Елбасының Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттердің іске асырылуын қадағалау үшін республика бойынша арнайы ақпараттық үгіт-насихат тобы жұмыс жасауда.
Ынталы топтар Павлодар облысының барлық аудандарын аралады. Осыған орай Баянауыл ауданына Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі департаментінің басшысы Асан Рахметов бастаған топ келді.
Асан Рахметовтың алғашқы сапары Шөптікөл ауылдық округінің ЦЭС ауылынан басталды. Ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген ол Елбасының Жолдауы бойынша жүзеге асырылып жатқан істерді баян етті. «Еліміздің алдағы дамуына арналған Елбасының Жолдауы негізгі 6 бөлімнен тұрады. Құжаттың «2010 Стратегиялық даму жоспарын орындау – еліміздің дамуындағы маңызды құбылыс» атты бірінші бөлімінде жоспарланған жұмыс өзінің оң нәтижесін беруде. Орташа еңбекақы көлемі 5 есеге, зейнетақының орташа көлемі 3 есеге дейін артты. Онжылдық аралығында 350 мың тұрғын баспаналы болған. Бұл шамамен 1,2 миллион адамды құрайды. 2009 жылы БҰҰ Баяндамасында Қазақстанның әр салада жеткен жетістіктерін ескеріп, даму қарқыны жоғары елдердің қатарына қосқанының өзі ауыз толтырарлық жетістік»,- деді Асан Амантұрдыұлы.
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс Қазақстанның даму қарқынын тоқтата алмады. Отандық шағын және орта бизнес те қолдаусыз қалмады. Елімізде жұмыссыздық саны өткен жылғымен салыстырғанда 0,9 пайызға төмендеп, 5,8 пайызды құраған. Мұндай көрсеткішке «Жол картасы» мен индустрияландыру бағдарламаларының негізінде ие болғанымыз анық. Сондай-ақ, 2010 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша инфляция деңгейі 4,4 пайызды құраған. Аталған ақпараттарды департамент басшысы А.Рахметов Шөптікөл және ЦЭС ауылдарының тұрғындарымен өткен кездесуде алға тартты. Департамент басшысы Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы да кең қамтылғанын мәлімдеді. «2014 жылға дейін отандық нарықтағы өнімнің 80 пайызы Қазақстанда өндірілуі тиіс. Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен жасалған Кедендік одақ да еліміздің қарқынды дамуына септігін тигізеді. Кедендік одақ республикалық бюджеттің кірісін 66 пайызға немесе 61 миллиард теңгеге өсіреді деген үміт басым»,- деді департамент басшысы.
Елбасы Жолдауында өз кезегінде еліміздің білім беру саласына ерекше көңіл бөлінген. Бұл ретте 2020 жылға дейін қалалық және ауылдық елдімекендердің барлық бүлдіршіндері мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамтылатын болады. Алдағы уақытта 307,8 мың орындық 3 358 мектепке дейінгі ұйымдар бой көтереді деп күтілуде. Ал жоғары оқу орындары болса әлемнің озық білім ордаларының қатарына ілігуі тиіс екенін аталып өтті Асан Амантұрдыұлы. Сонымен қатар алдағы уақытта дәрі-дәрмектің 50 пайызы өз елімізде өндірілуі керек және қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарды қамтитын «Салауатты Қазақстан» денсаулық саласын нығайтуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Мәртебелі мейман аталмыш бағдарлама тұрғындардың денсаулығын қалыпқа келтіруге көп мүмкіндік жасайтынын жеткізді.
2010 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша тұрғын үй құрылысына 136,6 миллиард теңге қаражат бөлінген. Республика бойынша 22 755 пәтер пайдалануға берілді. Оның 8690-ы жеке тұрғын үйлер. Елімізде 1 қаңтарға дейін 132 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отырғанын жеткізді департамент басшысы.
Алқалы жиынға қатысқан ауыл тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарын да бүгіп қалмады. Олардың сауалдарының басым бөлігі экологиялық аумақта орналасқан ауылдардың жағдайы туралы өрбіді. Сонымен қатар денсаулық сақтау және білім беру мәселелері бойынша да сұрақтар қойылып, тұрғындар жан-жақты жауаптар алды. Өз кезегінде олар Елбасына деген ризашылықтарын білдіріп, мәртебелі меймандарға алғыстарын жаудырды.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Баянауыл ауданы.
ҰСЫНЫСТАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ
Облыс орталығындағы М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің стратегиялық зерттеулер және талдау орталығының меңгерушісі Мақсат Мұқанов жиын өткізді.
Жиынға қаладағы білім беру саласының қызметкерлері шақырылды. Олардың алдында сөз алған ақпараттық-насихаттық жұмыс тобының мүшесі Мақсат Мұқанов Елбасының «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу–Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жүктелген міндеттердің іске асу барысы жөнінде сөз етті. Кездесуге келгендердің дені ұстаздар қауымы болғандықтан, астаналық мейман Жолдаудағы білім саласына қатысты мәселелер төңірегінде егжей-тегжейлі әңгімеледі.
-Әр елдің биіктен көрінуі – ондағы халықтың білім деңгейіне байланысты. Сондықтан да жас мемлекетіміздің жан-жақты дамуы үшін біздің елде білім беру жүйесіне, ұрпақ тәрбиесіне баса мән берілуде. Оған дәлел ретінде республикамыздың барлық аймақтарында ойдағыдай жүзеге асып жатқан мемлекеттік «Балапан» бағдарламасын атап айтуға болады. Аталмыш бағдарлама аясында еліміздің мыңдаған кішкентай бүлдіршіндері қуанышқа кенелді. Мұғалімдердің де еңбекақысы өсті. Сонымен қатар білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған жобасы қабылданбақ. Соңғы үш жылда мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде республика бойынша 600-ге тарта жаңа ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Міне, осының бәрі халық үшін жасалынып жатқан игі іс, - деді Мақсат Мұқанов. Сондай-ақ ол Қазақстан халқының басым бөлігі сауатты, білімді екенін, халықаралық пән олимпиадаларында бақ сынаған ұландарымыздың олжалы оралып, ел намысын абыроймен қорғап жүргенін атап өтті. Келелі кездесуде отандық білім беру жүйесіндегі қол жеткен жетістіктер мен еліміздің бүгінгі экономикалық жағдайы да әңгіме өзегіне айналды. Мақсат Мұқанов халықаралық ЮНЕСКО қоғамының пайымдауынша, Қазақстан Республикасы әлемдегі экономикасы тұрақты бес мықты мемлекеттің құрамына енетінін айтып, сол үшін ел ертеңінің нұрлы болатынына үлкен сеніммен қарау керектігін жеткізді.
Жиын соңында мұғалімдер Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің стратегиялық зерттеулер және талдау орталығының меңгерушісі Мақсат Мұқановқа білім саласына қатысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдап, ой-пікірлерін ортаға салды.
ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР- БАСТЫ НАЗАРДА
Елбасының Жолдауын тұрғындар арасында насихаттап, басты тұстарын түсіндіруді мақсат еткен республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері Май ауданында да болды. Аталмыш шара барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Әсел Нүсіпова, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Е.Рахимов, Павлодар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Х.Қашкенова ауданның үш ауылында тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында Вице-министр Жолдаудың бүгінгі күні жүзеге асып жатқанын, халыққа қажетті тұстарын кеңінен баяндап берді. Ал тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Т.Андасовтың айтуынша, үш елдімекенде ауылдықтар ауыл шаруашылығы саласын несиелеу бойынша жеңілдіктер жасау, жұмыспен қамту, әртүрлі әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу бағытында сұрақтар қойған. Сондай-ақ олар ядролық сынақ алаңына байланысты барлық ауылдарды бір деңгейге жатқызу жөнінде де өтініш білдірген. Жол жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның қызметкерлерге жалақыны екі айға кешіктіріп отырғаны да сөз болды. Тұрғындар кездесу барысында жас мамандарды жұмыспен қамту, тыл ардагері мәртебесін, атаулы әлеуметтік көмек алу құқықтары берілетін жағдайларды нақтылап алғанды жөн көрді. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері барлық сұрақтарға орнықты жауап берді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Май ауданы.
АУҚЫМДЫ АҚПАР БЕРІЛДІ
Лебяжі ауданына ҚР Қаржы министрлігінің жоспарлау департаменті директорының орынбасары Варвара Усипбекова, Павлодар облысының қаржы басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Сәкенов жетекшілік еткен ақпараттық-насихаттық сапармен келді. Кездесу ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауын насихаттауға арналды. Насихаттық жұмысқа сонымен қатар Лебяжі аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Серік Халемов басшылық еткен аудандық топ мүшелері қатысты. Ямышев, Лебяжі, Қазы және Қызылағаш ауылдық округтерінің тұрғындары Жолдау бойынша еңбекақы, зейнетақы төлемдері, республикалық «Балапан» бағдарламасы және «Қазақстан 2030» стратегиялық жоспары жөнінде толық ақпаратпен қамтамасыз етілді.
Айнұр НҰРАХМЕТОВА,
Лебяжі аудандық ішкі
саясат бөлімінің бас маманы.
МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР СӨЗ БОЛДЫ
Қашыр ауданының Калинов, Федоров, Вернен және Ивановка ауылдық округтеріне республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері жұмыс сапарымен барып қайтты. Кездесу ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын кеңінен насихаттауға арналды.
Республикалық ақпараттық-насихаттық топты ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Энергобақылау мемлекеттік комитетінің төрағасы В.Чирков бастап келді. Сондай-ақ топ құрамында Павлодар облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы С.Каменов, облыстық энергетика бақылау басқармасының бастығы М.Иванов және Қашыр ауданы әкімінің орынбасары Б.Шарапиденов болды.
Ауылдық округтердің тұрғындары ақпараттық топ мүшелеріне қызықтырған сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Жиын барысында Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Кеден одағы және бірыңғай экономикалық кеңістік туралы сөз болды.
Асия ЖҮНІСОВА,
Қашыр ауданы.
САЛАДА ЖАҢАРУЛАР МОЛ
Железинка ауданына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі стратегиялық даму департаментінің ведомствоаралық байланыстарды үйлестіру мониторингі басқармасының бастығы І.Бәкіров пен Павлодар қаласының №5 емханасының бас дәрігері А.Төребаевтардан бастаған ақпараттық-насихаттық топ ат басын тіреді. Аудандық ауруханада өткен кездесуге мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің басшылары және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты. Аудан әкімі Ж.Шұғаев жергілікті денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары оңға басқан қадамдар мен жаңарулар жайында хабардар етті. Сондай-ақ «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған жаңа аурухана құрылысы жайлы да сөз болды.
Жиналғандар алдында баяндама жасаған І.Бәкіров Елбасы Жолдауында басымдық берілген бағыттарға тоқталып, мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар туралы айта кетті. Ақпараттық-насихат тобының бұл сапары аудан аймағындағы Лесной, Уәлиханов ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
Мұса МҰХАМЕТ,
Железинка ауданы.

