Үстіміздегі жылдың 28 маусымы күні халықаралық деңгейдегі жаңа жоғары оқу орыны - «Назарбаев университеті» ашылған болатын. Нәтижесінде қазақстандық жастар енді инженерлік, медициналық, және энергетика саласы бойынша мамандықтарды Астанада алып шығатын болады. Бұл университетті бітіргендер елімізде, сондай-ақ, шетелде де қолданылатын диплом алып шығады.
Назарбаев университеті Астанадағы Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. Жаңа оқу орнының құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. Аумағы 80 гектар жерді алып жатқан кешеннің айналасында студенттердің жатақханалары мен оқытушыларға арналған тұрғын үйлер орналасқан. Ал университеттің жанында өмір туралы, балама энергетика және халықаралық инструменталды үш ғылыми орталық пен 6 мектеп жұмыс істейді. Олар инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық ғылым, медициналық мамандықтардың бакалавриат бағдарламасы бойынша, ал енді екі жылдан кейін мемлекеттік саясат пен бизнес мамандықтары бойынша магистратура және «ПиАжДи» бағдарламасына сай білім береді. Университет қазіргі таңда әлемнің ең үздік 30 жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 11 келісім бекіткен. Астана төріндегі Жаңа университет алдағы уақытта Қазақстандағы оқу ақысы ең қымбат жоғары оқу орны болады. Мұнда бір жылда білім алудың құны 12 000 фунт стрелингтен кем түспейді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылы өз тапсырмасы бойынша аталған университетке 500 грант тағайындаған. Сонымен қатар жаңа жоғары оқу орнында әлемнің ең үздік профессорлары дәріс оқитын болады. Жаңа университеттің арқасында «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елде оқитын студенттер, сол білімді Қазақстанда алатын мүмкіндікке қол жеткізеді.
«Қазақстанда медицина саласы айтарлықтай дамуда. Соның нәтижесінде бүгінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру көрсеткіші 68 жасты құрады. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 72 жасты құрауы керек» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Павлодар облысында болған іс-сапарында. Халықтың өмір сүру көрсеткішін арттыруды міндет санайтын Назарбаев университеті осы салада көп іс атқарады деп сенім артылуда.
Мемлекет басшысының атындағы университет еліміздегі белді оқу орнына ғана емес, ұлттық брендімізге айналары анық.
Әзірлеген Е.ӘМІРЕНОВ,
Суретті түсірген Т.НҰРҒАЗЫ.

