депутаттар ауызсу мәселесін шешудің бағыттарын қарастырды
Апта басында IV сайланған облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІ сессиясы өтті. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік орган басшылары қатысты. Халық қалаулылары бірқатар өзекті мәселелерді қарастырды. Солардың бірі – аймақ тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Депутаттар аталмыш мәселе бойынша тиісті орган басшыларының есебін тыңдап, түйткілді шешудің бірқатар ұтымды тұстарын талқыға салды. Сессияға облыстық мәслихат хатшысы Ринат Гафуров төрағалық етті.
Бүгінде сапалы ауызсу мәселесіне келгенде аймағымыздың ауылдық елді мекендерін айтпағанда қалалардағы жағдайдың өзі көңіл көншітерліктей емес. Мысалы, облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бастығы С.Кәменовтің айтуына қарағанда, қазіргі кезде Павлодар қаласының өзінде тұрғындардың 74 пайызы ғана орталықтандырылған су желісімен қамтылған. Онымен қоса, аталмыш ауызсумен қамтамасыз ету желілерінің алпыс пайызы әбден ескірген. Нәтижесінде олар жиі істен шығады. Өткен жылы облыс қалалары бойынша су құбырларында бес жүзден астам апат орын алған. Сондай-ақ аймағымызда әлі күнге дейін иесіз жатқан су желілері бар көрінеді. Тоқсаныншы жылдардың басынан-ақ еш жерде тіркелмей қалған бұл нысандар бүгінде бас ауруына айналып отыр. Себебі иесіз қалған су құбырларын жөндеуге қазына қаржысы қарастырылмаған. Өкінішке қарай, жиырма жыл уақыт өтсе де, аталмыш су желілерінің мемлекет иелігіне қайтарыл-мауының себебі де белгісіз. Әзірге жергілікті атқарушы органдардың аталған мәселені оңтайлы шешуге қауқары жетер емес.
Қалаға қарағанда, ауыл тұрғындарының жайы бұдан да қиынырақ. Бүгінде облысымызда 412 ауылдық елді мекен болса, оның тек 76-сы ғана орталықтандырылған су желісімен қамтамасыз етілген. Сексеннен аса ауылда кешенді блок модульдер (КБМ) орнатылған. Қалғандары құдықтан, су ұңғымаларынан алынған ауызсуды пайдалануда. Сапалы суға байланысты тапшылық, әсіресе, Ақтоғай, Май, Ертіс, Лебяжі аудандарында жиі байқалады. Сондай-ақ, Ақсу мен Павлодар қаласына қарасты ауылдық елді мекендерде де жағдай мәз емес.
Бір атап өтерлігі, ауылдарға орнатылған КБМ-дердің біразы бүгінде істен шыққан. Себебі қажетті деңгейде күтім жасалмайды. «Өкінішке қарай, аудандарда сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге арналған кешенді блок модульдердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде бірізділік жоқ. Талап бойынша оларға кем дегенде екі-үш жылда бір рет жөндеу жұмыстарын жасап, құрылғыларын тазалап отыру маңызды. Алайда кейбір аудандар оған қажетті қаржыны таба алмай дал. Нәтижесінде нысандар істен шығып жатыр. Ал бірқатар аудандарда ол қаражат жергілікті бюджеттен бөлінетін көрінеді», - деді облыстық мәслихат депутаты, экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Г.Досжанова.
Мәселе мұнымен шектелмейді. Кейбір ауылдарда алдын ала геологиялық зерттеулердің жүргізілмеуі салдарынан КБМ-дер су қоры жоқ жерлерге орнатылған. Ал бірнеше блок модульдер мердігер кәсіпорынның салғырттығы салдарынан аяғына дейін іске қосылмай, бүгінде қараусыз, тот басып жатқан жайы бар. Ауылдық елді мекендердің енді бірінде КБМ-ге деген қажеттілік жоқ.
Аудандардағы орталық-тандырылған су желілеріне қатысты да проблемалар бар. Ауылдық жерлерде су құбырларын жөндейтін мамандандырылған мекемелердің жоқтығы өз салдарын тигізіп отыр. Ал ауыл әкімдерінде өз күштерімен су құбырларын қалпында сақтап отыруға қажетті материалдық- техникалық жабдықталу жоқ. Әр ауылда әрі кеткенде бір трактор ғана бар. «Онымен қоса, КБМ операторларының бірде-бірі арнайы дайындықтан өтпеген. Миллиондаған қаржы тұратын нысанда қалай дұрыс жұмыс істеу қажеттігін де білмейтін болып шықты. Оны біз арнайы тексерулер барысында анықтадық», - дейді облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы А.Гуськов.
Шараға қатысқан халық қалаулылары ауызсу мәселесіне қатысты барлық мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет екендігін айтты. Себебі, жыл сайын аталмыш сала бойынша қаншама жұмыс атқарылса да, аймағымызда тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші орташа республикалық деңгейден төмен. Облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Гафуров мәжіліс барысында айтылған барлық мәселелер ескеріліп, олар бойынша тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.
Сессия отырысында депутаттар облысымыздың бірқатар ауылдық елді мекен атауларын өзгертуге қатысты шешім қабылдады. Оған сәйкес, енді Баянауыл ауданының Күркелі ауылдық округіне қарасты Бірінші мамыр елді мекені Жарылғап, Павлодар ауданының Кеңес ауылдық округіне қарасты Комарицино ауылы Қаратоғай, ал Шарбақты ауданының Северное селосы мен Северное ауылдық округі Сынтас деп аталатын болды. Сондай-ақ Ертіс, Лебяжі, Железинка ауданы және Ақсу, Павлодар қаласындағы бірқатар білім беру мекемелеріне елімізге белгілі тұлғалар Қаныш Сәтбаев, Аманжол Шамкенов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов пен Бөгенбай батырдың есімдері берілді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

