Апта басында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда бірнеше маңызды мәселелер қаралды.
Алдымен аймақтың 2011 жылдан бастап 2015 жылға дейін дамуы жөнінде жасалған болжам талқыланды. Облыс экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Г.Давдрикованың мәлімдеуінше, алдағы төрт жылда өнеркәсіп саласы 4 пайызға, ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнімнің көлемі жылына 5,3 пайызға өседі деп күтілуде. Басқа салалар да одан әрі дами түседі. Баяндамашының айтуынша, жасалған болжамдар бүгінгі күнгі өсу қарқыны негізінде есептелген. Мәселен, қазір мұнай экспорты 68 пайызға ұлғайды. Алюминий өндірісі бойынша да толайым табыстар бар. Алайда 2015 жылға дейін инвестициялық салымдар азаюы мүмкін. Облыс әкімі қазірде индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жоспарланған жобалардың 2015 жылға дейін аяқталатыны түсінікті екенін, бірақ одан кейін қол қусырып қарап отыра беруге болмайды деген пікірін білдірді. Сондықтан болжам жасауда оптимистік көзқарас керек. Өз салалары бойынша 2011-2015 жылдар аралығында даму жөніндегі болжамдарды облыс кәсіпкерлік жәе өнеркәсіп басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасының бастықтары Қ.Шәбенов пен Б.Қасенов толықтырды. Баяндамашылар алдағы уақытта да мемлекеттік қолдаудың үлкен маңызға ие екендігіне тоқталды. Облыс әкімі төрт жыл ішінде еңбекақы мөлшерінің қаншалықты өсетініне қызығушылық білдірді. Бірақ бұған нақты жауап болған жоқ. Кәсіпорын басшылары жұмысшылардың маңдай тер ақысы оның еңбек өнімділігіне байланысты екенін жеткізді.
Мәжілісте бұдан кейін қоршаған ортаны қорғау мәселесі талқыланды. Облыс әкімі бұл тақырыптың осыдан екі апта бұрын облысымызға Үкімет басшысы К.Мәсімов келгенде көтерілгенін атады. Облыс табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы С.Бейсенқұлов аймақта арнайы бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шараларға бюджеттен қаржы бөлінуде. Екібастұз және Ақсу қалаларында, Шарбақты ауданына су және кәріз жүйелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ әлі де болса табиғи экологиялық жүйені сақтау мәселесі қиындық туғызуда. 2011-2014 жылдарға арналған «Жасыл Даму» атты республикалық бағдарламаға ұсынылған жалпы құны 5 млрд. теңгеге жуық жобалар қабылданбады. Олардың қатарында бірқатар қалалар мен аудандарда кәріздік жүйені қайта құру, Сабындыкөл мен Усолка өзенінің арнасын тазалау секілді мәселелер бар.
Баяндамашының айтуынша, табиғатты ластаушы кәсіпорындардың жүргізіп жатқан шаралары нәтижелі емес. Металлургия саласында шығарылатын қалдықтардың 25 пайызы біздің облыстың үлесіне тиеді. Павлодар облысы онкологиялық аурулар көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Арнайы мекеменің сынақ нәтижелері ауада формальдегид, күкірт сутегі, аммиак және азот диоксиді секілді зиянды құрамдар шектен тыс көлемде артып кеткеніне көз жетіп отыр. Бүгінде облыс аумағында 5 млрд. тоннадан астам өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жою немесе өңдеу мәселесі шешілмеген.
Бүгінде облыста 3,5 мыңнан астам табиғат падаланушы нысан бар. Жүргізілген тексерулердің барлығында дерлік заң бұзушылық анықталып, небары 15 млн. теңгенің айыппұлы салынған. Соның өзін құзырлы мекеме толық өндіріп алуға шамасы жетпеген. Енді келер жылға республикалық қаражат есебінен атқарылатын шаралар да жеткіліксіз. Мұржаларынан түтін будақтаған бір ғана Ақсу қаласында ауа құрамын зерттейтін арнайы құрылғылардың жоқтығы баяғыдан айтылып келеді. Бірақ олқылықтың орны таяуда толтырылатын түрі жоқ. Табиғат пайдаланушылардың да ешқандай басқармадан именетін түрі жоқ. Департамент бастығының міндетін атқарушы Болатбек Қасеновке мекеменің заң бойынша қандай күшке ие екендігін қайтадан зерделеу тапсырылды. Мәселе бір айдан соң қайта қаралатын болды.
Бұдан соң облыс әкімі аймақтағы энергия үнемдеудің кешенді шараларын орындау жөніндегі облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығы С.Кәменовтің есебін тыңдады. Баяндамашы бюджеттік мекемелерде, өнеркәсіп орындарында шығындарды азайту жөнінде шаралар жүріп жатқанын жеткізді. Бір ғана «Павлодар жылу желілері» кәсіпорнында белгіленген мөлшерден тыс ысырап 11,7 пайызға төмендеген. Бүгінде бюджеттік мекемелер мен ұйымдарда кәдімгі қыздырғыш шамдардың орнына энергия үнемдейтін шамдар орнатылуда.
ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Павлодар облысы бойынша басқармасының бастығы Қ.Төлендинов өткен жылдан бастап енгізілген сараланған тарифтердің нәтижесі байқалып отырғанын мәлімдеді. Облыс әкімі энергия үнемдеу бағытындағы істерді одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

