Елбасының «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру бойынша «Айреник» Павлодар облыстық армян қоғамы» төрағасы К.Бадоян және облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы Д.Закарьянов Павлодар ауданы Маралды ауылында болды.
Ақпараттық-насихаттық топ мүшесі К.Бадоян әуелі өткен он жылдықта тындырылған ауқымды шаруаларға тоқталып өтті. Қазақстан мұнайды экспорттайтын ел екенін ескерсек, қаржылық дағдарыс бізді айналып өтпеді. Алайда, бұдан да аман шыққан мемлекетіміздің экономикасы нығая түсті. Бірқатар аймақта ірі кәсіпорындар жұмыс ауқымын кеңейтіп, жұмыссыздықты ауыздықтауға септігін тигізді. Мәселен, облыс орталығында электролиз зауытының екінші кезегі іске қосылып, онда Маралды ауылының қырық шақты тұрғыны жұмысқа тұрған. Ендігі кезекте индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру қарқын алуда. Ел Президенті 80 пайыз отандық өніммен қамтамасыз етілуіміз қажет деп тапсырды. К.Бадоян өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрену керектігіне де жеке тоқталып өтті. «Бұл біздің қазақ халқына деген құрметімізді көрсетеді» деді ол.
Ақпараттық-насихаттық топ ауданымыздың Жетекші, Жаңақала, Мичурин ауылдарында да болып қайтты.
С.ӘЛКЕНОВА.

