КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ТӨРТ МӘСЕЛЕ

 

 

     Кеше облыстық әкімдікте аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті. Мұнда бүгінгі күннің ең өзекті деген төрт мәселесі талқыланды.

    «Қолдарын мезгілінен кеш сермеп...»
    Алдымен, осыдан тура бір айдай уақыт бұрын дүйім жұртты дүрліктіріп, екі адамның өмірін жалмаған «сібір жарасының» салдары, жергілікті атқарушы органдардың оқыс оқиғадан кейінгі мал шаруашылығы бойынша аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы іс-әрекеттері сөз болды. Естеріңізде болса, індет тіркелген күннің ертеңінде аймақ басшысы аса қауіпті дертті ауыздықтау, салдарын жою және себептерін анықтау үшін арнайы штаб құрған болатын. Алқалы жиында осы штаб бастығы, облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Вербняк тиісті органдардың атқарған жұмыстарын ортаға салды.
    Арнайы штаб сібір жарасының таралу себептерін білу бағытында жүргізген тексерулері кезінде бірқатар олқылықтарды анықтаған. Мәселен, ауруға шалдыққан малдың иесі ветеринар дәрігердің рұқсатынсыз бір жылдық тананың сырқатына көз жұма қарап, сойып, етін сатып жіберген. Нәтижесінде дертті жеті адам жұқтырған. Мал сойған азамат және оның жұбайы ажал құшты. Қалған бесеуі бүгінде аурудан айығып, отбасыларына оралды. Тексеру барысында мәлім болғандай, көз жұмған қасапшы бұған дейін жылқы сойғанын мойындаған. Жедел әрекет нәтижесінде жылқының еті Павлодар қаласындағы «Манақбай» базарына жеткізілгені анықталды. Артынша ол ет «Павлодар нан-тоқаш комбинаты» ЖШС-нің дүкеніне төмен бағамен өткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы А.Күзековтің айтуынша, байланыста болды деген Павлодар және Ақсу қалаларының жүзден астам тұрғыны дәрігерлердің бақылауына алынып, күніне екі реттен тексеруден өткен. Абырой болғанда олар дерттен дін аман.
      Мамандардың айтуынша, дертке қарсы вакцинацияның кеш жасалуы індеттің орын алуына себеп болған. Өйткені көктемде мал жайылымға шықпай тұрып екпе жұмыстары жүргізілуі қажет болған. Тиісті талаптарға сай қажетті вакцина облысқа бірінші наурызға дейін жеткізілуі керек еді. Алайда ол тек 15 мамырда келген. Осылайша, жергілікті ветеринарлар «қолдарын мезгілінен кеш сермеді». Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев вакцинаның кешігуін біле тұрып, дабыл қақпаған ауыл шаруашылығы мамандарының әрекетін сынға алды. Сонымен қатар вакцинация өткен жылы қыркүйек айында жасалған болса, ол кем дегенде он екі айға жетуі тиіс екен. Демек, ауруға шалдыққан мал күзде тиісті екпе алмаған. Аймақ басшысы облыстық ішкі істер департаменті мамандарына малға тиісті вакцина жасалмаса, қаржының қайда жұмсалғанын анықтауды қатаң түрде тапсырды. Бүгінде салғырттық танытқан азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.
      Үкіметтің қаулысымен биылдан бастап ветеринарлық қызмет құзыры жергілікті атқарушы органға берілген көрінеді. Ал ауыл шаруашылығында өткізілуі тиіс іс-шаралар жоспары еліміздің Ауылшаруашылығы министрлігінде жасалған. Оны жүзеге асыруға аймаққа республикалық бюджеттен 170,5 миллион теңге бөлінген. Алайда ветеринарлық мамандар тапшылығы байқалып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасеновтің айтуына қарағанда, аймақта 55 ветеринар маманның орны бос тұр. Ақсу ауылдық аймақтары мен Ертіс, Успенка аудандарында мамандармен қамту сексен пайыздан астам болса, Екібастұз ауылдық аймақтарында, Май және Ақтоғай аудандарында бұл көрсеткіш елуге де жетпейді. Сонымен қатар отырыста мәлім болғандай, ауыл шаруашылығында қасапхана салуға арналған қаржы бар, бірақ оны игеруге ниетті жандар некен-саяқ. Мұны мамандар ауылдықтардың мұндай мүмкіндіктің барынан бейхабар болуымен байланыстырып отыр. Несие төрт жылға 9,5 пайызбен беріледі. Облыс әкімі қолда бар қаржыны игеруде баяулық танытып отырған бірқатар аудан әкімдерін сынға алды. Мәселен, Ақсуда ауылдық елдімекендерді қасапханамен қамтамасыз ету көрсеткіші небәрі 54 пайызды құрайды. Ал қала әкімі О.Қайыргелдинов қажетті қасапханаларды салуды енді жоспарлап жатқандарын жеткізді. Б.Сағынтаев адам өліміне әкелген оқыс оқиға тіркелген аудан алдымен осы олқылықты жоюға кіріспей, жайбарақаттық танытуын сынады. Мұнда әлі бес бірдей қасапхана іске қосу қажет. Кейбір аудандар несиеге бірлі-екілі өтініш білдірсе, енді бірі мүлдем қызығушылық танытпаған. Облыста әлі 132 қасапхана салу қажет. Бүгінде аймақта 216 мал жемтігін көметін орын бар. Бұл жалпы қажеттіліктің 54 пайызын қанағаттандырады.
     Облыс әкімінің арнайы шақыруымен кеңейтілген отырысқа ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сақташ Хасенов қатысты. Ол жаға ұстатқан жағдайға қатысты өзінің пікірін айтып, кәсіби кеңесін жеткізді
- Павлодар облысында орын алған оқиғадан кейін еліміздің барлық аймақтарында мамандар етек-жеңдерін жия бастады. Шыны керек, осындағы мәселелер әрбір облысқа тән. Біз де жедел кеңес өткіздік. Олқылыққа жол берген бірқатар лауазым иелері жылы орындарымен қош айтысты, деді өз сөзінде С.Хасенов. Ол елде қасапханалардың қатарын арттыру қажеттігін сөз етті. Індеттің басталуына тағы бір себеп – мал басының нақты саннан әлдеқайда көп болуы. Яғни тұрғындар әртүрлі себеппен қорадағы малының біразын жасырып қалуға «шебер». Сондықтан Астанадан келген маман санақ жүргізу тәсілін тұрғындардан ауызша сұраудан гөрі өзге бір тиімді жолға көшу қажет деген ойда. Аймағымызда құрылған арнайы штабтың жұмысына оң баға бере келе, С.Хасенов ден қойса, кез келген мәселенің шешімін тауып, оқыс оқиғаның алдын алуға болатынын айтты.
    Тексеру кезінде орын алған кемшіліктерді ескере отырып, облыс әкімі Бақытжан Әбдірұлы бірқатар органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап өтер болсақ, әрбір қалалар мен аудан әкімдеріне ағымдағы жылдың бірінші қазанына дейін қажетті мамандармен 100 пайыз қамтамасыз етуді, сонымен қатар статистика департаментімен бірге бірінші қыркүйекке дейін мал басының нақты санын шығаруды тапсырды. Бірінші қарашаға дейін аймақта қажетті қасапханалар толығымен іске қосылуы тиіс. Санитарлық талаптарды қатаң бақылауда ұстауды, сондай-ақ мал жемтігін көметін орындарды ұстап тұруды қаржыландыруға мән беруді жүктеді. Бұл жұмыс тамыз айының басында аяқталуы тиіс. Ауылшаруашылығы мамандарына 15 тамызға дейін сібір жарасы бойынша эпизод жағдайды анықтап, қажетті жерлерде қоршаулар жасауды, ауылдық елдімекендерде ветеринарлық алдын алуға қатысты шаралардың талапқа сай болуын қадағалауды, аймақты аса қауіпті ауруларға қатысты арнайы әдебиетпен қамтамасыз етуді тапсырды. Ал денсаулық сақтау басқармасы осы дерттерге қарсы дәрі-дәрмектердің қорын жасауы тиіс. Облыс әкімі аймақтың санитарлық дәрігерлерін көше бойында машинаның ішінен сатылатын ет өнімдерін саудалауды бақылауға алып, қатаң тыйым салуға шақырды. Б.Сағынтаев жіберілген олқылықтарды ескере отырып, облыс әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары Т.Закарьяновқа, Ақсу қаласының әкімі О.Қайыргелдиновке қатаң сөгіс жариялады. Ал Ақсу қаласы әкіміне аталмыш кент әкімінің ауылдық аймақтар бойынша орынбасары мен Жолқұдық ауылдық округінің әкімін лауазымынан босатуды тапсырды.

       Өндіріс өнімі еселенуде
     Дағдарыстың салқынын бәрінен де көп сезінген аймақ өнеркәсібі қайтадан аяғынан тік тұрып, өнімін еселеуде. Биылғы алты айда аймақта 333,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Өткен жылы облыс еліміз бойынша 14 орында болса, биыл суырылып алға шықты. Оған алдымен өнеркәсіп саласы өзіндік оң ықпалын тигізді. Өңдеу кәсіпорындары, тау-кен өндірісі алға шығып отыр. Қазіргі таңда облыста 722,2 млрд. теңгенің 42 инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Шағын және орта бизнес саласы да облыстың дамуына өз үлесін қосып отыр. Аймақтың экономикалық белсенді тұрғындарының 19 пайызы осы салада еңбек етуде. Ал нарықтық-тауарлық айналымның 13 пайызға өсуі тұрғындардың әл-ауқатының артқанын аңғартса керек. Аз қамтылған отбасылар қатары 43 пайызға, ал жұмыспен қамту мекемелеріне ағылған жұртшылық қарасы 12 пайызға қысқарған. Алайда жаңа жұмыс орындары қанша ашылып жатқанымен, жұмыссыздық көрсеткіші Екібастұз қаласында өткен жылмен салыстырғанда «баяғы жартас, сол жартас» болып отыр.
     Биылғы жарты жылда бөлінген қаржының игерілуі бойынша да бірқатар кемшіліктер бар көрінеді. Бұл жөнінде облыс қаржы басқармасының бастығы С.Демеуов баяндап берді. Мәселен, облыстық білім беру басқармасы бойынша 103 миллион теңге мерзімінде игерілмей қалған. Басқарма бастығының айтуынша, бұл қаржы шағын орталықтарға бағытталған. Оған қарастырылған ғимараттардың иесімен мекеменің құжаттарын реттеу бойынша тиісті жұмыстар әлі жүргізіліп жатыр. Бұл қаржы шілде айында толық игерілетін болады. Денсаулық сақтау басқармасына бөлінген облыстық қазына қаржысы толық игерілген. Басқарма бастығы А.Күзековтің сөзіне сүйенсек, республикалық бюджеттен қарастырылған қаражат «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС-нің өзіне жүктелген міндеттерді дер кезінде орындамауынан орын алған. Кеңесте аймақ басшысы нан бағасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасеновтің айтуына қарағанда, облыста аймақ тұрғындарын қамтамасыз ететін астық мөлшері жетерлік, сондықтан нан бағасын өсіру негізсіз болады деген пікірде.

      Алты айда тоғыз адам суға кетті
     Жаздың келісімен, тұрғындар аптап ыстықтан паналау мақсатында өзен-көлдің жағасына ағылатыны белгілі. Алайда олар сақтық шараларын естен шығарып, ұйымдастырылған орындардан бөлек кез келген жерге шомыла салуды әдетке айналдырып, артынан қайғылы оқиғаларға душар болып жатады. Бүгінгі күні облыста 27 ұйымдастырылған жағажай бар. Мұнда тиісті судан құтқару қызметтері жұмыс істейді. Ағымдағы жылы 46 адам суға бату қаупіне тап болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 адамға көп. Олардың 37-і құтқарылса, тоғызының өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Оның екеуі - кәмелет жасына толмағандар. Мамандардың айтуынша, тұрғындар қауіпсіздік қағидаларын қаперге алмайды, мас күйінде суға шомылады. Өрімдей жеткіншектер үлкендерсіз су жағасына барады. Қайғылы оқиғаға душар болғандардың көбі - «жабайы жағажайларда», яғни тыйым салынған аумақтарда салқындай қоюды жөн көргендер.
Өкінішке қарай, судан құтқару қызметінің кейбір қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті ысырып тастап, шөлмекпен дос болуды жөн санайтын көрінеді. Мұндай келеңсіздік Жасыбай көлінің айналасында демалушыларды судан құтқаруға тиіс мамандардың кеңсесінде орын алған. Ешбір ойға қонымсыз әрекетті Б.Сағынтаев қатаң сынға алды. Аймақ басшысы облыс төтенше жағдайлар департаментінің директоры А.Садықовқа алдын алу шараларына баса мән беріп, өткен кезеңдерге талдау жасай отырып, әрекет ету қажеттігін ескертті.

      Тозығы жеткен лифтілер жыл санап көбейіп келеді
     Кеңесте көтерілген тағы бір мәселе лифт шаруашылығына қатысты болды. Аймақтың үш қаласындағы жағдай талқыға түсті. Павлодар қаласында 1345, Екібастұзда – 273, Ақсуда – 65 лифт жұмыс істейді. Павлодар мен Ақсу қалаларында лифтілердің барлығы пайдаланылуда, ал кеншілер кентінде 67 лифт тозығы жетіп, істен шыққан. Үш қалада барлығы 515 лифт тиісті пайдалану мерзімін өтеді. Демек, жаңартуды қажет етеді. Олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Мамандардың болжауынша, 2014 жылы 828-ге жетеді. 2002 жылдан бері 779 лифт коммуналдық меншікке берілген. Мәселен, облыс орталығында оған «Павлодарлифт» ЖШС иелік етеді. Айта кету қажет, лифтілерді қанша жөндеу, қалпына келтіру, пайдалану мерзімін ұзарту жұмыстары жүргізілгенімен, көрініс оңтайланатын түрі жоқ. Себебі жаңартылған лифтінің өкшесін басып, келесі тозығы жеткені келеді. «Павлодарлифт» ЖШС өкілдерінің айтуынша, жағдайды жақсарту үшін жылына кем дегенде 70-80 лифтіні сараптамадан өткізіп, пайдалану мерзімін 25 жылға ұзарту қажет. Бұл мақсатқа жылына шамамен 280 миллион теңге қажет. Аталмыш серіктестікте мұндай қаражат жоқ. Павлодарлықтарға «Павлодарлифт» және «Ремлифт» мекемелері қызмет көрсетеді. Кеңесте олардың тариф, қызмет көрсету бағытында олқылықтардың бары айтылды. Сондықтан облыс әкімі Б.Сағынтаев жауапты органдарға осы қос серіктестіктің жұмысындағы шикілікті жоюды тапсырды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31