Өткен сенбі күні Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразиялық университетінде электр энергетикасы және жылу энергетикасы, биотехнология мамандықтары бойынша түлектерге диплом тапсыру рәсімі болып өтті. Сондай-ақ университеттің бір топ дарынды жастарына республика бойынша тұңғыш рет жаңғыртылмалы энергия саласындағы ғылым магистрі дипломдары мен еуропа елдерінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сертификаттар тапсырылды.
Игі шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова және аталмыш жоғары оқу орнының оқытушылары, студенттер мен ата-аналар қауымы қатысты. Қонақтар алдымен университеттің зертханаларында болып, жас ғалымдардың еңбектерімен таныс болды.
Шара барысында жас ұрпақтың жан-жақты білім алуына қолдау көрсетіп, өндірісті өлкеміздің дамуына өзіндік үлес қосқаны үшін аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевқа ИнЕУ-дің ұжымы атынан «Құрметті профессор» дипломы тапсырылды.
Жаңа өмірге жолдама алған жас мамандарды облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтап, электр энергетикасы мамандығын тәмамдаған магистратураның үздік түлектеріне салтанатты түрде диплом табыс етті. Атап өтерлігі, бұл магистранттардың барлығы - ғылым саласына қосқан қомақты үлестері бар білікті мамандар. Олардың арасында әлемнің бірқатар дамыған елдеріндегі әйгілі университеттерде тәжірибеден өтіп, өз білімдерін тереңдетіп келген түлектер де баршылық. Мәселен, Ринат Ярулин Афины технологиялық институтында тәжірибеден өтіп, күн сәулесінің қуатымен жұмыс істейтін батарея құрастырса, Расул Әлназаров Қазақстан Республикасы инженер-энергетиктерінің «Шеврон» одағының жас ғалымдар арасында ұйымдастырған энергияны үнемдеу және энергияның баламалы көздері жөніндегі жобалардың екінші республикалық дипломанты атанған, ал Ернар Хасенов Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің энергетикалық қадағалау комитетінде Аумақтық органдар жұмысын үйлестіру басқармасының сарапшысы ретінде жұмысқа орналасуға жолдама алған. Қысқасы, үздік диплом иегері атанған әр түлектің өзіндік жетістіктері бар.
Бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Асқар Камербаев та қияңға қанат қаққан түлектерге ізгі тілегін білдіріп, егемен еліміздің көркеюі үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Бұдан соң шараға жиналғандар назарына Инновациялық Еуразиялық университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістіктері жайлы бейнекөрсетілім ұсынылды.
Университет халықаралық институционалды аккредиттеуден, мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтіп, еуропалық деңгейдегі жаңа магистрлік бағдарламалар бойынша Темпус халықаралық білім беру консорциумының толық құқылы серіктесі болуға мүмкіндік алған. Қабырғасы қаланғаннан бері он бір мыңнан астам маман даярлап шығарған университет қазіргі таңда еліміздегі бетке ұстар әрі халықаралық стандарттарға сай жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Мұнда отандық және шет елдік ғалымдар жұмыс істеп, білікті кадрлар даярлауға өз үлестерін қосуда.
Осындай белгілі де беделді оқу орнын тәмамдап, ерекше үлгідегі диплом алған түлектер қуанышы шексіз. Олардың ендігі мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі үшін елеулі еңбек ету.
Нұржайна ШОДЫР.

