ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС ӨЗ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

 

      Халықтың әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бұрындары күн тәртібінен түспейтін жұмыспен қамту, тұрмысы төмен отбасылардың көптігі сынды мәселелер бірте-бірте өзекті болудан қалып барады. Бүгінде тіптен тиісті органдар өкілдері аймағымызда жұмыссыз жүрген азаматтардың жоқ екендігін айтып отыр. Яғни, еңбекке жарамды павлодарлықтардың әрқайсысы уақытша болса да бір кәсіптің иесі атануда. Апта басында өткен облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы осындай жағымды көрсеткіштерден басталды.
    Аймағымызда өткен жылғы қаржылық дағдарыс кезеңінің өзінде жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол берілген жоқ. Бұл бағыттағы шаралар биыл да өз жалғасын тауып отыр. Бұл ретте жыл басынан бері облыс бойынша 4234 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның екі мыңға жуығы тұрақты. Ал қалғаны - уақытша маусымдық еңбек орындары. Сондай-ақ өкілетті органдармен тоғыз мыңға тарта адам еңбекпен қамтылып отыр. Жалпы, тұрғындарды жұмыспен қамту шараларына жергілікті және республикалық бюджеттен 772,3 миллион теңге қарастырылған.
     Облыста әлеуметтік жұмыс орындарына көп көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытқа аймағымыз бойынша 346 кәсіпорын мен түрлі ұйымдар жұмылдырылған. Онымен қоса, қолында дипломы бола тұра жұмыс таба алмай жүрген түлектерді еңбекке орналастыру мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қолға алынды. Оның негізінде жоғары немесе орта кәсіптік оқу орнын бітірген 800-ден астам жас өз мамандықтары бойынша еңбек орындарына бағытталмақ.
    - Тұрғындарды жұмыспен қамтуда «Жол картасы» бағдарламасының маңызы зор, - деп атап өтті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы В.Берковский. Жыл басынан бері кәсіби дайындау, қайта дайындау және біліктілікті арттыру курстарына барлығы 2437 жұмыссыз жіберілсе, оның 1595-сі - аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру шаралары аясында жолдама алғандар. Жалпы «Жол картасы» нысандарында кәсіп тапқан павлодарлықтар өте көп.
Тағы бір атап өтерлігі, соңғы төрт жылдың ішінде облысымыздағы кедей отбасылардың саны 3,5 есеге азайған. Бұл - бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысының, зейнетақының, басқа да әлеуметтік төлемдер мөлшерінің артқандығының арқасы. Сондай-ақ жыл сайын атаулы әлеуметтік төлем алатын отбасылар саны да азайып келеді.
     Бүгінде тұрмысы төмен отбасыларға тиімді көмек көрсетудің тағы бір әдісі мал шаруашылығын дамытуға берілетін қайтарымсыз материалдық көмек болып табылады. Жергілікті бюджеттен бұл мақсаттарға жылда қажетті қаржы қарастырылады. Мысалы, өткен жылы осындай 447 отбасына ірі қара мал сатып алу үшін 37,2 миллион теңге төленген. Ағымдағы жылы тағы 276 шаңырақ жалпы сомасы 21,8 миллион теңге алады. Онымен қоса, өзінің жеке ісін бастаймын деген азаматтарға шағын несие беру тәжірибесі бар. Алайда, В.Берковскийдің айтуына қарағанда, халық мұндай мүмкіндіктерді пайдалануға әлі де болсын асықпайтын көрінеді. Қала берді, «шаруашылықты дамыт, жеке іс баста» деп беріп тұрған қаржыны алмайтындар да бар екен. «Бұл жалқаулықтың салдары болса керек. Тұрғындар жанның тыныштығын ойлайды. Олар мал өсіріп, басқа да жұмыстармен айналысқанша атаулы әлеуметтік көмегін алып отырғанды жөн көреді», - дейді басқарма бастығы.
     В.Берковский өз сөзінде тағы бір мәселенің басын ашып берді. Өткен жылдың соңында облыс әкімдігінің қаулысымен және облыстық мәслихаттың шешімімен Павлодар қаласында психоневрологиялық сырқатқа ұшыраған жандарға стационарлық негізде сапалы әлеуметтік көмек көрсететін жаңа орталық салуға қаржы бөлінген болатын. Алайда оның құрылысы әлі басталмаған. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы өткізген конкурста «Нұх» атты мердігер кәсіпорын жеңімпаз атанды. Бірақ оның басшылығы жобаны бастауға «күнде ертеңмен» уақытты созып жүрген көрінеді. Тіпті, жарты жыл өтсе де, олар нысанның жобалық-сметалық құжаттарын да дайындамапты. Ал аталмыш нысан өте қажет. Себебі қолданыстағы психикалық дертке шалдыққандарға арналған мамандандырылған мемлекеттік мекеме толық. Онымен қоса, бүгінде облыс бойынша өз кезегін күтіп отырған осындай тағы 350 сырқат бар. Оларды отбасылық жағдайда ұстап отыру қиын, арнайы мекемеге орналастыру керек. Бірақ мердігердің жауапсыздығынан мұның барлығы әлі қашанға созылары белгісіз. В.Берковский осы мәселеге қатысты өз алаңдаушылығын білдірді. Ал комиссия мүшелері жақын арада аталмыш проблеманың мән-жайын анықтау үшін кезектен тыс мәжіліс жасайтындықтарын жеткізді. Оған жауапты мемлекеттік органдар мен жоғарыда аталған мердігер компания басшылары қатыспақ.
     Алқалы жиын барысында бұдан басқа да баға саясаты, денсаулық сақтау саласы бойынша да бірқатар мәселелер қаралды.


Данияр ЖҰМАДІЛОВ

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31