Аймақ басшысының араласуымен алға басты
Аймағымыз бойынша ауыл шаруашылығының бес жобасы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылмақ. Аталмыш инвестициялық жобалар корпорацияда мақұлданды. Тиісті құжаттар жиналып, тапсырылуда. Дегенмен, шаруалар өздеріне тиесілі қаржыны алуда бірқатар кедергілерге тап болған. Мұның барлығы дерлік саналуан құжаттардың рәсімделуімен байланысты болып отыр. Міне, осы түйткілдердің түйінін шешу мақсатында облыстық әкімдікте аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен арнайы кеңес өтті. Алқалы жиынға Астанадан, дәлірек айтсақ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқармасының төрағасы Дулат Айтжанов бастаған бір топ мамандар аймақ басшысының арнайы шақыруымен келіп, мәселенің мән-жайын түсіндірді.
Бес бастама да «ҚазАгро» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ орталық аппаратының несиелік комитеттері, сондай-ақ қоғамдық комиссия тарапынан жобаны жүзеге асыру жөнінде мақұлданған. Солардың бірі - «Эльдар» фермерлік шаруашылығы. Бұл шаруашылық «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның төмен пайыздық несиесін игеру арқылы 3 мың тоннаға шақталған көкөніс сақтау қоймасын салуды көздеп отыр. Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылында жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталса, екінші алты айда аяқталуы тиіс. Жоба өткен жылдың желтоқсан айында бекітілген. Содан бері шаруашылық иесі М.Әкімханова қыруар құжат жинап, олардың сан рет өзгеріске ұшырағанын айтады. Оның айтуынша, бір құжатты тапсырып аяқтағанша, алғашқысының мерзімі өтіп кетеді, содан кейін қайтадан рәсімдеуге тура келген. Әйтеуір банктер мен салық мекемелерінің арасында табан тоздыруға мәжбүр болыпты. Жобаның жалпы құны 91,6 миллион теңге болса, соның 24,108 миллион теңгесін шаруашылық иесі «ҚазАгроҚаржыдан» алуды көздеп отыр. Жоба жүзеге асып жатса, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Мамандардың айтуына қарағанда, бүгінде қажетті іс-шаралар толығымен жүзеге асырылды, қаржыландыруға байланысты ортақ келісім жасауға керек-жарақтың бәрі дайын. Мәселен, құрал-жабдық алуға қажетті қаржыны аударуға әбден болады. Алайда «ҚазАгро» АҚ-ның бекіткен тиісті шарттар регламенті бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыруды бастау үшін бірқатар рұқсат құжаттары пакеті қажет. Ол дегеніңіз, жобалық-сметалық құжат, оның сараптамасы, жобаның экологиялық сараптамасы сынды құжаттар қажет болған. Бұл да біраз уақытты алды. Шаруашылық иесі олардың барлығын тапсырған. Бүгінде «ҚазАгроҚаржыда» қаралып жатыр. Мамандар сөзіне сенсек, ағымдағы айдың соңына дейін жоба қаржыландырылатын болады. Оған еш кедергі жоқ. Сонымен бірге рұқсат құжаттарындағы құрылыс-монтаждық жұмыстардың құны толығымен расталса, құрылыс жұмыстарын қаржыландыру да басталады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ корпоративтік бизнес бөлімінің бастығы Ә.Сәдуақасова кейде рұқсат құжаттарындағы құрылыс-монтаждық жұмыстарының құны ойға қонымсыз болып жатады, сондықтан оны қайтадан қарап, бір ымыраға келу керек дейді. Облыс әкімі Б.Сағынтаев Елбасы ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде нақты тапсырма бергенін айтып, енді оны жүзеге асыру үшін тиісті қаржыны игеруде сан түрлі құжаттармен қолбайлаулықты жою керек деген пікірін білдірді. Ал астаналық мамандар жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржыландыруды бөлуді жеделдететіндерін уәде етті. Жарты жыл бойы қажетті қаржының соңынан жүріп, күдер үзе бастаған М.Әкімханова облыс әкімінің араласуымен тұралап қалған істің алға басқанына ризашылығын жасырмады.
Қаржыландыруды зарыға күткен тағы бір шаруашылық - «Ақтоғай Агро» ЖШС-і. Бұл шаруашылық та көкөніс қоймасын салу мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ көмегіне жүгініп отыр. Жобаның жалпы құны 465,4 млн. теңгені құрайды. Шаруашылық басшысы И.Головашов осы қаржының 308 млн. теңгесін аталмыш қаржыландыру ұйымынан алмақ. Жобада кедергі болып отырған құжат – қаржыландыру жөніндегі келісім. Себебі маусым айының соңында орталық аппаратқа айыппұл санкцияларын қайтадан қарауға байланысты қарама-қайшылық хаттамасы жолданған көрінеді. Бұл келісімде айыппұл санкциясы жөнінде сөз етілген. Яғни шаруашылық қаржыны алғаннан кейін әр тоқсанда «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на қаржылық есеп беріп тұруы тиіс. Егер есептік құжаттар бір күн болсын кешіксе, алған 300 млн. теңгенің бір пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуі тиіс. Аймақ басшысы бұл сома қарапайым шаруа үшін қыруар қаражат екенін тілге тиек етті. Сондықтан айыппұлды толығымен алып тастауды немесе пайыздық мөлшерлемесін төмендету керектігін кесіп айтты. Ал астаналық меймандар айыппұл санкциясын толығымен алып тастай алмайтындарын, себебі олар да «ҚазАгроға» бағынатындарын, қолда бар талаптарға байланысты айыппұл санкциясы міндетті түрде болуы тиіс дегенді айтады. Сондықтан айыппұл санкциясын 0,25 пайызға төмендететіндерін мәлімдеді. Түйіп айтсақ, шаруашылық иелері тарапынан осы мөлшерлемеге келісім берілсе, қаржы келер аптаның соңына дейін шаруаның қолына тиетін болды. Кеңестен кейін аймақ басшысы журналистерге берген сұхбатында «Ақтоғай Агро» ЖШС-нің негізгі акционері А.Терентьев келісімнің 0,25 пайызбен толық келісетінін жеткізгенін мәлімдеді.
Ал «Андас» шаруа қожалығы 3 мың тонналық қолда бар көкөніс қоймасын қайтадан қалпына келтіріп, модернизациялауға бел буған. Қажетті қаржының сексен миллионға жуығын жоғарыда аталған қаржыландыру ұйымынан алуға өтініш білдірген. Жоба мақұлданды. Алайда кейін кедергі пайда болды. Тарқата айтсақ, аталмыш көкөніс сақтау қоймасы заңдастыру рәсімінен өткенде заңдық тұрғыдан бірқатар қателіктер жіберілген. Сондықтан іс облыстық сотта қаралып жатқан көрінеді. Облыс әкімі бұл мәселеден хабардар екенін айта келе, облыстық сотқа жедел түрде істі оң шешіп беру жөнінде тапсырма бергенін жеткізді. Мәселе бірнеше күнде шешімін табатын болады. Демек, бұл қойма иесі де көп ұзамай көздеген қаржысына қол жеткізеді.
Кеңесте «Галицкое» ЖШС-нің сүт-тауар фермасы жобасына қатысты жұмыстар ұзақ пікірталасқа арқау болды. Жоба мақұлданғанымен, кепілге қойылған мал шаруашылығы кешенінің құжаттарында идентификациялық, жалпы бұл нысан расымен де мал шаруашылығы кешені екенін білдіретін белгілердің жоқтығын алға тартып, істі кешеуілдетуде. Астаналық маман Ә.Сәдуақасова тіпті аталмыш шаруашылық кешенінің нақты түрде барына күдікпен қарайтындарын жасырмады. Себебі құжаттарда кешеннің мекенжайы мүлдем көрсетілмеген деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Ол сатып алу және сату келісімдерін қайтадан жасау керек деп кеңес берді. Бұл пікірмен серіктестік басшысы А.Касицын мүлдем келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мүлік жекешелендірілгенде нысандар ешбір идентификацияланбаған, әрбір адамға үлес ретінде таратылған. Бір қызығы, шаруашылық бұған дейін осы кешенді «ҚазАгро» АҚ несиелік корпорациясына кепілге қойып, қажетті несиеге қол жеткізген. Өзге де банктермен жұмыс істегенде де мұндай кедергіге тап болмаған. Жергілікті заңгерлер де астаналық мамандардың мұндай тұжырымымен келіспейтіндерін мәлімдеді. Аймақ басшысы Б.Сағынтаев ұзақ талқыға түскен бұл мәселені екі жақтың заңгерлеріне бірлесе шешуді тапсырды.
- Әрине, жобалардың жүзеге асуы үшін бірқатар талаптар мен регламенттер бар. Оларды орындауға уақыт қажет. Біз қарапайым шаруалардың мәселелерін бей-жай қарамаймыз. Қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Қажетті құжаттарды жинау бойынша жеделдік танытудамыз. Шаруа қожалықтары сияқты біз де жобаның жүзеге асуына мүдделіміз. Себебі бұл нысандар аймағымыздағы азық-түлік қауіпсіздігі үшін қажет. Сондықтан кеңес тиімді болды деген ойдамын. Аталмыш жобалардың иелері елімізді отандық өніммен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ал мұндай жобалар алып өнеркәсіп орындарымен салыстырғанда күрделі емес, алайда өте маңызды. Сондықтан олардың мерзімін кешіктірмей, шаруаларға барынша қолдау жасаймыз. Шаруалар қаржыны жуық арада қолдарына алатын болады, - деді кеңестен кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында облыс басшысы Бақытжан Сағынтаев.
Аймақ басшысы қарама-қайшылықтардың жиі орын алмауы үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының басшылығымен болған кездесулер кем дегенде тоқсанына бір рет ұйымдастырылуы қажет дегенді жеткізді.
Ал «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқармасының төрағасы Дулат Айтжанов журналистерге берген сұхбатында қозғалған барлық мәселелер оң шешіліп, ағымдағы ай соңына дейін «Ақтоғай Агро» және «Андас» шаруа қожалықтарының көкөніс сақтау қоймалары бойынша қаржыландыру басталатынын айтты. «Эльдар» және «Галицкое» қожалықтары да көп ұзамай қаржыға қол жеткізеді. Айта кету керек, аймағымыздың тағы төрт жобасы компанияда қаралып жатыр. Басқарма төрағасы жобалар бойынша қандай да бір кедергі пайда бола қалса, облыстық әкімдікке жедел түрде хабарлап отыруды уәде етті. Сонымен қатар ол шаруа қожалықтарына кепілге қоятын мүліктің сапалы болуына мән беруді айтты. Себебі мәселелердің көбі өткен ғасырда жекешелендіру кезінде бөлінген нысандар мен техникаларға иелік құқық беретін құжаттарда жіберілген қателіктерге байланысты болып отырғанын мәлімдеді. Ол алдағы уақытта мұндай мәселелер еліміздің өзге аймақтарында орын алса, Павлодар облысының мысалы негізінде шешімін іздейтіндерін жасырмады.
Осылайша, ауыл шаруашылығы нысандарын несиелендіру бойынша көптен бері күрмеулі болған мәселелер аймақ басшысының араласуымен шешіле бастады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

