Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Павлодар облысының әкімі лауазымына Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев қайта тағайындалды. Бұл туралы сейсенбі күні Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ертістің Павлодар өңіріне арнайы келген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлімдеді.
Павлодар облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысқан Үкімет басшысы облыс әкімінің қызметіне Б.Сағынтаевтың кандидатурасын ұсынды. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Бұдан кейін, аталмыш маңызды шешімді Кәрім Қажымқанұлы облыс активімен болған кездесуде ресми түрде жария етті.
Өңіріміздің мемлекеттік органдар басшылары, халық қалаулылары, аудандар мен қалалардың әкімдері жиналған шара барысында ҚР Премьер-Министрі сөз алып, облыс әкімі Б.Сағынтаевты қызметімен құттықтап, болашақтағы жұмыстарына табыс тіледі. «Бұл - осыған дейін әкімдік лауазымда атқарған абыройлы қызметіңіз үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрсетіп отырған зор сенімі. Сіздің артылған жауапкершілік үдесінен шығып, алдыңызға қойылған жаңа мақсаттар мен міндеттерді ойдағыдай орындап, жоспарлы жұмыстарды сәтті жүзеге асыратындығыңызға сенімдімін», - деді К.Мәсімов. Сондай-ақ, Үкімет басшысы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қолға алынып отырған маңызды жобаларға, таяудағы он жылдыққа бағытталған игі әрі маңызды бастамаларды жүзеге асыруға баса мән беруді тапсырды.
- Жалпы, биылғы жылдың әрбір қазақстандық үшін маңызы ерекше екені белгілі. Биыл - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Онымен қоса, барша қазақстандықтар жұмылып, бірлік пен бекемдік, жарқын болашақтың одан әрі баянды болуына ынталылық танытып, ел Президентін сайладық. Осынау тарихи кезеңде тағы бір мәрте Елбасының мандаттық сеніміне ие болғаным - мен үшін үлкен абырой. Себебі Ұлт көшбасшысының командасында жұмыс істеу - әрбір басшы, саясаткер үшін зор бақыт, - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев өз сөзінде. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыс жұртшылығы атынан К.Мәсімовті ҚР Премьер-Министрі қызметіне қайта тағайындалуымен құттықтады. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ел Үкіметінің бастамаларын, мақсат-міндеттерін орындау жолында облыс активімен бірлесе отырып, барлық күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Шара барысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты, С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Ерлан Арын мемлекет басшылығына облыс әкімі Б.Сағынтаевтың қызметін жоғары бағалап, тағы да сенім артып, өңір басшылығына қалдырғаны үшін алғысын білдірді. «Бұл - жалпы облыс халқына берілген баға деп білеміз. Павлодар облысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қазіргіден де мол үлесін қосатынына сенімдіміз», - деді депутат.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Б.Сағынтаев бұл лауазымда 2008 жылдың қыркүйек айынан бері қызмет істеп келеді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

