ҚАРЖЫ БӨЛУДЕ ТЕЖЕУ ЖОҚ, АЛАЙДА...
Сейсенбі күні IV сайланған облыстық мәслихаттың кезекті 27 сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Халық қалаулылары бүгінгі күннің өзекті деген үш мәселесін талқыға салды. Сессия отырысына облыстық мәслихат депутаты Төлеген Абдрахманов төрағалық етті.
Алқалы жиында талқыға түскен алғашқы мәселе - экология, қоршаған ортаны қорғаудың жәй-күйі. Тарқата айтсақ, мұнда қоршаған ортаны қорғаудың 2008-2010 жылдарға арналған облыстық бағдарламасы аясында атқарылған істер таразыланды. Бұл жөнінде баяндаған облыс табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы С.Бейсенқұлов жүзеге асқан жұмыстарды тізбектеп берді. Оның сөзіне сенсек, қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту мақсатына бағдарлама аясында әу баста 16,5 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Оның жартысы облыстық бюджеттен болса, қалған бөлігін өндірістік орындар есебінен игеру жоспарланған. Алайда іс жүзінде бұл бағытқа бөлінген қаржы жоспарланған сомадан екі жарым есеге көп болды. Баяндамашы аймақтың өндірістік орындары да қоршаған ортаны аялаудан қаржы аямағандығын жеткізді. Сөзіміз дәлелді болсын, олар жоспарлаған 4 785,2 млн. теңгенің орнына асырып, 6 859,2 млн. теңге игеріпті. Ауа, су, топырақ құрамын әрдайым зерделеп отыруды мамандар мықтап қолға алғандарын да жеткізді. Олардың айтуынша, соңғы кездері топырақ, ауа, су асты және жоғарғы қабаттағы сулардың құрамында сынап мөлшерінің артуы сынды көріністер тіптен байқалмайды. Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аумағына да сынаптық мониторинг жүргізілуде, мұнда да ауытқушылықтың жоғын алға тартты С.Бейсенқұлов.
Мамандардың пікірінше, ауаны ластайтын қалдықтардың көбі - жылу-энергетикалық кәсіпорындары мен металл өнеркәсіптерінің еншісінде. Соңғы кездері кейбір кәсіпорындар қалдықтың көбеюін өндіріс көлемінің артуымен байланыстыруға әдеттеніп алыпты. Алайда бірқатар кәсіпорындарда өндіріс көлемі еш өзгермегенімен қалдықты азайтуға бағытталған шаралардың қолға алынбағаны айтылды. Аймақтың ірі өндірістік орындарының бір парасы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне барынша көңіл бөліп жатса, енді бірі сүзгілердің өзі қарастырылмаған көрінеді. Мәселен, «Павлодар-энерго»-ға қарасты ТЭЦ-2-де және Екібастұз ГРЭС-1-де ауаға шығатын зиянды қалдықтарды біршама азайтатын сүзгілер мүлдем жоқ. Бір қызығы, Ертіс экология департаменті бастығының міндетін атқарушы Б.Қасенов Павлодар облысы елімізде экологиялық ахуалы оңтайлы аймақтардың бірі деп көпті күлкіге жетеледі.
Жиында Ертіс өзенінің де жағдайы мүшкіл екені айтылды. Мұндағы судың тазалық деңгейін сөз етсек, Павлодар қаласы мен Павлодар ауданы маңындағы бөлігінде үшінші класты болып келеді екен. Ертіс-Қарағанды каналының экологиялық ахуалы да ойландыратын халде. Мұнда су дренажы көбейіп, жер асты сулары бетіне шыға бастаған. Жиында сондай-ақ кешегі сынақ полигонымен шектесіп жатқан Баянауыл, Лебяжі, Май аудандарының экологиялық жағдайы да ерекше назарға алынып, тұрғындарға әлеуметтік тұрғыдан айрықша қолдау қажеттігі сөз болды. Мұны Май аудандық мәслихатының хатшысы А.Тәңірбергенов те жеткізді. Ол бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағына радиологиялық зерттеу жұмыстарын әлі де жүргізу қажеттігін мәлімдеді. Себебі зардабы әлі сезінуде. Халық денсаулығына елеулі зиян келтірілгені ескеріліп, Семей полигонына іргелес аумаққа зерттеу жүргізу жоспарланғанымен қаржының республикалық бюджеттен бөлінбеуінен іс аяқсыз қалған. Ядролық сынақтан зардап шеккен тұрғындарды сауықтыру шаралары да орындалмаған көрінеді. Май ауданының әкімдігі мен Семей радиациялық медицина және экология ғылыми институтының арасында келісімшарт жасалып, соған сәйкес 2007 жылы Май ауданының тұрғындарын алдын ала медициналық тексеру басталған. Май және Ақжар ауылдарының тұрғындары толық тексеріліп, 320 тұрғынның 44-і өте жоғары радиация алғандығы анықталған. Қаржы жетіспеушілігінің желеуімен мұндай тексеру басқа тиісті ауылдарда тоқтап қалды. Анықталғандарына сауықтыру шараларын әрі қарай жалғастыру ұсынылған болатын. Алайда жолдың алыстығынан, қаржының жоқтығынан мұндай шаралар жүзеге аспай қалған. Сондықтан халыққа қолайлы болу үшін аудандық заманауи ауруханасында аймақтың бірқатар аудандарының тұрғындары үшін Семей ғылыми институтының сауықтыру бөлімінің филиалы ашылса деген ұсыныс білдірілді.
С.Бейсенқұлов тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды сақтау және пайдаға жарату мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанын жасырмады. Аймақ аумағында 5 миллиард тоннадан астам қалдық жиналып қалған. Ал бұл тығырықтан шығу үшін қатты қалдықтарды пайдаға жаратып, өңдейтін орындар салу қажет. Мұндай жоба республикалық деңгейде қолдау таппай, ұсыныс қанағаттандырылмаған көрінеді. Қоршаған ортаны қорғау басқармасының өкілдері айналадағы өзгерістерге толық мониторинг жүргізу үшін бақылау желісі тиісті деңгейде дамымағанын алға тартты. Мәселен, гидрологиялық, стационарлық бекеттер жоқ. Дәл осы жоқшылықтың аз да болса шешім табатын күні жақындағанға ұқсайды. Облыстық мәслихаттың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Г.Досжанова Парламент Мәжілісіне бұл жөнінде хат жазып, жуырда депутат Тито Сыздықовтан жауап келгенін жеткізді. Қуантарлығы, аймақтың үш қаласында 2011 жылы қоршаған орта жағдайын бақылайтын үш бекет салынбақ. Қажетті қаржы 2011 жылдың республикалық бюджетіне еніпті.
ДАБЫЛ ҚАҒУ ҚАЖЕТ
Сонымен қатар аймаққа жылжымалы зертхана да ауадай қажет болып отыр. Бұл мәселе бес жылдан бері қозғалып келе жатқанымен, сең еш қозғалмаған. Мамандар бүгінде қоршаған орта өзгерістерін жіті қадағалайтын құрал-жабдықтар жоқтығын айтып, дабыл қақты. Бірақ бұл дабылды тиісті деңгейінде тиісті органдарға жеткізе алмағанға ұқсайды. Мұны облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатаң сынға алды. Ол баяндамашылардың сөзінен, нақты атқарылған жұмысты көре алмағанын айтты. Олар министрлікке 15 бақылау бекетін енгізу жөнінде ұсыныс түсірген, одан кейін оның саны үшке түскен. Аймақ басшысы жауапты азаматтардың аймақтың мүддесі, халықтың денсаулығы үшін Астанада тиісті министрліктің есігін тоздырып, дегендеріне жетуге тырыспайтындарына таңданыс танытты. Себебі облысымыз экологиялық жағдайы бойынша Қарағандыдан кейін елімізде екінші орында екені мәлім. Осыны алға тартып, тиісті министрліктен қажетті қаржыны да, құрал-жабдықты да талап етуге павлодарлықтардың қақысы бары сөзсіз. Сондықтан облыс әкімі «жыламаған балаға емшек бермейтінін» қаперге алмайтын азаматтарды қатаң сынады.
Қоршаған ортаны қорғау мәселесі көптің көкейінде жүргені жиында анық сезілді. Мұны қойылған сауалдар мен жауапты адамдар тарапына айтылған сын-ескертпелерден байқау қиын болған жоқ. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты С.Сүлейменов Маралды көлінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, сауал қойды. Оның айтуынша, жылда күннің суыта бастауымен аталмыш көл маңында белгісіз бір топтар құрылып, оған жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын тарту арқылы көлдің рапасын жинап, сату оқиғалары жиілеп кеткен. Бұл өз кезегінде қасиетті тұзды көлге қауіп төндіруде. Депутат облыстық ішкі істер департаментіне басшы А.Оразалиновтен осы мәселені назарға алып, біржақты етуді сұрады. С.Бейсенқұловтың сөзіне сенсек, аймақтағы мұндай көлдер жуық арада иесін тауып, қорғаныста болатын көрінеді. Дәлірек айтсақ, арнайы конкурс негізінде аймақ аумағындағы 18 тұзды және өзге 122 көл табиғат пайдаланушыларға қамқорлыққа берілмек. С.Сүлейменов Павлодар ауданының Шақа, Красноармейка ауылдарының тұрғындарының шағымын, алаңдаушылығын да жеткізді. Олар соңғы кездері ауада ақ шаңның жиі көтерілетінін, экологияның зияны денсаулықтарына кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан. Мұны мамандар өндіріс орындарында жиылған күлдің желмен көтерілуінен бірнеше ай ішінде ғана болған оқиға деп сендірді. Сондықтан күл төгетін отвалдар салу қажеттігін алға тартты.
Халық қалаулылары тұрмыстық және өнеркәсіптік қатты қалдықтарды пайдаға жарату бойынша жұмыстың атқарылмағанын айтып, мәселе қозғады. Қоршаған ортаны қорғау басқармасының мамандары мұндай жобалар коммерциялық болып саналатындықтан республикалық қазынадан қаржыландырылмайтынын жеткізді. Жауапты азаматтың дәл осындай жауабы облыс әкімінің сынына ілікті. Сондай-ақ қоршаған орта ахуалына жауапты азаматтар өз істеріне жіті қадағалау жүргізбейтіндерін анық аңғартты. Жыл басынан бері ауаға шығатын зиянды қалдықтар 45 мың тоннаға азайыпты. Осыны ескере отырып, облыс әкімі Ертіс экология департаментіне «павлодарлықтар таза немесе зияндығы барынша төмендеген ауамен тыныс алу үшін әлі қанша жыл күтулері тиіс? Қанша қаржы қажет?» деген сауалдарды бағыттады. Бұл да жауапсыз қалды. Себебі мамандар атқарылған жұмыстар мен жоспарланған істерді сараптап, нақты мониторинг жүргізбейді екен. Биыл жыл соңында жылына 250 мың тонналық қуатқа көшетін «Электролиз заводының» ауаға әкелетін өзгерістерін де мамандар болжап беруге шамалары жетпеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Б.Қасеновтің мәлімдеуінше, тіпті қарапайым қоқыс орындарының көбі дерлік заңдастырылмаған. Қарап отырсаңыз, қыруар қаржы бөлінгенімен, оған сәйкесінше, тыңғылықты іс тындырылмағаны байқалады.
БАҒДАРЛАМА ОҢ БАҒАСЫН АЛА АЛМАДЫ
Бағдарламаның жүзеге асырылу барысына баға берген депутат Г.Досжанова да атқарылған істерге экология және қоршаған орта жөніндегі комиссияның көңілі толмайтынын мәлімдеді. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысын көзбен көру үшін Баянауыл ауданында болған комиссия мүшелері су қорғау шаралары бойынша жұмыстар аяғына жеткізілмегенін айтты. Мысалы, Сабындыкөл көлін тазарту шаралары жүргізілмеген. Маңайы қамыстан көз ашпайды. Тұрмыстық қалдықтарды сақтауда да олқылықтар анықталған. Аудан орталығы тұрмыстық қалдықтарды ешбір жабдықталмаған ауданның негізгі трассасынан алыс емес аумақта орналасқан қоқыс тастайтын жерге шығарады екен. Бұл қалдықтың зиянды заттары ешбір сүзгісіз бастау суына өтіп жатқан көрінеді. Мұндай жағдай ауданның экологиялық ахуалына кері әсерін әкелері сөзсіз. Дегенмен, Г.Досжанова бірқатар оң өзгерістерге де тоқталды. Мәселен, үш қалада су-канализациялық құрал-жабдықтар аздап болса да оңтайланған, соңғы үлгідегі құрылғыларды пайдаланудың нәтижесінде өндіріс орындарынан ауаға шығатын зиянды қалдықтардың көлемі біраз азайған. Алайда бағдарлама айтарлықтай өзгеріс әкелді деу қиын деді, ол өз сөзінде. Мұны тұрғындардың шағымдарынан байқауға болатынын жеткізді. Сондай-ақ ол ауаға автокөліктер санының артуымен келіп жатқан зиянды қадағалау мүлдем назардан тыс қалғанын жасырмады. Бағдарлама бойынша 2008 жылы Май және Железинка аудандарында, ал 2009 жылы Баянауыл және Ертіс аудандарында қатты қалдықтарға арналған полигондар салу жоспарланған. Бірақ бұлардың ешқайсысы да жүзеге аспаған. Депутат бағдарламаның тұрғындардың денсаулығына әсер ететін экологиялық қауіпті төмендету тармағын бағалау да қиынға түсетінін жасырмады. Себебі оны бағалау талаптары бағдарламада мүлдем қарастырылмаған сыңайлы. Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамалар павлодарлықтардың қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шаралардан ақпараттанулары өте әлсіз екендігін көрсеткен. Осыны қолға алу қажеттігі де сөз болды.
Ал облыстық мәслихат депутаты А.Оспанова экологияның тұрғындар денсаулығына тигізіп жатқан тұстарына кеңірек тоқталды. Бүгінде павлодарлықтар арасында қан айналымы жүйесі аурулары, балалардың әртүрлі туа біткен ақаулармен дүниеге келу көрсеткішінің жоғарылауы, жүрек-қантамыр аурулары, орталық жүйке жүйесінің, тыныс алу органдарының дерттері белең алуда. Бұл сырқаттарға өзге факторлармен қатар аймақтың экологиялық ахуалының да әсері бары жоққа шығарылмайтынын жеткізді. Ауадан тері арқылы ішек-қарын жолдарына өтіп, одан кейін өкпеге түсетін зиянды заттар адам ағзасына қауіп төндіретінін де бүгіп қалмады. Сонымен қатар бас ауырып, жүрек айнып, құсу фактілері де осы экологиялық кері әсермен байланысты болуы мүмкін көрінеді. А.Оспанова баяндамашылардың жағымды жаңалықтары мен айтқан сөздеріне сенуге болғанымен, нақты жағдай шындықтан алыстау екенін де ұмытпаған жөн деген пікірін білдірді. Бір сөзбен айтқанда, бағдарламаның жүзеге асырылуы билік тарапынан да, депутаттар жағынан да оң баға ала алмады. Демек, әлі тыңғылықты іс қажет.
БЮДЖЕТ НАҚТЫЛАНЫП, КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫ ТАРАЗЫЛАНДЫ
Экологиядан кейін сессияның ауаны 2010-2012 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға ойысты. Бұл жөнінде баяндаған облыс экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Г.Давдрикова бюджетті нақтылау аймаққа бөлінген республикалық трансферттер көлемінің өзгеруімен байланысты дегенді жеткізді. Оның мәлімдеуінше, облысқа бағытталған мақсатты трансферттер көлемі 529,9 миллион теңгеге азайтылған. Сондай-ақ ол нақты қаржылардың қандай бағытқа жұмсалатынын да жекелеп баяндап берді. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салалары басты назарда екені анық байқалды. Жас мамандары қолдау да шет қалмаған. Мәселен, ауылдық елді мекендерге еңбек етуге аттанған 135 жас маманға қосымша көтерме сыйақы төлеу үшін 23 миллион теңге бөлінген. Жуырда Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол жүретін павлодарлық ішкі істер органы қызметкерлеріне республикалық қазынадан 91 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Баянауыл ауылында емхана, ал Кенжекөл, Ленин, Песчан елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория салудың алғашқы жұмыстарына да қаржы бөлінген көрінеді. Облыста су жабдықтарымен қамтамасыз етуге қосымша 455, 1 миллион теңге бағытталған. Қалқаман кентіндегі су құбырын қалпына келтірудің жобалық сметалық құжаттамасы жасалған. Ақтоғай ауылында, Солнечный кентінде су құрал-жабдықтарын қалпына келтіруге, Екібастұз қаласындағы су магистраліне де қажетті қаржы қарастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар жыл басынан бері денсаулық сақтау саласын реформалауға байланысты айықтырғыш орындарының, уақытша оңалту және сауықтыру орталықтарының қызметін жүргізу денсаулық сақтау және білім беру басқармаларының құзырына өткен болатын. Г.Давдрикова бұл өзгерістер де бюджетте ескерілгенін айтты.
Сессияда азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Комиссия төрағасының орынбасары Ю.Алекпаров атқарылған жұмыстардың нәтижесіндегі оң өзгерістерге тоқтала келе, бірқатар алаңдаушылық мәселелерді де тілге тиек етті. Оның айтуынша, соңғы кездері заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жемісін беруде. Мәселен, 2009 жылы аймақта кәмелетке толмағандарға қатысты 497 қылмыс тіркелсе, бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 21,8 пайызға төмендеген. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен көшелерде орын алатын қылмыс саны да азайыпты. Есесіне кәмелетке толмағандар арасында тұрмыстық жарақаттар оқиғаларының артуы байқалуда. 54 жасөспірім өзін өзі өлтіруге оқталған. Осындай олқылықтарды ескере отырып, комиссия мүшелері балалардың құқығын қорғау департаментіне бірқатар ұсыныстар түсірген көрінеді. Комиссия мүшелері тұрғындардың мүдделерін қорғауға қатысты бұдан өзге де жұмыстар атқарған.Жүзеге асырылған жұмыстар сессияға қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Отырыс соңында бірқатар комиссиялардың дербес құрамы нақтыланып, дауысқа салынды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

