АУЫЛДЫҚТАРДЫҢ ТҰРМЫСТЫҚ АХУАЛЫ ҮШІН

облыстық департаменттер мен аудан әкімдіктері бірлескен жұмысқа көшті

       Аймағымызда облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ұйтқы болуымен аудандардың, ауыл тұрғындарының әлеуметтік, экономикалық мәселелерін оңтайлы шешу бойынша жаңа бастама қолға алынды. Оған сәйкес, енді аймақ басшысының аудандарға жұмыс сапары облыстық әкімдікте, облысымыздың түрлі департаменттері мен басқармалар басшыларының қатысуымен өтетін арнайы мәжілісте қорытындыланатын болады. Онда тиісті аудан әкімдері облыс әкімінің сапары барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша нендей нақты шараларды атқарғандығы туралы, жалпақ жұрттың алдында, егжей-тегжейлі есеп береді. Сондай-ақ, өз күштерімен шеше алмайтын мәселелерді еш бүкпесіз ортаға тастай алады. Мәжілістің ерекшелігі де сонда болса керек. Ал ол мәселелер, өз кезегінде, облыстық деңгейде шешімін таппақ. Бұл – аудандардың өз ішкі қиындықтарымен жекпе-жек қалмауы үшін аса маңызды. 

       Апта басында облыс әкімдігінде мұндай негіздегі алғашқы мәжіліс ұйымдастырылды. Онда Лебяжі ауданының әкімі Серік Әпсалықов есеп берді.

       Өткен екі айда облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен төрт ауылды аралап қайтты.  Кейбірінде тіптен екі рет болды. Шалғай жатқан елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, бүгінгі жай-күйін өз көзімен көрді. Нәтижесінде бірқатар мәселелердің басы ашылып, олар бойынша аудан басшылығына нақты тапсырмалар берілді.

 

       Тапсырмалар орындалуда

       Лебяжі ауданының тұрғындары, облыс әкімінің сапары барысында, ауыз судың тапшылығы, жол, дәріханалардың, мәдениет ошақтарының жоқтығы сынды басқа да проблемаларды көтерген болатын. Аудан әкімі оларды түзетуге бағытталған аймақ басшысының тапсырмаларын орындау ісі дереу қолға алынғандығын айтты. Сондай-ақ, ірілі-ұсақты бірқатар мәселелердің қазірдің өзінде өз шешімін тапқандығын жеткізді. Мысалы, дәрі-дәрмек тапшылығын көріп отырған елді мекендерде дәріхана ашуға болатын лайықты ғимараттар белгіленген. Олар бойынша мәліметтер облыстық денсаулық сақтау департаментіне жөнелтіліпті. Орманды алқапқа жақын орналасқан ауылдарда ағаш шабуға арналған заңсыз қолданыстағы электр араларын анықтау бойынша арнайы рейд жүргізілген.    Сойылған мал етіне жедел сараптама жасау үшін облыс орталығына едәуір жақын орналасқан ауданның бірқатар ауылдарының тұрғындарына ветеринарлық-санитарлық тексеруден Павлодар қаласындағы зертханада өтуге рұқсат етілді. Аудандық емхана дәрігерлері бірқатар ауылдарға шығып, тұрғындарды тексеруден өткізген. Бұл бағыттағы жұмыстар арнайы құрылған кестеге сәйкес тұрақты түрде жүргізілетін болады. Сондай-ақ апта басында осындай мақсатпен Г.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана мен облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері де ауданның бірқатар ауылдарын аралап шыққан. Біраз ауыл тұрғындарының үйлеріне телефон желілері тартылыпты. Бұдан басқа да көптеген шаралар атқарылған. Тек ауыл тұрғындарының кейбір жекелей өтініштерінің орындалмай қалып жатқан жайы бар. Шағын мысал, облыс әкімінің сапары барысында Шоқтал ауылының тұрғыны С.Жолдаспаева арнайы сауықтыру санаториіне жолдама алып беруге көмектесуді өтінген. Аймақ басшысы ол кісіге мүмкіндігінше көмек қолын созуды аудан әкіміне тапсырған болатын. Алайда аудан басшылығы әлеуметтік жолдамалар тек мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ұлы Отан, ауған соғысының ардагерлеріне және қауіпті төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға ғана берілетіндігін алға тартып, С.Жолдаспаеваға аталмыш жолдамаларды өз қаражатына қай жерден сатып алуға болатындығы жөнінде ақпарат беріп қана құтылған. «Егер ол кісі жолдаманы өз күшімен сатып ала алса, онда бізге өтініш білдірмес еді. Қол ұшын берер-ау деп үміттеніп, көмек сұрамас еді. Ал сіздер осыны біле тұра, оңай құтылудың жолын іздеп «жолдаманы өз қаражатыңа сатып ал» деп кеңес бересіздер. Осының салдарынан, жергілікті жерлердегі ауыл әкімдері, аудан басшылығы тұрғындардың өтінішіне дұрыс құлақ аспағандықтан халық наразылығы туындайды. Себебі сіздердің жұмыстарыңызға көңілдері толмайды. Сондықтан ешбір азаматтың өтініші жерде қалмауы тиіс. Қалай да болсын көмектесудің жолдарын қарастырыңыздар», - деп Бақытжан Әбдірұлы аудан әкіміне қатаң ескертті.

 

       Шешімін күткен мәселелер мол

       Лебяжі ауданының әкімі С.Әпсалықов өңірде соңғы жылдары атқарылған игі шараларды да атап өтті. Ілгерінді жылжу байқалады. Дегенмен әлі де болсын «осы бір мәселелер шешілсе тұрғындардың өмірі жақсара түсер еді» деген түйткілді тұстар баршылық көрінеді. Аудан әкімі оларды да бүгіп қалмады. Айтпасқа болмайды. Себебі ондай негіздегі проблемаларды еңсеруге аудандық бюджет қауқарсыз. Атап айтар болсақ, ауылшаруашылығы саласы бойынша алты ауылда мал жемтігін көметін орын жоқ көрінеді. Лебяжі ауылында су насостық станциясын, Ямышев ауылында су құбырын қайта қалпына келтіру керек. Ал Жамбыл ауылына жаңадан су құбырын салу қажет.

       Тағы үш-төрт елді мекен таза сумен қамтамасыз етуге арналған кешенді блок модульдерге зәру. Тозығы жеткен жолдар талай жылдан бері жөндеу көрмеген. Бұл тұрғыдан алғанда шалғай жатқан ауылдардың жағдайы мүлде мүшкіл. Қыс түсіп, көктем шықса болды, тұрғындар ауылдарынан аттап баса алмайды. Осы салаға аудандық бюджеттен жыл сайын бөлінетін қаржы тек жолдарда ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізуге ғана жететін көрінеді.  Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бойынша қызмет көрсететін мекемелердің арнайы техникалық жабдықталуы нашар. Аудан орталығы - Аққу ауылындағы орталықтандырылған жылу жүйелерінің біраз бөлігі әбден ескірген. Ауданға келіп жатқан жас мамандарды пәтермен қамтамасыз етуге қаражат керек. Білім беру саласы бойынша мектептердегі жиһаздар ескірген, компьютерлер де жаңартуды талап етеді. Денсаулық сақтау саласында да түйткілді тұстар бар. Мерғалым, Шақат ауылдарында дәрігерлік амбулаториялық бөлімшелер жоқ. Ауданға көшпелі флюорографиялық қондырғы қажет. Себебі Лебяжіде туберкулез ауруына шалдығу мәселесі әлі де өзекті тұр. Төрт ауылда мәдениет үйі жоқ. Тағысын тағылар...

       Бұл аудан әкімінің атап өткен ең негізгі деген мәселелері ғана. Осының барлығын нақты жүзеге асыру ісі жүздеген миллион теңге қаржыны талап етеді. Мұндай ауыртпалықты аудан қазынасы жалғыз көтере алмасы анық. Дегенмен оның барлығын облыстық бюджетке де артып қою қисынсыз деп атап өтті Б.Сағынтаев. «Сіз өз есебіңізде тек аудандағы барлық мәселелерді жіпке тізгендей етіп, жай ғана атап өтпей, олардың қайсысын өз күштеріңізбен шеше аласыздар, ал қайсысына облыстық деңгейде көмек керек екендігін нақты айтуыңыз қажет еді. Жоғарыда аталып өтілген проблемалардың барлығын облыс қазынасына қаратып қоюға болмайды. Өз бюджеттеріңіз де бар. Әрине оның барлық мәселелерді шешуге жеткіліксіз екендігі түсінікті. Ендеше басқа, ұтымды жолдарын іздестіру қажет. Мысалы, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту шараларына жергілікті шаруа қожалықтарын, кәсіпорындарды жұмылдыра білу керек», - деді облыс әкімі.

 

       «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

       Енді Лебяжі ауданы әкімдігі мен облыстық департаменттер,  басқармалар алдында жоғарыда аталған мәселелерді оңтайлы шешу бойынша жұмыс жоспарын жасау міндеті тұр. Бұл бағыттағы шаралар қазірдің өзінде басталып кеткен. Мәжіліс барысында департаменттер мен басқармалардың басшылары өз салалары бойынша ауданға нақты қандай көмек көрсете алатындығы туралы ұсыныстарын білдірді. Дегенмен, алқалы жиын барысында анықталғандай, өңірдегі түйткілді проблемаларды шешу үшін тек аймағымыздың құзырлы органдарының араласуы аздық етеді. Аудан басшылығы тарапынан талпыныс қажет. Себебі көп жағдайда қолда бар мүмкіндіктер пайдаланылмай отырған көрінеді. Әсіресе ауылшаруашылығы саласы бойынша.

        Лебяжі ауданының географиялық орналасуы қолайлы. Ресей Федерациясымен шекараға жақын. Яғни транзиттік аймақта орналасқан. Орманды алқабы бар. Кең, мал жаюға болатын жерлері жетерлік. Өкінішке қарай, бұл мүмкіндіктер пайдаланылмай келеді. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасеновтың айтуына қарағанда, ауданда аграрлық салаға аса көңіл бөлінбейді. Тыңайған жерлерді игеру көрсеткіші төмен. Балық шаруашылығымен айналысатын қожалықтар мүлдем жоқ. Ет, сүт өнімдерін қайта өңдеу саласы дамымаған. Осы және басқа да кемшіліктерді ескере отырып аталмыш басқарма басшылығы нені, қайда, қалай дамытуға болатындығы жөнінен нақты ұсыныстарын білдірді.

       Ауданда демографиялық жағдай нашарлап бара жатыр. Мамандар мұны әлеуметтік жағдайдың нашарлығымен байланыстырып отыр. Тұрғындар жақсы өмірдің жетегінде туған мекендерін тастап, көшіп жатқан көрінеді. Есесіне Лебяжіде сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші артуда.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзеков ауданда алкогольді ішімдіктер, есірткі сынды адам психикасына әсер ететін зиянды заттарды қабылдау салдарынан психикалық сырқатқа шалдыққан тұрғындар санының ұлғайғандығын атап өтті. Бұл көрсеткіш 2008 жылғымен салыстырғанда екі есеге көбейген. Жалпы, денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда дәріханалар, медициналық бөлімшелер ашу ісіне баса мән берілмек. Дегенмен дәріханаларға қатысты мәселелер әлі де кенжелеп тұрған жайы бар. Облыс әкімі басқарма басшысына бұл істі өз деңгейінде ұйымдастыруды қатаң тапсырды.

        Білім беру саласы бойынша аудандағы мәселелер рет-ретімен шешілуі тиіс. Себебі барлық проблемаларды бір демде ауыздықтау мүмкін емес. Мысалы алдымыздағы жылы мектеп жиһаздары жаңартылса, одан кейінгі жылы барлық күш компьютерлік  жабдықталуға жұмсалмақ. Осылайша, уақыт өте келе күн тәртібінде тұрған мәселелердің барлығын шешуге болады. Облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейтованың бұл ұсынысын облыс әкімі қолдады.

       Мәжілісте облыстық басқармалар мен аудан басшылығы бірлесе жұмыс істеуі қажет екендігі айтылды. Себебі кейбір жағдайларда тараптардың өздігінше әрекет етуі салдарынан қосымша мәселелердің туындайтыны анықталып отыр. Сондай-ақ шара барысында аймағымыздың ішкі істер департаменті қызметіне сын айтылды. «Аудандағы заңсыз есірткі қабылдау, ағаш, мал ұрлау фактілерінің ұлғайғандығы ішкі істер органдарының мардымсыз жұмысының салдары», - деді Б.Сағынтаев.

       Осылайша, мәжіліс барысында Лебяжі ауданындағы түйткілді мәселелер ашық талқыланды. Ендігі жерде ауданның әлеуметтік, экономикалық жағдайының, тұрғындардың тұрмысының жақсара түсуі жоғарыда аталған мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесіне байланысты болмақ.

       Алқалы жиынды қорытындылаған облыс әкімі мұндай бағыттағы жұмыстардың басқа да аудандар бойынша қолға алынатындығын жеткізді. «Бүгінгі мәжіліс барысында талқыланған мәселелер бойынша бір аптаның ішінде нақты шаралар жоспарын құру қажет. Ең алдымен үстіміздегі жылдың соңына дейін жүзеге асыра алатын бағыттарды қолға алған жөн. Әрине, кейбір нысандардың құрылысы, жол салу, жөндеу сынды жұмыстарды тез жасау мүмкін емес. Сондықтан белгіленген шараларды мүмкіндігінше алдағы үш жылдыққа жоспарлайық. Бұл ауданның өзіндік «Жол картасы» бағдарламасы болмақ», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30