облыстық мәслихаттың депутаттары АП-162/1 мекемесінде болды
Түрлі себептермен темір тордың ар жағынан табылып, жазасын өтеушілердің мекемелеріндегі жағдай талапқа сай ма? Аталмыш сұраққа жауап іздеген облыстық мәслихаттың азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері Павлодар қаласындағы тергеу және уақытша ұстау изоляторларын аралап, жұмыстарымен танысты. Халық қалаулылары қамаудағылармен жүзбе-жүз кездесіп, мекеме ішінде қауіпті сырқаттарға шалдыққан науқастарға көрсетілетін көмектің қандай дәрежеде екенін тексерді.
Тұрақты комиссия мүшелері Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің АП-162/1 тергеу изоляторында болды. Департамент бастығы Әбділ-Насыр Әлменовтің айтуынша, мекемеде Конституцияда көрсетілген құқықтық нормалардың барлығы қатаң түрде сақталады. Бүгінгі таңда мұнда 312 адам қамауда отыр. Оның алтауы -кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Ал отыз бірі - нәзік жандылар. Тергеудегі азаматтарға жалпы саны 152 адам қызмет атқарады. Олардың қатарына психологтар мен тәрбиешілер, қатардағы бақылаушылар мен аспазшылар кіреді. «Мұнда кәмелетке толмаған жасөспірім-дерге арнайы жеңілдіктер қарастырылады. Тергеу изоляторының шарты бойынша олар үлкендерден бөлек камерада орналасқан. Жасөспірімдер күн сайын екі сағаттан серуенге шығарылады. Осы кезде оларға спорттық ойындар, дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдануға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, олармен психолог мамандар үнемі жұмыс істейді»,- деді департамент бастығы.
Тергеуде отырғандармен жүзбе-жүз кездескен депутаттардың назары 19 жасар Ирина есімді жас келіншекке түсті. Ол Шарбақты ауданы, Александровка ауылында дүниеге келіпті. Оның айтуынша, бірге тұрып келген күйеуі есірткі қолданған. Күнде ішімдікке салынып,зайыбын ұрып-соғады. Бір жыл бойы осы «әдетінен» танбаған жолдасын ақыры өлтіріп тынған Ирина «өз-өзімді қорғадым» деп ақталуда. Міне, оның темір тордың ар жағында отырғанына екі айдай уақыт болды. Бірақ, сот әлі шешім шығарған жоқ. Ал жиырма жылдық еңбек өтілі бар есепші Марина Витруктің сот шешімін күтіп отырғанына он бір айдан асқан. «Осы уақытқа дейін сағызша созылып, шешімін таппай жүрген не мәселе» деп таңданады өзі. Халық қалаулылары соттардың бұл әрекетін қатты сынға алып, «мәселенің анық-қанығына жететін боламыз» деді.
Өткен жылы мекемеге жалпы салмағы 126,11 грамм болатын есірткі заттарын кіргізу әрекеті бойынша екі факті тіркелді. Ал жыл басынан бері мұндай әрекет әзірше орын алмаған. Есесіне, мекемеде ашық түрдегі туберкулезбен ауыратын кәмелетке толмаған екі науқас бар. Департамент бастығының сөзіне сенсек, науқастарға ем-дом шаралары қатаң түрде жүргізіледі. Мекеме ішіндегі ауаның қолайсыздығы халық қалаулыларының назарына ілікті. Мұнда өрт сөндіру құрылғылары жеткілікті болғанымен, камера есіктері өрт қауіпсіздігіне сай емес. Бұл олқылықты да мәслихат депутаттары бірден байқап, мекеме басшыларына ескерту жасады. Тергеу изоляторының жұмысымен танысқан депутаттар түстен кейін қылмыстық атқару жүйесі мамандарының қатысуымен мәжіліс өткізді.
Мәжілісте азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Александр Бабенко облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Әбділ-Насыр Әлменовке жоғарыда аталған олқылықтардың алдын алу шараларын жеделдетуді тапсырды. АП–162/2 мекемесінің бастығы Ернұр Соспанов ауаның қолайсыздығына байланысты облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциямен бірлесіп жұмыс жүргізетіндерін жеткізді. «Жыл сайын ұйымдастырылатын аталмыш шара биыл шілде айына жоспарланған болатын. Бірақ, станция басшыларымен келісе отырып, жұмысты тез арада бастаймыз деген ойдамыз»,- деді ол. Мекеме бастығы көп ұзамай өрт қауіпсіздігіне байланысты олқылықтар түзетіледі деп сендірді. Мәслихат депутаттары аталған жұмыстардың орындалуын қадағалап отыратындығын жеткізді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

