ТАЛАП-ТІЛЕКТЕР ЕСКЕРІЛЕДІ

ал оларды шешу тетіктері бір ай ішінде пысықталмақ

     Бүгінде облыста тағдыр тәлкегіне ұшырап, мүгедектер санатына жатқызылған 27 454 азамат тұрады. Өкінішке қарай, биыл алты айда медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша облыста ересектер арасында 1188 тұрғын, сонымен бірге 204 жеткіншек алғаш рет мүгедек деп танылған. Ересектер арасында мүгедектікке көп жағдайда қан айналымы ағзаларының сырқаты  душар ететін көрінеді. Аты жаман қатерлі ісіктің пайда болу дерті де қалысатын түрі жоқ. Одан кейінгі орында - әртүрлі жарақаттар. Биыл 10 109 адам мүгедектіктерін растауға медициналық-әлеуметтік куәландырудан өткен, олардың 9 409-ы бұрынғы санатта қалған. 

     Бұл жай ғана цифрлар емес, бұл осыншама жан қоғамның ерекше назарына зәру дегенді білдіреді. Мемлекет те, қоғам да қол қусырып отырған жоқ,  барынша жәрдемдесуде. Алайда мүгедектерге қатысты шаралардың әлі жетілдіретін тұстары аз емес көрінеді. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен мүгедектер мәселелерін ортаға салған кеңесте кеңінен сөз болды. 

     Жиында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы В.Берковский мүгедектерге медициналық көмектен кейін әлеуметтік қамқорлыққа жіті мән беру қажеттігін жеткізді. Бұл бағытта жұмыстар біртіндеп жүзеге аса бастаған сыңайлы. Мәселен, аймақтың жұмыспен қамту органдары арқылы 1700 жарымжан азамат екі қолға бір күрек тапқан. Олардың бірі тұрақты кәсіпке ие болса, енді бірі уақытша жұмыспен қамтылған. Аймақ басшысы аталмыш органға өмірдің кермек дәмін татқан жандарды уақытша жұмыспен қамтып әуреге салмай, тұрақты жұмысқа тарту қажеттігін қадап айтты. Бүгінде 1186 кемтар жан еңбекке араласқылары келеді, алайда оларды жұмысқа орналастыру мүмкін болмай тұр. Себебі бүгінгі жұмыс берушілер мүгедек азаматтарды қызметке алуға ынта танытпайды. Сондықтан бұрындары қолданыста болған тәсілді жандандырып, Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек жандарды жұмысқа алғандарға салықтық жеңілдіктер жасауды қайтадан қалпына келтіру керек. Сонымен қатар мүгедектерді әлеуметтік оңалту орталығы керек. Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Г.Четвериков аймақта үш бірдей оңалту орталығы да балаларға ғана қызмет көрсететінін айтты. Ал балалар жалпы мүгедектер санының бір ғана пайызын құрайды. Демек, сандаған тағдыр өзімен-өзі әлек болуға мәжбүр. Осы мәселе ескеріліп, бұрнағы жылдары республикалық бюджет есебінен ересектерді қамтитын 100 орынға шақталған орталық салу жоспарда болған. Алайда дағдарысқа байланысты құрылыс 2014 жылға шегерілген. 

     Тағы бір мәселе - тұрғын үйлер мен халыққа қызмет көрсететін ғимараттарға арбамен қозғалатын жандардың емін-еркін кіріп-шығуына жағдайдың жасалмауы. Соңғы кездері салынып жатқан нысандарда бұл қажеттіліктер толығымен ескеріліп жатыр. Дегенмен, басқарма сонау кеңес дәуірінен бері қолданыстағы ғимараттарда мүгедектердің еркін қозғалуына арналған пандустар салуға қосымша қаржы қарастырылса деген ұсыныстарын бүгіп қалмады. Ал көлікпен тасымалдау мәселесі, оның сапасы жыл өткен сайын оңтайлана бастаған көрінеді. Мұны осы қызмет көмегіне жүгініп жүргендер растап отыр. Бұл енді одан сайын жақсаратын болады. Себебі облыстық мүгедектер қоғамының арнайы көліктері қатарына тағы екі  фольксваген маркалы «Инватакси»  қосылды. Мұндай сыйды «Сәби» қайырымдылық қоры жасады. Аталмыш қор «Мүгедектерге – лайықты өмір» атты жобасын жүзеге асыруда.

     Ал аймақтың бас дәрігері А.Күзеков алдымен аурудың алдын алуға бағытталған тексеру шараларын перзентханалардан бастап жатқандарын баяндады. Ағымдағы жылдың алты айында осындай тексерулер барысында 85 бала жоғары қауіпті топқа жатқызылған. Балғындарды мүгедектікке жетелейтін сырқаттар ішінде жүйке жүйесінің ақаулары - алдыңғы орында. Екінші орында - туа біткен жүрек ақауы, одан кейін психикалық ауытқулар сырқаты өкшелеп келеді. Кеңесте мүмкіндігі шектеулі балаларға республикалық орталықтарда емделуге берілетін квота мөлшері аздық етіп отырғаны айтылды. Мәселен, Алматы қаласындағы «Балбұлақ» балаларды оңалту орталығында биылғы алты айда небәрі 59 бүлдіршін тиісті көмек алған. Облыс бойынша туа біткен жүрек ақауына шалдыққан  480 балғын есепте тұр. Олардың үш жүзден астамы шұғыл түрде операция жасауды қажет етеді. Бірақ мұндай медициналық көмек елімізде тек Астанада көрсетіледі. Биыл 31 сәби ғана қажетті көмекке қол жеткізген. Аталмыш мәселе жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс кардиохирургиялық орталықтың ашылуымен оң шешімін таппақ.

      Облыстық білім беру басқармасының бастығы Б.Бексейітованың айтуына қарағанда, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға байланысты бірқатар шешімін күткен мәселелер бар.  Мәселен, қазіргі таңда облыста көзі көрмейтін және нашар көретін жеткіншектерге арналған мектеп-интернаты үлкен қажеттілік туғызып отыр. Мектептер мен балабақшаларда логопедтік пункттер жеткіліксіз. Сонымен қатар дамуында әртүрлі ауытқулар бар балаларға арналған мектепке дейінгі топтар аз. Психикалық дамуында кешігуі бар балғындарға арналған сыныптар ашу да кезегін күтуде.

     Г.Четвериков атқарылған істер өз жемісін бере бастағанын мәлімдеді. Мәселен, аймақтың мүмкіндігі шектеулі азаматтары спорттық шараларда биіктен көрінуде. Екі азамат халықаралық деңгейдегі спорт шебері деген атаққа ие болды. Ол сондай-ақ тағдырдың жазуымен мүгедектер қатарына жаңадан қосылған жандардың өз-өзімен қалмауына жағдай жасайтын арнайы алаңдар немесе орталық ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Облыс әкімі бұл мәселені шешудің тетіктерін қарастыруға болатынын жеткізді. Яғни қайтадан қалпына келтірілуі тиіс ғимараттар тізіміндегі бір нысанды осы бағытқа лайықтауға әбден болатынын мәлімдеді.

     Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мемлекеттік тапсырыстарға байланысты конкурстар өткізгенде талап-шектеулерге баса мән беру керектігін тілге тиек етті. Себебі, естеріңізде болса, осы олқылықтың кесірінен өткен жылы мүгедектерге арналған арба «жыры» орын алса, биыл жеке көмек көрсетілу тиіс жандар қажетті жәрдемге зар болып қалған. Мұны ескерген облыс әкімі Б.Сағынтаев  жауапты органдарға конкурс өткізген кезде қандай ұйымдар қатыса алады, оларға қандай талаптар қойылатынын нақты көрсету қажеттігін шегелеп айтты. 

     Ал мүмкіндігі шектеулі  балалардың ата-аналары лигасының өкілі үйде білім алатын балаларды интернет желісімен тегін қамту мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Білім беру басқармасының мәліметтері бойынша, бүгінде 395 бала үйде білім алады, олардың                   195-іне компьютер берілген. Облыс әкімі Б.Бексейітоваға компьютерсіз балғындарға білім күніне дейін компьютер сыйға тартудың жолдарын, қажетті қаржы мөлшерін бір апта ішінде қарастыруды тапсырды.

     Жиында Г.Четвериков жергілікті биліктің мүгедектерге жасап жатқан жағдайларын ескере отырып, Алматы қаласындағы еліміздің мүгедектер конфедерациясы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған Алғыс хатты табыс етті.

     Аймақ басшысы жауапты органдарға жәрдемге мұқтаж жандардың талап-тілектеріне, қажеттіліктеріне қатысты кеңесте сөз етілген мәселелерді бір ай ішінде пысықтап, оларды шешу тетіктерін іздестіруді тапсырды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
27 28 29 30 31