Сейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс 28-інші сессиясы болып өтті. Оған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Сессияға облыстық мәслихаттың хатшысы Ринат Гафуров төрағалық етті.
Күн тәртібі бойынша алғашқы болып қаралған мәселе – облыстық мәслихат депутаттығына қайтадан өткен сайлаудың нәтижесі. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сабырханова №20 Қамзин сайлау учаскесі бойынша өткен сайлаудың заң бұзушылықсыз жүзеге асқанын хабарлады. Бастапқыда депутаттыққа 8 адам ұсынылды. Бірақ кейін оның үшеуі құжаттарының жетіспеушілігі себепті тіркелген жоқ. Қалған бес үміткердің үшеуі тіркелгеннен кейін өздерінің кандидатураларын қайтарып алды. Сөйтіп аталмыш учаскенің сайлаушылары екі кандидатқа дауыс берді. Ә.Сабырханованың баяндауынша, сайлаушылардың 57,2 пайызы сайлауға қатысты. Қатысушылардың 90 пайызы облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Р.Игібаеваға дауыс берді. Сөйтіп ол бос қалған депутаттық мандатқа басым дауыспен қол жеткізді. Жаңа депутатқа арнайы куәлікті облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Гафуров салтанатты түрде табыстады.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Галина Давдрикова биылғы жылғы облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер мен толықтырулар ұсынды. Оның ішінде Ақтоғай ауданында таза ауыз су құрылғысын орнату бойынша өткізілген тендерде үнемделген қаржыны қайтару мәселесі болды. Ұсынысты депутаттар талқыға салмай-ақ құптады.
Сессия барысында жаңадан тағайындалған облыс әкімінің бірінші орынбасары Роман Скляр, облыс әкімінің орынбасарлары - Мұрат Оспанов пен Манап Көбенов, облыс әкімінің аппарат жетекшісі Арслан Әбдіхалықов таныстырылды. Халық қалаулылары әкімдіктің дербес құрамын жеке шешім негізінде мақұлдады. Бұдан соң депутаттар тілдерді дамытуға байланысты іс-шаралар жоспарына енгізілген өзгерістер бекітті.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

