ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚЫЛМЫСЫ АЗАЙДЫ

Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі

     Өткен жартыжылдық қорытындысы бойынша аймағымыздағы жасөспірімдермен жасалатын қылмыстар санының төмендегені байқалады. Мамандар мұны облысымыздағы жаз мезгілінде балалардың демалысын тиімді өткізуіне, оларды еңбекпен қамтығу бағытталған шаралардың қарқынды жүргізілуімен байланыстырып отыр. Осы және басқа да мәселелер облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымованың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында сөз болды.
     Жалпы, алқалы жиын барысында күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Соның бірі – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен облыс орталығындағы №2 мектеп-интернаттың жағдайы. Дәлірек айтқанда, тәрбие ісінің ұйымдастырылу деңгейі, тәрбиеленушілердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы сөз болды. Негізінен балалар мен жасөспірімдерге барлық жағдайлар жасалған. Аталмыш екі мекеме де қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бір сөзбен айтқанда, балалар мен жасөспірімдерге бар мүмкіндік тудырылған. Дегенмен біраз мәселелер де жоқ емес көрінеді. Мысалы, Павлодар қаласындағы №2 мектеп-интернатының ғимараты әуел бастан-ақ балалар үйіне негізделіп жасалмаған. Бөлмелері тар. Соның салдарынан бір жатын бөлмеде он-он бес тәрбиеленушіден орналасқан. Ал талап бойынша олардың саны алтаудан аспауы тиіс. Сондай-ақ, жоғарыда аталған екі мекемеге де ортақ мәселе – мектеп бітіріп, қалаға оқуға келген балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Комиссия отырысы барысында ол мәселенің де бірте-бірте оңтайлы шешімін тауып келе жатқандығы сөз болды. Бұл ретте балалар үйін мекен еткен әрбір балаға «Қазақстан Құрылыс жинақ банкі» АҚ-да арнайы депозит ашылған. Дегенмен оның алғашқы нәтижелерін көру үшін біраз уақыт керек. Ал әзірге тәрбиеленушілер облыс орталығындағы «Жас ұрпақ» үйіне және жатақханаларға орналастырылуда. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйде кезекте тұрғандары да баршылық.
     Шара барысында сөз болған тағы бір маңызды мәселенің бірі – жаз мезгілінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын тиімді өткізуге, оларды еңбекпен қамтуға бағытталған шаралардың ұйымдастырылу деңгейі. Бұл мәселеге бүгінде атқарушы билік, басқа да мемлекеттік органдар тарапынан көп көңіл бөлінуде. Нәтижесі де айқын. Жалпы оқу жылы аяқталғалы бері Павлодар қаласындағы 40 жалпы білім беру мектептерінің негізінде жазғы лагерьлер ұйымдастырылған. Онда жеті мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер қамтылған. Олардың екі мыңнан астамы - әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балалар. Жалпы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 5,1 миллион теңге қарастырылыпты. Сондай-ақ оқушыларды еңбекпен қамту ісі де күн тәртібіндегі өзекті тұрған мәселелердің бірі. Бұл ретте, облыс орталығын көріктендіру жұмыстарына 1,5 мың жоғары сынып оқушысы жұмылдырылған. Олар әрқайсысы он бес күннен тұратын үш маусым бойынша жұмыс істеді. Қазір төртінші еңбек маусымы басталды. Ол үстіміздегі айдың 19-ы күні аяқталады. Ал демалыс уақытында еңбек етіп, табыс табуға бел буған жасөспірімдерге жалақы төлеу үшін бюджеттен 15 миллион теңге бөлініп отыр. Одан басқа қоғамдық көліктерде қатынауға жеңілдіктер қарастырылған. Оқушыларды еңбекпен қамтуда облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорындар да көп септігін тигізуде. Мұндай бағыттағы жұмыстар аймағымыздың барлық қалалары мен аудандарында қолға алынған.
     Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Айым Қанафинаның айтуына қарағанда, қала сыртында балаларға арналған арнайы, жеке демалыс орындарының жоқтығы мәселе тудырып отырған көрінеді. Ал оның оңтайлы шешілуі келесі жылдың бюджетіне байланысты болмақ. Әзірге оқушылардың басым бөлігі жеке меншік демалыс орындарына жөнелтілуде. Үстіміздегі жылы Баянауыл ауданында облыстық білім беру басқармасына қарасты «Жас дәурен» оқыту-сауықтыру орталығының ашылғандығы үлкен септігін тигізіп отыр. Мұнда жаз мезгілінде үш маусым бойынша бес жүзге жуық бала демалыстарын өткізе алады. Аталмыш орталық қыс мезгілінде де жұмыс істейтін болды. Алайда Баянауылға облысымыздың басқа да аудандарынан балаларды жеткізу мәселесі қиындап тұр. Талап бойынша оқушыларды тасымалдайтын көлікті жол полициясы қызметкерлері бастап жүруі тиіс. Алайда кейбір аудандардағы кадр тапшылығы және құқық қорғаушылардың техникалық мүмкіндіктерінің шектеулілігі (автокөліктері ескі, жанар-жағармай тапшылығы) кедергі келтіруде. Облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Жанарбек Бақтыбаевтың айтуына қарағанда, бар мәселе қаражаттың жоқтығына тіреліп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова аталмыш мәселелерді шешудің оңтайлы жолын қарастыруды тапсырды. «Бүгінде жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің уақыттарын тиімді өткізуге, еңбекпен қамтуға бағытталған шаралар өз деңгейінде атқарылуда. Бұл ретте облысымыздың білім беру, құқық қорғау және басқа да органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің өзара бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі зор. Сондықтан әдетте кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткіші өрши түсетін жаз мезгілінде мұндай шараларды тұрақты түрде жүргізудің маңызы зор. Бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасын табуы тиіс», - деді Ә.Ғалымова.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31