қазынаға қайтарылуы тиіс
Облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының мүшелері бірқатар мекемелерде жүргізген тексерулердің қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға дәл осындай талап қойып отыр. Бұл жөнінде А.Гуськовтың төрағалығымен өткен комиссияның кезекті отырысында сөз болды.
Мұндай тексеру жұмыстары жыл басынан бері Май аудандық №29, Ақсу қаласына қарасты №19 және №3 кәсіби лицейлерде, сондай-ақ «Достық үйі» мен мамандарды дайындау және қайта дайындау орталығында жүргізілген. Отырыста мәлім болғандай, аталмыш мекемелердің қай-қайсысында да қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Мәселен, Май ауданындағы лицейде жауапты азаматтар 5 млн. 824 мың теңгенің қаржылық қателігіне бой алдырған. Бұл заңбұзушылық сонау 2004 жылдан бергі уақытты қамтиды. Аталмыш мекемеде тексеру 2004-2009 жылдардағы жұмыстарды назарға алған. Тексеру биылғы көктемде жүргізілген. Отырыста өрескел қателіктері бойынша жауап берген лицей директоры бүгінгі күні барлық олқылықтар жойылып, жөнсіз жұмсалған қаржы қазынаға қайтарылғанын жеткізді. Ал ақсулық екі лицей қаржылық заңбұзушылықтарын жою бағытында жұмыс істеп жатқанымен, көктемнен бері қайтарылуы тиіс қаржыны әлі толығымен қалпына келтірмеген. Ақсу қаласының №19 лицейіндегі тексеру жұмыстары мұнда үш миллионнан астам теңге бей-берекет жұмсалғанын анықтаған. Бүгінде жартысы қайтарылғанымен, біраз бөлігі әлі де тиісті азаматтардан өндірілмей жатқан көрінеді. Мәселен, аталмыш білім ордасы үш тұғырлы тіл үйрету бағдарламасы бойынша шетелдік мамандарды тарту арқылы шәкірттеріне ағылшын тілін үйретуі тиіс болған. Мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған «INTER TEACH» ақпараттық-консалтингтік агенттігі» жеке кәсіпкерлігі жалған болып шығып, ешбір атқарылмаған жұмыс үшін аударылған 1 миллион 170 мың теңге қазынаға қайта құйылмады. Тексеру комиссиясының мүшесі, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Г.Давдрикова лицей директорына амалын тауып, сот арқылы болсын, негізсіз аударылған қаржыны кешіктірмей қайтаруды қатаң тапсырды. Жалған кәсіпкердің ісі әлдеқашан әшкереленген көрінеді. Оны білім беру ошақтарына дер кезінде жеткізбеген әрі бірнеше рет қозғалған мәселені жарты жыл ішінде шешуге ешбір әрекет етпеген білім беру басқармасы да тексеру комиссиясының сынына ілікті. Осы лицейде сонымен қатар штаттан артық 3 күзетші жұмысқа тартылған. Сәйкесінше, тиіссіз қаржы жұмсалған. Директор лицейге қарасты аумақтың ауқымдылығын айтып, сақтық үшін осындай әрекетке барғанын айтып ақталды. Сонымен бірге ол тексеру комиссиясының анықтаған кейбір кемшіліктерімен келіспейтінін алға тартты. Алайда мамандар ол мұндай келіспеушілік жағдайын тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін толтырылатын актіде көрсетуі немесе он күннен кейін білдіруі тиіс еді дегенді айтады.
Ал №3 лицейдің директоры басқарып отырған білім ордасында орын алған қаржылық заңбұзушылықтарды бас бухгалтердің ауысуымен байланысты болуы мүмкін деген ойын бүгіп қалмады. Қалай дегенмен, қателік жіберілді. Сонымен қатар ол еңбек төлемі бойынша жіберген қателіктің өзіндік себебі барын айтып ақталды. Ол қол астындағы кәсіби мамандарды ұстап қалу үшін еңбекақыларына қосымша үстеме беріп отырғанын жасырмады. Мәселен, мұндағы өндірістік оқытудың шеберлерінің жалақысы небәрі 28 мың теңге көрінеді. Сондықтан осындай шара қолға алынған. Мұны Еңбек туралы заңның талаптарына да қайшы келмейтінін жеткізді. Дегенмен, мамандар бұл мәселеде де қарама-қайшылықтың жоқ еместігін алға тартты. Сондықтан комиссия мүшелері лицей директорына білікті заңгерлерден кеңес алғаны жөн деген пікір білдірді.
Кадрларды дайындау және қайта дайындау орталықтары тексеру комиссиясының анықтаған кемшіліктерін бірден қалпына келтірген көрінеді. Аталмыш мекемеде бастапқыда қаржылық шығындар да орын алыпты. Қазіргі таңда, керісінше, пайда тауып отырған жайлары бар көрінеді. Орталықтың негізгі қаржы көздері - мемлекеттік тапсырыстар мен «Жол картасы» бағдарламасы. Бүгінде ірі өнеркәсіптермен келісімшарттар жасау арқылы қосымша қаржы табуда. Он келісімшарт бойынша 3 миллион теңге - орталықтың қызметінің таза табысы. Дегенмен, мұнда құйылатын қаржының 70 пайызы - мемлекеттік қазына. Г.Давдрикова келесі жылы «Жол картасы» бағдарламасы жұмыс істемейді, сондықтан орталықтың жағдайын соңғы аяқ алыстарына қарай пайымдау керектігін тілге тиек етті.
«Достық үйінде» еңбекақы төлемі бойынша жіберілген қателіктер жойылып, қажетті қаржы қайтарылыпты. Алайда мұнда қыруар қаржыға алынып, кәдеге жаратылмай, қоймада сақтаулы асхана құрал-жабдықтары бар көрінеді. Бұл жабдықтар ғимараттың сметалық құжаттама жобасы бойынша сатып алынған, яғни мұнда дәмхана жұмыс істеуі тиіс еді. Бірақ дәмхананың құрылысы толығымен аяқталмаған. Сондықтан комиссия мүшелері қымбат құрал-жабдықтарды бүгінгі күні қалпына келтіріліп, бүлдіршіндер игілігіне беріліп жатқан балабақшаларға немесе мектептердің қолданысына беру керектігін жеткізді. Бұл заңды әрекет болмақ. Себебі мекемелердің қай-қайсысы да облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Ал дәмхананы жалға беру жөнінде кеңес айтты.
Осылайша бес бірдей мекемені мұқият тезден өткізген тексеру комиссиясы бірқатар азаматтарға жұмыстарын ширату керектігін ескертті. Мәселен, білім беру басқармасы бастығы Б.Бексейітоваға қол астындағы мекемелерге тиісті бақылау жүргізу қажеттігін тілге тиек етті. Ал жоғарыда аталған мекемелердің директорлары мен бас бухгалтерлеріне қызметтік міндеттерін тағы бір мұқият қарауды тапсырды. Сондай-ақ оларға анықталған кемшіліктерді жойып, тиісті қаржыны қазынаға қайтаруға уақыт берілді. Жауапты азаматтар тапсырмалар бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде тексеру комиссиясын құлағдар етулері тиіс.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

