Астанаға алып барған- атамыздың ақ батасы,- дейді тізгінді қатар тартқан қос ару

 

     Халқымызда «баталы құл арымас» деген даналық бар. Асылы үлкеннің берген ақ батасы әманда қабыл болады. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті экономика факультетінде оқып жүрген Ботагөз Досжанова мен Айдана Асановалар Ертістің Павлодар өңіріне танымал тұлға Арапа Нұрғазиндей аталарының аманатын арқалап Елордасындағы белді оқу ордасында білім нәрімен сусындауда.

    Қаржыгер мамандығын игеріп жүрген қос аруға бұл сірә, бала күнгі армандарың шығар дегенімізде:

    -Жоқ, балалықтың балдәурен күндерінде неге екені белгісіз, заңгер болсақ дейтінбіз. Бәлкім, біреулерге еліктеген болармыз. Есейе келе болашақта қаржыгер болуға белді бекем будық. Бұлай болуы да заңдылық шығар. Себебі, нағашы әжеміз есепші, аналарымыз қаржы саласының майталмандары,- деді сәл жымиып.

    Екеуі бүлдіршін шағынан қойдың егіз төліндей қатар өсті. Мектеп босағасын бірге аттап, кейіннен қаламыздағы Абай атындағы №10 лицей мектебіне ауысты.

    -Атамыз оқыңдар, тек білімді адам ғана биік белестерді бағындыра алады. Еліңді, жеріңді сүй, Елбасыңды құрметте дейтін. Бұл айтқан даналығы қиындықпен бетпе-бет келген сәттерде бізге кәдімгідей қуат береді,- дейді Ботагөз.

    Бүгінгі заманда бәсекелестікке қабілеттілердің ғана бағы жанады. Мұны жүрегімен түсінген жерлестеріміз павлодарлықтардың атына лайықты білімдерімен көзге түсуде. Ең бір қызықты сәттері туралы әңгімелеп берулерін өтіндік. Айдана университеттегі ең алғашқы өтілген экономика пәнін еске алды. Бәлкім, жастардың шама-шарқын тексеру ниеті болса керек, дәріс беруші студенттерге ортақ сұрақ қояды. Жауабын біліп отырған екі құрбы бір сәтте қолдарын көтереді. Жан-жақтарына ерекше бір мақтаныш сезіммен көз тастаса аудиториядағы барша жұрт қолын көтеріп отыр екен. Сөйтсе, бұлардың тобындағы 27 жас өреннің тең жарымы еліміздің түкпір-түкпірінен келген «Алтын белгі» иегерлері болып шығыпты.

    -Елордамыз бізді құшақ жая қарсы алды. Күн өткен сайын оған деген құштарлығың арта түседі. Біз павлодарлық жастар бір үйдің балаларындай қарым-қатынастамыз. Түрлі іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына белсене араласамыз. Сабақтан қолымыз босай қалса қоғамдық жұмыстармен шұғылданамыз,- дейді өздері.

    «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген қанатты сөздің тегін айтылмағаны түсінікті. Өзара ынтымақтастық пен бірліктің арқасында Астана қалалық жастар мәслихатына сайлау болған тұста Асхат деген жерлесіміздің жеңіске жетуіне барша павлодарлық өрендер күшін салыпты.

    -Бұл қала көзінде жалын оты бар адамның қуатын еселей түседі. Ғылым деген түбі көрінбейтін тұңғиық. Бойлай бергің келеді де тұрады. Алдағы уақытта білімімізді жетілдіру мақсатында оқуды шетелдерде жалғастырсақ деген ойымыз да жоқ емес. Біз - еліміздің ертеңіміз, Елбасымыздың салып берген сара жолын жалғастырушылармыз. Қазағымыздың көк байрағын асқақтата беру басты міндетіміз,- дейді қос ару.

    Соңдарынан ерген ізбасарларын да Астана қаласындағы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарына шақырады. Қиялға қанат бітірген керемет қала барша қазақтың мақтанышы. Есіл мен Ертіске қатар еркелеген қыздарымызға сәттілік тілеу ғана қалды біздерге.   

 

Жұмабек Сманов.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31