«ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНСЫН» облыс әкімі орман өрттеріне қатысты өткен жиында осылай деді

 Жер-аяғы кеңіп, жаз шықса өңірімізде өрт оқиғалары белең ала бастайды. Бейсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев тілсіз жаудың алдын алу жұмыстарына байланысты жиын өткізді. Оған орман шаруашылығы мен өрт сөндіру жұмыстарына жауапты тұлғалар қатысты.

 Былтырғы жылы Лебяжі, Баянауыл аудандарының көп аумағы өрттен зардап шеккен болатын. Тіпті, Бесқарағай орман шаруашылығы аумағындағы өрттің салдарынан жеті адам көз жұмды. Облыс бойынша 111 өрт оқиғасы тіркеліп, 3831,3 гектар жер жанып кетті. Осылардың салдарынан 263529,9 мың теңге зиян келді. Жиынға қатысушылар биыл осындай олқылықтардың орнын толтырудың амалын қарастырды. Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Жанат Нұралин қатысушыларды 2011 жылға арналған жоспармен таныстырды. «Өртке қарсы қауіпсіздік шараларын жыл басынан қолға алдық. Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің орман басқармасымен тілсіз жау шекара маңында орын алған жағдайда екі жақ бір-біріне көмектесу мақсатында келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, өрт оқиғалары жиі тіркелетін аймақтарда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Қарағайлы аймақтарды айналдыра минералдандырылған 1200 шақырым жаңа қорғаныс жолақтары және 16 мыңнан астам шақырымға созылған ескі қорғаныс жолақтары қайта жыртылды. Облыс төтенше жағдайлар департаменті өртке қарсы қызметінің бөлімшелері мен аумақтық инспекцияның ірі орман өрттерін сөндіруді ұйымдастыру кезіндегі өзара іс-қимылдарының жаңа нұсқаулығы әзірленді. Өрт сөндіру құрылғылары пысықталып, кем-кетіктері толықтырылды»,- деді ол өз баяндамасында. Бірақ, өткен жылы жол берілген қателіктерді ескере отырып, қандай шаралар қабылданды деген аймақ басшысының сауалына инспекция бастығы мардымды жауап бере алмады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Нұрлан Нәбиев өрт сөндіру жұмыстарындағы бірқатар олқылықтарға тоқталды. «Орманды жердегі өрт оқиғаларының орнына жету үшін көп уақыт өтеді. Өрт сөндіру машиналары сағатына 30-40 шақырымды зорға бағындырады. Сол себепті, алдымен техниканың тез жүруіне жағдай жасайтын грейдер көптеп сатып алу қажет. Сондай-ақ, өрт сөндіру жұмыстарына арналған құрылғыларды артығымен алып қойса еш кедергісі жоқ»,- деді ол. Жиында Бақытжан Әбідрұлы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман резерваты директорының міндетін атқарушы Тілек Мұқанов пен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Темірболат Қасеннің баяндамаларын тыңдады. Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылға жоспарланған шаралар туралы баяндаған олар өрт шараларына толықтай дайын екендерін жеткізді. Сондай-ақ, ағаштарды заңсыз кесу фактілерінің азайғаны да аталып өтті.

Бақытжан Әбдірұлы ормандардың сақталуына жауапты барлық қызметкерлерді өткен жылдардың қателіктерін ескеруге және биылғы маусымда оған жол бермеуге шақырды. «Қауіпсіздік шараларын қарастыруды басты назарға қоюымыз керек. Ол үшін уақыт жеткілікті»,- деді аймақ басшысы.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23
25 26 27 28 29 30