Ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жөніндегі штабтың отырысы өтті. Аталмыш жиынға мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары және мәслихаттар депутаттары қатысты.
Отырыста облыс ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасеновтің есебі тыңдалды. Басқарма бастығы өз сөзінде, биылғы жылғы құрғақшылық, Ресей, Украина елдерімен бидай және күнбағысты экспорттауға енгізілген тыйым, сондай-ақ қарақұмыққа деген сұраныс аймақтағы азық-түліктік бағалары деңгейіне әсер еткендігін тілге тиек етті. «Қазагромаркетинг» АҚ мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қыркүйек айындағы мәліметтерінше, жоғары және 1-сортты ұнның, күнбағыс майының, жемістер мен қарақұмық бағасының өскені байқалуда.
Бағаны тұрақтандыру үшін Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарына сәйкес, Павлодар облысында мемлекеттік ресурсқа астық сатып алу үшін квота көлемі қырық екі жарым мың тоннаға дейін жетті.
Бұдан басқа, штаб отырысында екі мың тоннадай жарма дақылдары мен 10 мың тоннаны құрайтын күнбағыс тұқымдарының облыстық қорын қалыптастыру жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ бөлшек сауда нысандарымен шекті мөлшерде рұқсат етілген сауда үстемақыларының сақталуына бақылау белгіленетін болады.
Аймақ басшысы былтырғы жылды есепке ала отыра, облысымызда астық қоры жеткілікті екенін атап өтті. Биыл астыққа деген жылдық қажеттілік 112 мың тонна көлемінде болса, жиналған астық қоры үш жүз мың тоннаны құрап отыр. Қазіргі уақытта өңіріміздің нан өндіру кәсіпорындары 5 мың тонна астық сатып алу үшін «Азық-түлік келіcімшарт корпорациясы» ҰК АҚ-на өтініш берген.
Штаб отырысында аталып өткендей, облыс басшылығы азық-түлікке деген бағаның себепсіз өсуіне жол бермеуді басты назарда ұстап отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

