Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.
Кеңес мүшелері аталмыш бағдарлама бойынша қаржыландыруға ұсынылатын екі бизнес-жобаны қарады. «Темірбанк» АҚ Павлодар филиалына түскен жобалар нарықта бұрыннан бері жұмыс істейтін өндірістерді кеңейтуге және шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге бағытталады. Мәселен, «Ақ НАН-PV» ЖШС мемлекет қаржы беретін болса, оған диірмен құрылғысын сатып алып, өндірілетін жоғарғы сұрыпты ұнның көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлаған. Сонымен бірге қосмыша жұмыс орнын ашу көзделген. Облыс әкімі жобаның тиімділігі жөнінде пікірді облыс ауыл шаруашылығы басқармасы бастығы Б.Қасеновтан сұрады. Бауыржан Қазбекұлының сөзіне қарағанда, астық пен ұн өнімдерін өндіретін біздің өңірімізде тағы бір өндіріс дамитын болса, нарықта бәсеке жағдайы күшейеді. Оның өзі тұтынушыларға қолайлы. Баға мәселесіне де оң әсерін тигізеді.
Екінші жоба – «Технологиялық желілер» серіктестігіне тиесілі. Бұл да тың өндіріс емес. Басшының қолына қаржы тиетін болса, пенополистирол өндірісін жолға қоймақ. Электр қуатының қымбаттауына байланысты келешекте қытайлық өнімдердің бағасы да көтеріледі деген болжам бар. Бір жағынан, отандық пенопласт импорттан гөрі сапалы, деп сендірді серіктестік директоры В.Шек. Мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырылатын болса, өндірісте бүгінде жұмыс істейтін 60 маманды толығымен еңбекпен қамту мүмкіндігі туады. Дегенмен шешілмеген тағы бір мәселе бар. Ол - өндіріс үшін электр қуатының жетіспеушілігі. Облыс әкімі Усолка подстанциясының салынуы түйінді мәселені шешетінін айтты.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері «Ақ НАН-PV» ЖШС мен «Технологиялық желілер» серіктестігінің жобаларын «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасына енгізуді мақұлдады.
Бұдан кейін аймақ басшысы келіп түскен жобаларды қарау бойынша банк филиалдары басшыларының есептерін тыңдады. Бақытжан Әбдірұлы кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламаны орындау жағдайы ілгерілегенін айтып, жұмысты одан әрі жеделдетуді тапсырды.
Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

