ТҮЙТКІЛДЕРДІҢ ТҮЙІНІ БІРЛЕСЕ ШЕШІЛМЕК

 

Облыс әкімдігінде

Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Успен ауданының даму мүмкіндіктері мен маңызды мәселелерін талқылауға арналған мәжіліс өткізді. Оған облыстық басқармалардың басшылары мен Успен ауданына қарасты ауылдық округтердің әкімдері шақырылды.

Аталмыш жиында аудан әкімі Нұрлан Әутәліповтің есебі тыңдалып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс барысы баяндалды.

 

Алдағы үш жылда ауданды дамытудың басты басымдықтарына тоқталған Нұрлан Әутәліпов шағын елдімекендерді ұстап тұру үшін тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын барынша жақсарта түсу, халық санын өсіру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, агротехникаларды жаңарту, шаруа қожалықтарына қолдау көрсету және ауданды гүлдендіру бойынша жұмыстар қолға алынатынын, бұл мақсатта арнайы бағдарлама жасалғанын баяндады. Бағдарлама бойынша келешекте ауданда ірі шаруа қожалықтары, жергілікті бюджет пен банктердің қаржыландыруы есебінен 12 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны ашылып, жұмыссыздар қатарын азайтуға ықпал ететін болады. Жалпы, 2013 жылға дейін ауданда шамамен 900 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар мал жайылымын кеңейтіп, қара мал санын өсіру ісі де қолға алынбақ. Нәтижесінде, ет, сүт өнімдері көбейіп, аудан экомомикасының алға басуына игі әсерін тигізеді деп күтілуде.

Успен өңірі аймағымыздағы астықты аудандардың бірі болғандықтан, 2013 жылға дейін егістік алқаптарын құнарландырып, астық өнімдерінің түсімін қазіргідегіден 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері де назарға алынуда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Б.Сағынтаевтың Успен ауданына жасаған жұмыс сапарында бір топ шаруа қожалықтарының басшылары күнбағыс дәнін сатып қана қоймай, оны өңдейтін өндіріс ашуға қомақты қаржы қажеттігі қолбайлау болып тұрғанын жеткізген болатын. Өз есебінде Нұрлан Әутәліпов аталған мәселе оң шешімін тапқанын айтып, бүгінде май өңдеу өндірісін жүзеге асыру үшін келісімшартқа отырған тараптардың құжаттары ресімделіп жатқанын мәлімдеді.

Облыс әкіміне аудан тұрғындары мал азығының қымбат екеніне қарамастан, сүттің бір литрін 30 теңгеден тапсыратынын айтып, мұңдарын шаққан болатын. Қазір бұл мәселені шешу мақсатында сүт құрамын, яғни оның қаншалықты құнарлы, майлы екендігін анықтайтын арнайы құрылғы алынып, тапсырылатын сүт сапасына қарай бағаланып жатқаны сөз болды. Аймақ басшысы мұндай құрылғының барлық шаруа қожалықтарында болуын тапсырды. Ол аудан әкімінің есебіне көңілі толмайтынын айтып, ондағы бірқатар мәселелерді сынға алды. «Успен бұрыннан-ақ экономикалық деңгейі жоғары, болашағы зор аудандардың қатарында болатын. Ал аудандар арасындағы даму көрсеткіші бойынша бүгінгі күні бұл өңір облыста 10-шы, республикада 137-ші орында тұр. Сол үшін құр сөзден гөрі нақты іске көшетін уақыт жетті. Әсіресе, шаруа қожалықтарымен жақсы жұмыс жасап, қолдау көрсету керек. Ауданда инвестиция болмайынша, даму да болмайды. Бұл сын өзге аудандарға да қатысты»,-деді Бақытжан Сағынтаев.

Алқалы жиында бірқатар облыстық басқарма басшылары сөз алып, өз салалары бойынша ауданда атқарылған және атқарылуы тиіс мәселелер жайын баяндады. Облыс ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасенов ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейін анықтауға байланысты өткен рейтинг бойынша Успен былтыр 2-ші орында болса, биыл 6-шы орынға түскенін айтып, ауданда шешімін таппаған мәселелердің баршылық екенін алға тартты. Бұдан соң облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Ардақ Күзеков баяндама жасады. Өз сөзінде ол Успен ауданында бала туу көрсеткіші өте төмен, ал кісі өлімі жоғары екенін айтып, осы мәселемен күресу мақсатында шаралар қолға алынып жатқанын баяндады. Атап өтерлігі, аудан тұрғындарының көбі жүрек ауруларымен ауырады. Осы сырқаттан өткен жылы 25 адам, биылғы жыл басынан бері 9 адам көз жұмған. Тұрғындардың денсаулығын жақсартып, сапалы медициналық қызмет көрсету үшін облыс орталығындағы ауруханалардың білікті мамандары ауданға барып, жергілікті мамандармен тәжірибе алмасып тұрады. Сондай-ақ үстіміздегі жылы ауданға жаңадан 2 дәрігер мен 5 медбике қызметке келген. Елдімекендердегі медициналық пункттер жанынан дәріханалар ашу ісі де оңтайлы шешілуде.

Облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова Успен ауданында барлығы 27 білім ошағы бар екенін, алайда жыл сайын оқушылар санының азайып бара жатқанын сөз етті. Ең бастысы, ауданда оқушылардың талапқа сай білім алуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, небары 5-6 бала оқитын ауылдарда да мектеп жұмыс істеп тұр. Үстіміздегі оқу жылы успендік түлектер ҰБТ-дан 81,45 балл алған. Бұл - ауыл балалары үшін тәуір көрсеткіш. Білім ошақтарындағы материалдық-техникалық жағдай да жаман емес. Дегенмен де, ескі компьютерлер ауыстыруды қажет етеді. Сондай-ақ ауданда бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту ісі де шешімін табуда. Қазір көптеген елдімекендерде шағын орталықтар ашылған. Келер жылы тағы да екі шағын орталық ашылады деп жоспарлануда.

Отырыста ауданның мәдениет саласы да әңгіме болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған облыс мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Бақытжамал Мұқашева ауданға қарасты бірқатар елдімекендердегі мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет ететінін және олардың материалдық базасы өте нашар екенін жеткізді. Тіпті, мәдени шараларға қажетті костюмдер де тапшы. Жиында ауылдардағы мәдениет үйлері мен кітапхана қызметкерлерінің 0,5 ставкада еңбек етіп отырғаны да сөз болды. Ауданның өзге де салалары жан-жақты талқыланып, басқарма басшыларына міндеттер жүктелді.

Отырысты қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев: «Успен ауданындағы мәдениет үйінің мәселесін бірлесе шешеміз. Келесі жылы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған іс шаралар оңтайлы ғимаратта өтуі тиіс. Денсаулық саласына келсек, дәріханалары жоқ елдімекендерге көшпелі дәріханалар шығып, тұрғындар қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылатын болады. Ауданда ауызсу мәселесі де шешіледі. Ендігі кезекте, ауылды көріктендіру, мектеп, балабақша маңына тал егу жұмыстарын қолға алу қажет», - деді. Сонымен қатар аймақ басшысы аудан мен ауыл әкімдері әлі де өз жұмыстарын ширату қажеттігін қадап айтты.

Нұржайна ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 27 28 29 30 31