Павлодар облысының халыққа қызмет көрсету орталығында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған «Ашық есік күні» шарасы өтті. Шара барысында журналистер қауымына орталықтың атқаратын қызметі туралы таныстырылды. Орталық директоры Мәдениет Ахметов мекеме инспекторларының жұмыс барысында қолданылатын техникалық жаңалықтар мен құжаттарды қабылдауды бақылау жүйесі туралы әңгімелеп, экскурсия жүргізді.
2006 жылы ашылған бұл орталықта бүгінгі күні 445 маман жұмыс істейді, олардың 283-і жоғарғы білімді болса, 152 маманның заңгерлік білімі бар. Күн сайын орталық 1000-ға жуық адамға 67 мемлекеттік қызмет түрі бойынша көмек көрсетеді. Бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін орталықта кез-келген қала тұрғынына сапалы көмек көрсету мақсатында нотариус, құжаттарға көшірме жасау, кеңес беру пункттері ашылған. Сонымен қатар қызмет көрсетулер бойынша шағымдар мен ұсыныстар туындаған жағдайда тұрғындар әр терезедегі «Ұсыныстар мен шағымдар» кітапшасына өз шағымдары мен ұсынстарын жаза алады. Оперативтік зал басшысы қызметін атқарушы Меруерт Касаинованың айтуынша, қызметкерлердің жұмыс қарқынын реттеу мақсатында сараптамалық жұмыстар жүргізіліп отырады.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу барысында орталық директоры Мәдениет Қайыргелдіұлы облыстың халыққа қызмет көрсету саласында бірқатар мәселелердің барын жасырмады. Мәселен, бүгінгі күні облыстағы орталық филиалдары қаланың басым бөлігін қызметпен қамтамасыз еткенмен, Химзауыт, Хромзауыт, Радиозауыт аймақтары тұрғындарына қатысты орталық қызметімен қамту мәселесі көтерілгенін атап өтті. Сол сияқты мекеме тапшылығы мәселесі де өткір тұр. Айталық, Павлов көшесі, 48 мекенжайы бойынша орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында кеңсе, мұрағат және автотұрақ орны жоқ екен. Орталық директоры болашақта аталған мәселелер шешімін табады деген сенімін білдірді.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

