нақты, жүйелі шараларды қажет етеді
Еліміздің мемлекеттік рәміздерін насихаттау ісі түрлі мерекелік және басқа да мәдени шараларда ғана қолымызды кеудемізге қойып, Әнұранымызды шырқап, Ту, Елтаңба жайында бір-екі ауыз сөз айтумен шектелмеуі тиіс. Бұл мәселе облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысында сөз болды.
- Міне, кеше ғана Ата Заңымыздың 15 жылдығын атап өттік. Елдігімізді, мемлекеттігімізді танытқан Қазақстан Республикасының рәміздерін құрметтеу, дұрыс қолдану осы Конституциямызды бұлжытпай орындаудың бір жолы болып табылады. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз мазмұны мен бейнесі жағынан тәуелсіз еліміздің сындарлы саясатын, азаматтарының гуманисттік жан-дүниесін танытуда үлкен рөл атқарып отыр. Сондықтан осы ардақты да қастерлі рәміздерімізді мақтан тұтып, дұрыс қолдануды насихаттау барлығымызға міндет. Бүгінгі мәжіліс барысында күн тәртібінде талқыланатын мәселелер де осы тақырыптар төңірегінде болмақ, - деді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдану, насихаттау шараларының Павлодар қаласы мен Павлодар ауданының жергілікті атқарушы органдарында қандай деңгейде жүргізіліп жатқандығы жөнінде облыс орталығының әкімі Б.Жоламанов пен аталмыш аудан әкімі Т. Бәстенов есеп берді. Жалпы, жағдай жаман емес көрінеді. Жоғарыда аталған бағыт бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мектеп, балабақша сынды басқа да білім ошақтарында, мәдениет орындарында насихаттық жұмыстар жүргізілуде. Барлық тиісті мекемелелерде заңнама талаптарына сәйкес ескі үлгідегі мемлекеттік рәміздер жаңасына ауыстырылған. Бір сөзбен айтқанда, шенеуніктер қолдарынан келгенін жасап бағуда. Дегенмен бұл бүгінгі жағдай. Ал мәселенің бұған дейін қалай болғандығынан комиссия мүшелерін облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Зәкариянов хабардар етті. Аталмыш басқарма еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты техникалық реттеу және метрология комитеті департаментімен бірлесе отырып арнайы тексерулер жүргізген. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталыпты. Мысалы, Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылы әкімінің кеңсесі мен әкімдіктің мәжіліс залындағы мемлекеттік Ту жаңа талаптарға сәйкес келмеген. Мұндай кемшіліктер Ленин кентінің әкімдігінде, Павлодар ауданының Жетекші ауылының әкімдігі мен мектебінде орын алған. Ал аудандық ішкі істер бөлімінде әлі күнге дейін Тудың 1996 жылы шыққан ескі үлгісі ілініп тұрған. Сондай-ақ мекемеде мемлекеттік Елтаңба болмай шықты. Бұл заңнама талаптарына қайшы.
Бір атап өтерлігі, Павлодар ауданындағы мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты жіберілген кейбір олқылықтарға облыс әкімі өзі куә болған еді. Үстіміздегі жылдың шілде айындағы ауданға жұмыс сапары барысында аймақ басшысы аталмыш негіздегі кемшіліктерді өз көзімен көріп, оны дереу түзетуді тапсырған болатын. Және тиісті органдарға мұндай жағдай басқа да елді мекендерде қайталанбас үшін арнайы тексеру жүргізуді жүктеген еді. Нәтижесінде жоғарыда аталып өткен басқа да кемшіліктер анықталған. Д.Зәкарияновтың айтуына қарағанда, бүгінде белгілі болған барлық олқылықтар түзетіліпті.
Мәжіліс барысында аймағымыздың мәдениет ошақтарында мемлекеттік рәміздерді қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу ісінде қолдану тәжірибесі бойынша облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қ.Кәрімовтың есебі тыңдалды. Бұл ретте аймақ басшысы ауылдық жерлердегі мәдениет орындарындағы жағдайға ерекше назар аударуды тапсырды.
Шара соңында облыс әкімі Б.Сағынтаев тәуелсіздігіміздің нышандары –Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың аймағымыздағы қолдану аясы мен оларды насихаттау мәселелеріне мұқият қарау қажеттігін баса айтты. «Мемлекеттік рәміздерді насихаттау ісі тек қана акциялар мен мерекелік шаралармен шектелмеуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде, күн сайын жүргізілуі қажет. Нақты мақсатты шараларды қолға алған жөн. Ал ҚР рәміздерін қолдануға қатысты қалалар мен аудандардағы жіберілген олқылықтар бақылаудың жоқтығынан деп білем. Жергілікті жерлердегі ішкі саясат бөлімдері дұрыс жұмыс істемейді. Бұл – үлкен кемшілік», - деді Бақытжан Әбдірұлы.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

