Есілдің сол жағалауынан орын тепкен Хан Шатыр сарайы кім-кімді болмасын баурап алары сөзсіз. Бас қаламызда “Бәйтерек”, “Пирамида”, “Тәуелсіздік сарайы”, “Қазақ елі” монументі сияқты әлемдік сәулет өнерінің кестесінен орын алған тамаша өнер туындылары жетерлік. Соның бірі – “Хан Шатыр” ойын-сауық-сауда орталығы болады десек артық айтқандық емес. Есімі дүние жүзіне кеңінен танылған әйгілі сәулетші лорд Норман Фостердің қиялынан туған бұл баламасыз архитектуралық өнер туындысы сәні мен салтанатын жарастырып келе жатқан Астана келбетіне айшықты көрініс беретіндігі даусыз.
Нысан негізінен берік те тұрақты монолиттік металл қондырғылардан тұрады. Металл қондырғылардың жалпы салмағы 2300 тонна, ал тұтас тұғырға қондырылатын шатырдың биіктігі 150 метр. Норман Фостердің қиялынан туған алып құрылыстың ішінде пайдаланылған арнайы жапқыштар мен орнатылған желдеткіш қондырғылар Арқаның құбылмалы ауа райы кезінде кешендегі ауаның температурасын бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік береді. “Хан Шатыр” орталығында Қазақстанда тұңғыш рет әлемге әйгілі «Debenhams» сауда желісінің әмбебап дүкені ашылады. Сол сияқты мұнда «Mudo Concept» бренділерін сататын 1 500 шаршы метр аумақта сауда орталығы ашылады. Бүкіл сауда алаңы 6 000 шаршы метрден асатын “Хан Шатыр” сауда орталығы шын мәнінде Астанадағы ең үлкен гипермаркетке айналмақ. “Хан Шатыр” орталығының 110 мың шаршы метр аумақты құрайтын жабық алаңы алты қабаттан тұрады. Ал бұл үлкен сауда кешені ашылған кезде 1 500 астаналық тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Сауда алаңдарынан басқа “Хан Шатыр” орталығында “Риксос СПА” фитнес және СПА орталықтары ашылады. Ғимараттың әрбір қабатында мейрамханалар мен дәмханалар жұмыс істейді. Ал алтыншы қабатта жүзу бассейні, аквапарк және өте тамаша әмбебап, жабық жағажай орын алады. “Хан Шатыр” орталығында бірнеше кинотеатрлар ашылады. Бұл құрылыс ғимараты орналасқан алаңда ғажайып шатырмен қатар Астанада баламасы жоқ 38 метр биіктіктегі мұнара орын тепкен. Сонымен бірге мұнда саяхат жасайтын монорельсті темір жол, 7 және 4 метр биіктіктегі кедергілері бар суда жүзу орталықтары болады. Көрікті келбетімен көз қуантқан бас қаламыздың сәулетіне сән қосатын бұл тамаша архитектуралық ғимаратта ойын-сауық орындары да молынан қамтылады. Алдағы уақытта Астана қаласының ең көрнекті жерінде қоныс тепкен “Хан Шатыр” орталығының елордамыздағы туристік кешенге айналатындығы сөзсіз.
«Хан-Шатыр» сарайы Астана қаласының 12 жылдық мерекесіне байланысты ашылды. Көшеде кезіккен қала тұрғындарынан «Неліктен алып сарай «Хан Шатыр» деп аталды?» деп сұрағанымызда барлығы да бір ауыздан Елбасының ерен еңбегімен сабақтастырып жауап қатты.

