Кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өңірдегі бірқатар мәдениет қайраткерлері мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерін және ағымдағы жылдың қараша айында Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жүлдегер атанған жергілікті спортшыларды қабылдап, гранттар табыс етті.
Өңірде жемісті жұмыс атқарып жатқан барлық этно-мәдени бірлестіктердің басшылары облыс әкімінің грантына ие болды. Салтанатты жиын барысында Бақытжан Әбдірұлы: «Павлодар облысы күн санап көркейіп, сұлулығы артып келеді. Мұның бәрі - өңірдегі тұрғындардың арқасында жүзеге асқан игіліктер. Ағымдағы жылдың 1-2 желтоқсан күндері ел ордасы Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті ел мерейін асқақтатты. Мұндай ауқымды шараның біздің мемлекетте өтуіне әрбір қазақстандық ықпал етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізді мекендейтін ұлттардың достығы - берік, іргесі - бүтін. Республика бойынша Павлодар облысы көпұлтты аймақтардың бірі саналады. Сондықтан әрқашан тізе қосып еңбек еткеніміз жөн»,- деді өз сөзінде. Бірлестік басшыларын құттықтаған аймақ басшысы келер жылы да орталықтардың жұмысын жандандыруға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді. Б.Әбдірұлы, сонымен қатар, бірлестіктерге қажетті музыкалық құралдарды сатып алуға көмектесетінін алға тартты.
Одан кейін облыс әкімі мәдениет саласының майталмандарын марапаттады. Мұндай айрықша қуанышқа бөленгендердің қатарында айтыскер ақын, республикалық, халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы Алмагүл Жүгінісова да бар. «Облыс әкімі өңірлік өнерді өгейсітпей, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Бұл - нағыз басшыға тән қасиет. Мәдениет саласында жұмыс атқарып жүрген өнерпаздарға көрсетілген қошемет туған жерге, елге деген құрметпен тең», - дейді Алмагүл Бауыржанқызы.
- Биылғы жылы облысымызда көптеген мәдениет нысандары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа орталықтар ашылды. Атап айтар болсақ, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры күрделі жөндеуден өтті. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет ошақтарына жасалатын игі бастамалар келесі жылы да жалғасын табады. Алла қаласа, алдағы уақытта А.Чехов атындағы орыс драма театрына жөндеу жұмыстары жасалатын болады - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Мәдениет саласының өкілдері «Музыка өнері», «Театр өнері», «Сурет өнері», «Ұлттық өнер», «Суырып салма ақын», «Әдебиет және поэзия» аталымдары бойынша марапатталды. Облыс әкімінің грантына үміткер мәдениет саласының өкілдерін іріктеу жүйесі жайлы А.Чехов атындағы орыс драма театрының директоры В.Аввакумов баяндады. «Жыл сайын ұйымдастырылатын шара биыл да жалғасын тапты. Конкурс барысында өнерлерімен ерекшеленген шын жүйріктерді таңдап алдық. Облыс әкімінің грантына ие болғандарға 300 мың теңгеден сыйақы бұйырды. Үздіктерді анықтау үшін арнайы қазылар алқасы жұмыс істеді»,-деді ол.
Гуанчжоу қаласында өткен ХVI жазғы Азия ойындарында алтыннан алқа таққан Мадина Мұқанова мен Марина Петракова және 25 метрлік қашықтықтан мылтық атудан ұлттық құрама сапында жеңімпаз атанған Юлия Дришлюк облыс әкімінің Құрмет грамотасына және 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар мықты спортшыларды дайындауда белсенділік танытып жүрген жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген бапкері Виктор Кольев, мылтық атудан білікті жаттықтырушы Сергей Дрешер, көркем гимнастикадан бапкерлер Наталья Мамашева мен Елена Белус, жузуден Евгений Заречнев және волейболдан Светлана Котова аймақ басшысының сый-сияпатына ие болды. Азия ойындарының жеңімпазы Мадина Мұқанова облыс әкіміне естелік ретінде барша спортшылардың атынан кәдесый тарту етті.
Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, аймақ басшысына өз алғыстарын білдірді. Облыс белсенділеріне көрсетілген құрмет жыл сайын дәстүрлі түрде жалғаса береді, - деді аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев.
Фархат ӘМІРЕНОВ.


