БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

eКелер жылдан бастап мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алуда көптеген жаңа мүмкіндіктер пайда болмақ. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы мен еліміздің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық Агенттігі бірлесіп баспана салу мен оны жинақтар арқылы сату бағдарламасының жаңа сызбасын әзірледі. Үш жыл мерзімді қамтиын жаңа бағдарлама Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес жүзеге асырылады.

 

Осы аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқармасының төрайымы Нұрбибі Наурызбаева аталған бағдарламаны біздің өңірде жүзеге асыруға байланысты өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Баспана – облыс тұрғындарының көпшілігі үшін бас ауыртатын өткір мәселе. Бүгінде тек қана Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға үміттілер тізімінде 6 мыңнан астам адам тіркелген. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстағы филиалында тоғыз мыңнан астам салымшы үй сатып алу үшін қаражат жинауда. Республика бойынша баспанаға қолы жетпей жүргендер қатары аз емес. Әсіресе, табысы отбасын асыраудан артылмайтын мемлекеттік және бюджет қызметкерлері, басқа да жанұялар үшін ипотекалық несие арқылы пәтер алу - қиын жағдай. Осы мәселелерді ескерген еліміздің тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен жоғарыда аталған агенттік алдағы жылдан жаңа жобаның бағын сынап көрмек.

Жаңа бағдарлама бойынша аталған банк пен жергілікті атқарушы билік республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатқа үй салу жөніндегі келісімге отырады. Құрылыс мерзімі, оның әрбір шаршы метріне тағайындалатын баға онда анық көрсетіледі. Құрылысты салу атқарушы билікке жүктелсе, оны сатып алушылардың әлеуетті тобын қалыптастыру, тарату мәселесіне банк жауаптанады.

Облыс әкімі жаңа жоба біздің өңір тұрғындары үшін мол мүмкіндіктер алып келетінін атап өтті. «Мемлекеттік бағдарлама аясында 2008-2010 жылдар аралығында аталған банк біздің облысқа 1,8 миллиард теңге бөлді. Павлодар облысында тұрғын үй құрылысы жедел дамып келеді әрі баспаналардың көбісі мерзімінен бұрын тапсырылады. Биыл жыл соңына дейін облыс тұрғындарының игілігіне 360 пәтер пайдалануға беріледі. Жүз сегіз пәтер соғыс ардагерлеріне таратылады. Тұрғын үй тұрғызуды шаршы метр бойынша есепке алғанда біздің облыс биылғы жоспардағыдан екі есе асып түседі. Жаңа бағдарлама бойынша келер жылы ел қазынасынан біздің облысқа бөлінетін 856 миллион теңге аздық етуі де мүмкін. Сондықтан, мүмкіндік болса, аталған қаражат көлемін ұлғайтуды қарастыруды сұраймын», деді аймақ басшысы.

Н.Наурызбаеваның айтуына қарағанда, банктің Павлодар облысындағы филиалы салымшылардың саны жөнінен еліміз бойынша бесінші орында тұр. Бағдарлама арқылы көптеген тұрғындар пәтерлі болуда. Алдағы уақытта жаңа жоба өңірде сәтті жүзеге асатынына сенім мол. Бүгінде біздің облыста жаңадан тұрғызылатын ипотекалық үйдің орны белгіленіп қойылды. Енді жергілікті филиал өз клиенттері арасынан әлеуетті төлеушілерді анықтауға кіріседі. Банктің басқарма төрайымы бағдарламаға жаңа салымшылар да қатыса алатындығын, дегенмен бірінші кезекте ақша жинақтауды ертерек бастаған азаматтар артықшылыққа ие екендігін айтты.

Екі жақты меморандумға қол қою сәтінде облыс әкімі банк филиалы тұрғындар құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын көпке созбаса деген тілек танытты. Үй алуға өтініш білдіргендер әртүрлі жағдаймен кедергілерге кездесіп жатады. Мәселеге банк басқармасы айрықша көңіл бөлуі керек. Біздің облыстағы құрылыс фирмалары құрылысты тез әрі сапалы аяқтап шығады. Соған орай біз несие бөлетін банктен жедел әрекет күтеміз, деді Б.Сағынтаев.

Облыс әкімінің сөз еткен мәселелері алдағы уақытта ескерілетінін айта келе Н.Наурызбаева, ендігі үш жылда облысқа 2 миллиард 147 миллион теңге қаражат бағытталатынын, оған небәрі 400 пәтер тұрғызылатынын жеткізді. Бұл өңірдегі баспана мәселесінің күрмеуін толық шешуге әрине жеткіліксіз. Сондықтан келешекте республикалық қазынадан облыстың тұрғын үй құрылысына бөлінетін трансферттерді ұлғайтуға атсалысамыз, деп уәде берді.

 

Мұрат АЯҒАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 28
29 30