АУЫЗСУҒА ЖАРЫМАҒАН АУЫЛ КӨП

 

Аймағымызда ауызсу жетіспеушілігі мәселесі алға шығып отыр. Әсіресе, ауылдық жерлерді мекен еткен тұрғындарды сапалы сумен қамту көңіл көншітпейді. Жыл сайын аталмыш салаға миллиондаған қаржы құйылса да нәтиже мардымсыз. Онымен қоса, кей жағдайларда артық қыламыз деп, тыртық жасап жатқан жайымыз бар. Мысалы, елді мекендерге көптеп орнатып жатқан таза ауызсумен қамтамасыз етуші кешенді блок модульдердің біразы (КБМ) бүгінде істен шығып үлгерген. Мамандар оның бірнеше себептерін алға тартуда. Осы және басқа да мәселелер облыстық мәслихаттың экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында сөз болды. Шараға облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы А.Гуськов қатысты.

 

Жобалар аяқталмай қалды

Бүгінде облысымызда  412 ауылдық елді мекен бар. Оның тек 76-сы ғана орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Сексеннен аса ауылда кешенді блок модульдер орнатылса, қалғандары құдықтан, су ұңғымаларынан алынған ауыз суды пайдалануда.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары С.Көшімбаевтың айтуына қарағанда, барыс жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынған төрт жоба аяқсыз қалған. Енді аталған мемлекеттік орган басшылығы бастаған істі соңына дейін жеткізу үшін облыстық бюджеттік комиссияға қосымша қаражат қарастыру туралы өтініш жасап отыр. Қажетті қаржы көлемі 374,1 миллион теңгені құрайды. Егер бюджеттік комиссия оң шешім шығарып, тиісті қаражат бөлінетіндей жағдай болса, онда биыл Ақсу қаласы мен Қашыр, Баянауыл, Павлодар аудандарындағы бірқатар су құбырлары қайта қалпына келтірілмек. Бірақ бұл да барлық мәселенің шешімі бола алмайды.

 

КБМ бар, су жоқ

«Ауыз су тапшылығы проблемасы талайдан бері күн тәртібінен түспей келе жатыр. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін нәтиже мардымсыз», - деп атап өтті экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Г.Досжанова.

Мәжіліс барысында анықталғандай, барлық мәселе тек қаржының жетіспеушілігінде ғана емес көрінеді. Керісінше, жыл өткен сайын аталмыш саланы қаржыландыру ісі оңтайланып келеді. Мәселен, елімізде 2001 жылы алғаш рет республикалық «Ауыз су» бағдарламасы қабылданғаннан бері аймағымыздың елді мекендері бойынша инвестиция көлемі сегіз миллиард теңгеден асып отыр. Ендеше, мәселенің шешілмеуіне не себеп?

Облыстық мәслихат депутаттарының айтуына қарағанда, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуде бірқатар кемшіліктер орын алуда. Бүгінде сапалы суға байланысты тапшылық, әсіресе, Ақтоғай, Май, Ертіс, Лебяжі аудандарында жиі байқалады. Сондай-ақ,              Ақсу мен Павлодар қаласына қарасты ауылдық елді мекендерде де жағдай мәз емес.

Бұл ретте өзекті проблемалардың бірі - ұңғыма бұрғылау жерлерінде алдын ала геологиялық зерттеу жұмыстарының жүргізілмеуі. Яғни, тендер ұтып алғандар жердің ол учаскесінде судың бар не жоғын білмей тұрып, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп қаза салады. Соның салдарынан кей жерлерден су шықпай қалатын да жағдай кездеседі. Нәтижесінде ұңғымадағы су қорының жетіспеушілігінен орнатылған КБМ жұмысы тоқтап қалады. Халық сусыз қалып, бөлінген қаржыны өз қолымызбен далаға лақтырып тастағандай боламыз. «Қазіргі кезде бұл кемшілікті түзету бағытында қажетті шаралар қолданылуда. Бұдан былай геологиялық зерттеу жұмыстарын республикалық бюджет есебінен жүргізуге тырысамыз. Себебі, ол - аудан түгілі облыс бюджетіне ауыр жүк», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары С.Бейсенқұлов.

Жалпы, ресми деректерге  сүйенсек, аймақ бойынша орнатылған 82 КБМ-нің бүгінде              14-і жұмыс істемей тұр. Оның екеуі Екібастұз қаласының Қарасор, Құлакөл елді мекендеріне тиесілі. Себеп қарапайым. Аталмыш ауылдарда кешенді блок модульдерге деген қажеттілік жоқ. Өйткені жергілікті тұрғындар темір жол арқылы тасымалданатын тегін ауызсуды пайдаланады екен. Ендеше «КБМ-ді орнатудың не қажеті бар?» деген заңды сауал туындайды.

Тағы төрт блок модуль Ертіс ауданында қараусыз тот басып жатыр. 2001-2004 жылдары орнатылған бұл нысандардың қажетті құрал-  жабдықтары толық болмай шығыпты. Нәтижесінде мемлекеттік комиссия өкілдері оны қабылдамай қойған. «Қазіргі кезде олар мүлде іске жарамсыз болып қалды. Ал оларды қайта қалпына келтіру үшін 10 миллион теңге қаражат керек», - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары С.Көшімбаев. Үш КБМ әбден тозығы жетіп істен шығыпты. Жөндеу жұмыстарына зәру мұндай нысандар Май, Лебяжі, Павлодар аудандарында да бар.

Пайдалануға берілген кейбір терең ұңғымалардағы су күнделікті тұтынуға жарамсыз болып шыққан. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл, Железинка ауданының Захаровка  және Ертіс ауданының Тоқта ауылындағы ұңғымалардың суын жарамсыз деп тауыпты.

Бұған қоса, облысымыздың сексен елді мекені сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмеген. Бұл ауылдардың тұрғындары өз аулаларынан қазып алған құдықтағы суды тұтынуда. Мұндайда белгілі бір санитарлық талаптардың сақталуы жайында сөз қозғаудың өзі - артықшылық.

Сондай-ақ, халық қалаулылары Май және Беловод су құбырларын қайта қалпына келтіру жұмыстарының ұзаққа созылып кеткендігіне назалы екендігін білдірді. Тағы бір мәселе, елді мекендерде орнатылған  КБМ-дерді кем дегенде 2-3 жылда бір рет жөндеуден өткізіп, құрал-жабдықтарын тазалап отыру қажет. Алайда бұл жұмыспен айналысуы тиіс коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы нашар. Онымен қоса, қаржыландыру ісі де оңтайлы жолға қойылмаған. Бірқатар аудандарда кешенді блок модульдерге қажетті жөндеу жұмыстарын жасау үшін қаражат бюджеттен бөлінетін көрінеді. Ал кейбір аудандар бұл мақсатқа ақша таба алмай дал. Тұрғындар бір литр су үшін 25-50 тиын төлейді. Алайда одан алынған қаражат коммуналдық қызметке ғана төлеуге жетеді, дейді мамандар. Ал жөндеу жұмыстарына шамамен 2 миллион теңге қажет. Ауыл әкімдері КБМ-нен түскен артық пайда болса, соның өзін жарата алмай отыр. Себебі, тұрғындардың ауыз су үшін төлейтін қаражатын қандай мақсатқа жұмсауға болатындығы туралы еш жерде нақты айтылмаған. Жергілікті әкімдіктер аталмыш қаржыны өз еріктерімен елді мекен қажеттіліктеріне жұмсауға қорқады. Жемқор атанып кетулері мүмкін.

Аймағымызда әлі күнге дейін иесі жоқ КБМ-дер бар. Талап бойынша сапалы ауызсумен қамтамасыз етуші кешенді блок модульдер аудан әкімдіктеріне тиесілі                  болуы тиіс. Алайда іске қосылса да, бірнеше КБМ жыл бойына мемлекеттік комиссиямен қабылданып алынбаған. Себебі, мердігер кәсіпорындар нысанның құжаттарын тиісті органдарға тапсырмаған. Нәтижесінде іс жүзінде блок модульдер бар болғанымен, ресми санатта жоқ.

 

Жаңа бағдарламадан үміт күтеміз

Ендігі үміт 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасында. Жалпы, аймағымыздағы орталықтандырылған  су жүйесімен қамтамасыз етілмеген 284 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 33,4 миллиард теңге қаражат қажет. Оның ішінде, 17,1 миллиард теңге су құбырларының бірқатар бөлігін қайта қалпына келтіруге жұмсалмақ.

Бір атап өтерлігі, облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі алдағы дүйсенбі күні болатын облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІ сессиясы отырысында қаралмақ.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 30
31