Жақында Ақтоғай ауылының орталық алаңында V жастар форумы өтті. Отан, Қазақстан, Астана туралы патриоттық әндер алаңда әуелеп қалықтап тұрды. Салтанатты шараға мектеп оқушыларынан құрылған «Жасыл ел» жастар және құрылыс отрядтары мен «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, селолық округ тұрғындары, шаруа қожалықтары «Жастар тәжірибесі» мүшелері және шағын, орта буын өкілдері қатысты. Әр отрядтардың нышандары, ұрандары болды.
Форумға қатысушылар аудан жастарын 2020-стратегиялық жоспарды – еліміздің дамуындағы маңызды кезеңді жүзеге асыруға, еңбексүйгіш, талапты, ұқыпты болуға, жақындарына қамқорлық көрсетуге, ауыл, село, ауланы тәртіпке келтіруге, Тәуелсіз мемлекетіміздің лайықты азаматтары және патриоттары болуға шақырды.
Жиын барысында аудан әкімі Манап Көбенов барлық жастарға табыс және сәттілік тілеп, еңбек тоқсанының басталуымен құттықтады. Еңбек отрядтарының командирлері абаттандыру және көгалдандыру жайлы баяндамалар жасады. Аудандық штаб, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бастығы Б.Ысқақов «Жол картасы» және «Жасыл ел» бағдарламаларын орындау жөнінде «Жасыл ел» жастар еңбек отрядтарының дайындығы туралы мәлімет берді. Ішкі саясат бөлімінің бастығы Ж.Әлин ауданның белсенді жастарына, ұстаздар, дәрігерлер қауымына және спортшыларға мақтау қағаздары мен шағын сыйлықтарды табыстады. Мұғалімдер – Д.Әділханов, С.Бадықов, Д.Рамазанов, А.Уляев, дәрігерлер – М.Халықов, Н.Еділқанова, А.Әлібекова, Р.Әбдірахманов, И.Шайілденова, спортшылар – О.Альмяшева, К.Альмяшева, В.Маркина, А.Абросимова, В.Родичева марапаттарға ие болды.
Алаңда «Бірлігіміз жарасқан!», «Елбасымен бірге қуатты Қазақстанды құрамыз!» секілді сөздер жаңғырып тұрды. «Біз - Қазақстан жалауының астында, көшбасшымен бірге, еңбек ете білетін, мақсатқа жететін, елімізді сүйетін, қол жеткізген жетістіктерімізді бағалайтын – жеңімпаздар командасымыз. Патриотизм идеясы мен бірліктің қуаты осында» - деген жастар үні естілді.
Т.СМАҒҰЛОВ,
Ақтоғай ауданы.

