Жақында облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова біздің өңірге іссапармен келген Ресей Федерациясына қарасты Алтай өлкесі Благовещенск ауданы Байғамұт ауылындағы қазақ ұлттық орта мектебінің директоры Сапарбек Маусымбаевты қабылдады.
Кездесу барысында Сапарбек Шайхымұлы Алтай өлкесінде тұратын қазақтардың тыныс-тіршілігі мен Байғамұт ауылындағы қазақ ұлттық орта мектебінің жағдайы жайында сөз етті. Оның айтуынша, ресейлік қазақтар береке-бірлікте, бай-қуатты күн кешуде. Ал небары жиырма ғана қазақ баласы білім алатын ұлттық мектептің де жағдайы ойдағыдай.
Алтайлық ағайындар шетте жүрсе де, атамекенінің амандығын тілеп, қол жеткен жетістіктерін теледидар арқылы тамашалап отырады екен. Мәселен, биыл желтоқсанның 1-2 жұлдызы аралығында Астана қаласында өткен Саммитті мектеп оқушыларының да көруі үшін С.Маусымбаев үйіне кабельді желі тартқызып, балаларды тәуелсіз Қазақстанның үлкен деңгейге жеткенінен хабардар етіпті. «Қазақстан - ата-бабамыздың қасиетті мекені. Оның күн сайын дамып, өсіп-өркендеп келе жатқанын біздің балаларымыз да көріп, білгендері жөн. Мұндағы барлық жақсылықтарды көгілдір экран арқылы естіп, газеттен оқып, қуанып отырамыз. Екі ел арасында мызғымас достық қарым-қатынас орнаған. Соның арқасында біз Қазақстанға еркін келіп-кетіп, өнеркәсіп, білім, мәдениет салалары бойынша қоян-қолтық жұмыс жасаудамыз. Осындай мүмкіндік туғызған Елбасыларыңызға рахмет», - деді өз сөзінде С.Маусымбаев.
Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова облыс тұрғындарының атынан Ресейдегі қазақ ұлттық мектебіне жаңа жылдық сыйлық ретінде компьютер сыйға тартты. Сондай-ақ шеттегі қазақ мектебінің қара домалақтарына арнап Елбасымыз бен егемен еліміздің жетістіктерінен сыр шертетін құнды кітаптар табыс етті.
Кездесу соңында Сапарбек Шайхымұлы бұған дейін де аймақ басшысының атынан талай сый-сияпаттарға ие болғанын айтып, Байғамұттағы қазақ мектебінің ұжымы атынан шексіз алғыс білдірді.
Нұржайна ШОДЫР.


