрудамыз.

       Құрметті депутаттар!

       Дағдарысқа қарсы бағдарламаның және дер уақытында қабылданған заң­дар­дың арқасында экономика өсу траек­тория­сына шықты. Бірінші жартыжыл­дықтың қорытындылары бойынша ІЖӨ 8 пайыздан астамға өсті. Өнеркәсіп өндірісі 11 пайызға, ауылшаруашылық өндірісі 3 пайыздан астамға ұлғайды. Өңдеу өнер­кә­сібіндегі өсу 18,3 пайызды, тау-кен өн­дірісінде – 6,3 пайызды құрады. Мәшине жасау, химия және тамақ өнеркәсібі са­ласында оң серпін байқалады. Үстіміздегі жылы тұтынушы сұранысы ұлғайды. Бөлшек сауда көлемі 13,1 пайызға өсті.

       Шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері өнім шығаруды 6,1 пайызға ұл­ғайт­ты. Елдің халықаралық резервтері 53 мил­лиард доллардан асып түсті. Бұл үстіміз­дегі жылдың басындағыға қарағанда 5,7 миллиард долларға көп. Кәсіпкерлерге қуатты мемлекеттік қолдау көрсетілді.

       “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дар­ламасы бастау алды. Банктерге қазірдің өзінде кәсіпкерлерден жалпы құны 225 миллиард теңге жаңа бизнес-бастамаларға қолдау білдіруге 517 өтінім келіп түсті.

       Бізде банк жүйесі тұрақтанды­рыл­ған­дықтан, олардың, соның ішінде БТА-банк­тің қарыздарын қайта құрылымдау аяқталып келеді. Біздің банктер қазіргіге қарағанда әлдеқайда белсенді түрде биз­несті несиелейді деп үміттенеміз. Оның үстіне банктерде өтімділік құралдары бар.

       Осы жылы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға республикалық бюджеттен 220 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жыл­дағыға қарағанда екі есе көп. Үстіміздегі жылы көктемгі егіс және орақ жұмыс­та­ры­на ғана тоқсан алты миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы жылы құрғақ­шылықтан және ыстық ауа райынан Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыста­рын­да дәнді дақылдардың бір бөлігі зардап шекті.

       Сіздер білесіздер, мен өзім елдің негізгі астықты өңірлерінде болдым және қатты мазасызданатындай себеп жоқ деп санаймын. Елде астық жеткілікті, біздің нанымыз болады және өткен жылғы астық қорын ескергенде, экспорттық әлеует былтырғы жылғы деңгейінде сақталады. Біз нан мен ұнға тұрақты ішкі бағаны ұстанатын боламыз.

       Өткен кезеңде 45,5 мыңнан астам үлескерлердің проблемалары шешілді. 355 нысанның құрылысы аяқталды. Мен сон­дай-ақ Үкіметке арам ниетті үй салушы­лар ұрлаған қаражатты қайтару үдерісін тездетуді және бұл жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырдым. Бұл мәселені шешу мемлекеттің тікелей міндеті емес, бұл біздің ізгі ниетіміз екенін тағы да атап көрсетемін.

       Жаһандық дағдарыс жағдайында мем­лекет қазақcтандықтар алдындағы өзінің әлеу­меттік міндеттемелерін толық көлем­де орындады. 2008-2010 жылдары бюд­жет­тік ұйымдарда зейнетақы мен жалақы мөл­шері орта есеппен 62 пайызға арт­ты­рылды.

       Үстіміздегі жылы еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары қабылданды. Индустриялық-инновация­лық жедел даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Қазақстанның Ин­дустрияландыру картасы аясында жалпы инвестиция көлемі 381 миллиард теңге болатын 72 жаңа өндіріс іске қосылды. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін тағы 72 нысанды іске қосу жоспарланған. 25 мың­нан астам жұмыс орындары ашылатын болады.

       Қазақстанның халықаралық экономи­ка­лық кеңістікпен интеграциялану үдерісі сапалық жаңа деңгейге шықты. 1 қаңтардан бастап Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтың Кеден одағы қызмет істей бастады. Бүгінде бірыңғай кеден тарифі және тарифтік емес реттеудің ор­тақ шаралары қолданылуда. Ішкі шека­раларда тауарларды кедендік қаттау алып тасталды. Кеден одағы арқасында қазақ­стандық өндірісшілер үшін рынок әлеуеті 10 еседен астамға, 170 миллион дерлік адамға өсті. Бұл біздің экономиканы әртараптандыру үшін маңызды ынталандырғыш.

       Құрметті депутаттар, 

       Үкімет мүшелері!

       Біз жаһандық дағдарыс толқынын ойдағыдай еңсердік. Бірақ бұл бізді жай­лан­дырмауға тиіс. Әлемдік экономика­дағы ахуал әрі-сәрі күйде қалып отыр. Толық мәнді қалпына келу әлі бола қой­ған жоқ. Бүгінде сарапшылар қауымдас­тығы дағдарыстың кезекті толқынының мүмкін екендігі туралы айтуда. Сондықтан да түрліше сценарийлерге әзір болу қажет. Шығындарды ұлғайтумен әуестенбей, мемлекеттік қаражатқа, әсіресе өңірлік деңгейде, мұқият болу керек.

       Парламент пен Үкіметке даму бағ­дарламасына бағытталған бюджеттік қара­жаттың ұтымды жұмсалуын бақылауға алу керек. Көптеген мәселелерді қаржылан­ды­руды ұлғайтпай-ақ шешуге болады. Мүмкін болған жерде мемлекеттік шы­ғын­дарды қысқарту керек. Бизнес-ахуал­ды жақсартып, мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту қажет.

       Осы сессияның барысында заң шы­ғармашылықтың басты міндеті – 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жос­па­рын құқықтық қамтамасыз ету. Заңна­малық жұмыстың мына бағыттарын белсенді ету қажет.

       Бірінші. Тексерілетін субъектілерге талаптарды бекітетін нормативтік құқық­тық кесімдерді қабылдау саласында мем­лекеттік органдардың рұқсат ету жүйесін жетілдіру, құзырлылығы туралы заң жобалары кейінге қалдырмастан қарауды талап етеді. Бизнеске әкімшілік салмақты азайтып, рұқсат ету ресімдерін, соның ішінде лицензиялауды, сертификаттау мен тіркеуді жеңілдету қажет. Банктер мен қаржы ұйымдарының қызметін тәуекел­дер­ді азайту бөлігінде реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн.

       Екінші. “Индустриялық саясат туралы” заң жобасын, “Ғылым туралы”, “Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы”, “Арнаулы экономикалық аймақтар туралы” заңдардың жаңа редакцияларын қарау керек.

       Шаруа (фермер) қожалықтарының қызметі туралы, электр энергетикасы са­ласында жұмыс істейтін ұйымдар туралы заңнамалық базаны жетілдіру қажет.

       Жобалық қаржыландыру және мем­лекет­тік-жеке әріптестік туралы заңды қа­былдаудың зор маңызы бар. Ол Жаңа қар­жылық бастаманы іске асыруға бағыт­талған. Сауда қызметін дамытуға бағыт­талған заң қабылдаған жөн. Мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті реттеу мен бақылаудың құқықтық база­сын жетілдіру қажет. Бұл заң жобалары­ның кейбіреулері қазірдің өзінде Пар­ла­ментке енгізілген. Үкіметке қалғандарын әзірлеуді жеделдетіп, оларды үстіміздегі жылдың аяғына дейін Мәжіліске енгізуді тапсырамын.

       Үшінші. Үкімет Жаңа халықаралық университеттің мәртебесі туралы заңның жобасын әзірледі және көп кешікпей сіздердің қарауларыңызға ұсынатын болады. Ол қазақстандық білім беру деңгейін көтеріп, инновациялық оқу бағдарламалары мен ғылыми жобаларды енгізуге тиіс.

       Парламентте мемлекеттік денсаулық сақтау кәсіпорындарын корпоративтік басқару элементтерін ендіру туралы заң жобасы жатыр. Оны қабылдау медици­на­лық мекемелердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтіп, пациенттер құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.

       “Халықтың көші-қоны туралы” және “Азаматтарды тұрғылықты жерлерінде тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңдардың жобаларын қабылдау керек.

       Төртінші. Сіздер білесіздер, екі апта бұрын мен құқық қорғау және сот жүйе­лерінің тиімділігін арттыру туралы Жар­лық шығарған болатынмын. Оның басты мақсаты – қылмыстық саясатты ізгілен­діру, криминалсыздандыру. Үкімет “Құ­қық қорғау қызметі туралы” және про­ку­ратура органдарының қызметін жетілдіру туралы заң жобаларын әзірлеуді аяқтап келеді. Олар таяу уақытта Парламентке енгізіледі.

       Ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысының құқықтық негізін күшейту қа­жет. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы әрекет жөніндегі заңнаманы қатаңдан­дырып, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізген жөн. Заңсыз жолмен алынған табыстарды жария етумен (тазартумен) және лаңкесшілдікті қаржыландырумен күрестің құқықтық нормаларын нығайту қажет.

       Тағы бір мәселе – қылмыстық жаза­лар­ды ізгілендіру. Зор қоғамдық қаупі жоқ қыл­мыстарды, әсіресе экономикалық са­ладағы қылмыстарды криминалсыздан­ды­руға бағытталған заң жобалары әзірленетін болады. Рейдерлікке сенімді құқықтық тосқауыл қойып, бизнесті тексеруші құрылымдардың қыспағынан заңнамалық тұрғыда құтқару қажет.

          Заң шығармашылықтың үлкен блогы қылмыстың алдын алумен, жазасын өтеген және әсіресе босатылатын адам­дардың әлеуметтік бейімделу және оңалту жүйелерін реформалаумен байланысты. Біз мұнымен әлі айналысқан жоқпыз. Басқа елдердің тәжірибелерін ескере отырып, бұл жұмыспен қажетінше айналысу керек.

         Бесінші. Зияткерлік меншік құ­қығы туралы біздің заңдарымызды халық­аралық стандарттарға сәйкес келтіру қа­жет. Азаматтар мен ұйымдардың құқықта­ры мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің маңызды құралы ретіндегі нотариат туралы заңнаманы жаңартқан жөн. Пар­ламентке сондай-ақ үстіміздегі жылдың бюджетіне өзгерістерді қабылдап, осы жылғы менің Жолдауымда қойылған міндеттерді ескере отырып қалыптас­тырылған 2011 жылға арналған елдің бюджетін бекіту керек болады.

       Құрметті депутаттар!

      Өздеріңіз білесіздер, 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ мемлекеттер басшыларының Саммиті болады. Астана Саммитінің жаһандық маңызы бар. Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға қатысушы елу бес елдің басшылары келеді. Біздің елімізге бүкіл әлемнің назары қадалатын болады!

         Мұндай деңгейдегі жаһандық форум­ды өткізу Қазақстанның әлемдегі беделін арттырып қана қоймайды. Ол елдің да­муына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін әлдеқайда нығайтады.

       Біз Саммитке әзірлік жөніндегі бар­лық мәселелерді шешетінімізге мен сенімдімін. Парламент те, Үкімет те, бар­лық мемлекеттік органдар да бұл жауап­кершілікті сезінуге тиіс. Біз оны жақсы деңгейде өткізуге тиіспіз. Біз бүкіл әлемге қонақжайлылығымызды, ашықтығымыз бен жауапкершілігімізді көрсететінімізге сенімдімін.

       Қымбатты қазақстандықтар!

       Құрметті қазақстандықтар!

       2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын атап өтетін болады.

       Екі онжылдық бұрын тұтас ғасырлар құшағына сыйғыза алмайтын сандаған нақты істер мен жеңістерді жинақтады.

       Алдағы мерейтой біздің Атажұрты­мыз­дың тағдыры қымбат адамдардың бәріне де қымбат.

       Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу  тек қана ресми шаралар емес.

       Оны лайықты қарсы алу – әрбір қазақстандықтың патриоттық парызы!

      Миллиондаған азаматтар өзінің азамат­тық белсенділігін танытып, жаңа индустриялық Қазақстанды тұрғызуға қатысу үшін ұмтылуы, іспен айналысып, елдің дамуында өз орнын тапқаны маңызды.

     Депутаттар жергілікті орындарда бол­ғанда осы бағытты ілгерілетіп, қазақ­стан­дықтар арасында тиісті түсінік жұмыс­тарын жүргізеді деп үміттенемін. Осы жылдарда не істелгенін және әлі не істеу­ге тура келетінін айту керек. Бүгінде өмір мен тағдыр – осының бәрі әр адамның қолында. Өзіңді осынау әлемде таныта біліп, елдің өркендеуі, өз отбасыңның өркендеуі үшін бәрін де істеу керек.

       Таяудағы уақытта жаңа ірі өндірістер, жолдар, әлеуметтік нысандар қатарға қо­сылады. Үкімет, жергілікті билік орган­дары тілек етушілердің барлығын жұмыс­пен қамтамасыз етуге, әсіресе жастардың мамандық алуына көмектесуге тиіс.

       Шағын істер туралы да – әрбір қала мен ауылдың, әрбір көше мен ауланың абаттандырылуы туралы да ұмытуға бол­майды. Әрбір елді мекен тазарақ, әдемі­рек, жақсырақ жабдықталған, тұрмыс, жұмыс және демалыс үшін қолайлырақ болуы тиіс.

       Нақ осы тұрғыда біз бүкіл келесі 2011 жылды “Тәуелсіздіктің 20 жылы” ұраны­мен өткізуге тиіспіз.

      Нақ осында миллиондаған азаматтар­дың ел мерейтойына әзірлікке патриоттық қатысуы көрінуге тиіс. Біздің Қазақстан Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына лайықты қадам басуы үшін бізге әлі көп нәрсе істеуге тура келеді.

       Құрметті отандастарым!

       Бүгінгі айтылған ойлар біздің ұрпақтың заман талабына сай болуына жағдай жасауға бағытталған.

       Иығымызға уақыт артқан жүк жеңіл емес.

      Жұлдызымыз оңынан туып, еліміз өркениет жолындағы ұлы көштен қалмай келеді.

       Талай ұлттың осы дүбірлі додада шаң қауып, тарих сахнасынан шығып қалғанын баршаңыз білесіздер.

       Оны біз ұмытпауымыз керек.

       Біз жан-жақты дамыған, еркіндікті, бейбіт өмірді дәріптейтін, өзге елдер өнеге тұтып, санасатын іргелі мемлекет құруымыз қажет. Біз бұл абыройлы істі атқарып та жатырмыз.

       Ендеше, еліміздің қарыштап өркендеуі үшін үлкен жауапкершілікпен аянбай жұмыс істеуіміз қажет.

egemen.kz

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30