Таяуда Павлодар облысы әкімінің орынбасары Ә.Ғалымованың төрағалық етуімен ана мен бала өлімінің көрсеткішін төмендетуге арналған шұғыл шараларды қабылдау жөніндегі облыстық штабтың отырысы болып өтті.
Павлодар аудандық ауруханасының бас дәрігері Т.Жұматаев алғашқы жартыжылдықтағы ана бен бала өлімі жайлы және осындай жағдайларды төмендету мақсатында жүзеге асқан іс-шаралар туралы баяндама жасады. Бас дәрігердің мәліметі бойынша, ауданда бала өлімінің саны 2009 жылғы алты айлық көрсеткішпен ұқсас. Ағымдағы жылы бала өліміне қатысты 6 оқиға орын алған.
Отырыс соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасына, Павлодар аудандық әкімдігіне, осы ауданның ауруханасының бас дәрігеріне облыстық штаб мүшелерінің тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Мәселен, Павлодар ауданында бала мен перинаталды өлімді тұрақтандыру бойынша жоспарды пысықтап, жоғары деңгейлі ультрадыбыстық диагностика аппаратын қосымша сатып алу тапсырылды.
Облысымыздың қалалары мен аудандарының жергілікті атқару органдарына емделушілерді Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы ауруханаларға жеткізу мәселесі бойынша көмек көрсету мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.

