Аққу ауылындағы аудандық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ауыл әкімдерінің арасында «Сегіз қырлы әкім» сайысы өтті. Бұл байқау ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ауылдық округ әкімдерінің мемлекеттік тілді меңгерген деңгейін әрі оны күнделікті өмірде және қызмет бабында қаншалықты қолданатындықтарын байқап, бойларындағы өнерлерін, шеберліктерін анықтау сайыстың басты мақсаты болды. Әкімдердің байқауын аудандық мәдениет үйінің әдіскері Аршагүл Ахметжанова жүргізді.
Сайыс «Ауылдан сәлем», «Сұрақ-жауап», «Менің ауылым, менің ауданым, менің Қазақстаным», «Әкім болсаң, халқыңа жақын бол», «Өнерге әркімнің бар бір таласы» атты бес бөлімнен тұрды. Байқауға аудандағы 5 ауылдық округтің әкімдері қатысып, бойларындағы бар өнерлерін таразыға салып, сынады. Олар – Нұрман Айтуғанов (Жамбыл ауылының әкімі), Бауыржан Әлімов (Малыбай ауылының әкімі), Болат Жазитов (Қазы ауылының әкімі), Әсет Желдібаев (Шарбақты ауылының әкімі) және Мұқтархан Мұсаев (Ямышев ауылының әкімі). Әр сайыскердің өнеріне арнайы құрылған қазылар алқасы ондық ұпай жүйесімен жабық түрде баға беріп отырды. Қазылар алқасына аудан әкімі аппаратының басшысы Алма Қасымова жетекшілік етті.
Сайыстың алғашқы «Ауылдан сәлем» атты бөлімінде әр әкім көрермендерді өзі басқарып отырған елді мекенмен таныстыруы тиіс болатын. Бұл бөлімде сайыскерлердің бірі ауылдың құдіреті күшті қазақтың қара сөзімен көркемдеп жеткізуге тырысса, енді біреулері өлең жолдарын құрастырып, шығармашылыққа бейімділіктерін танытып жатты.
«Сұрақ-жауап» бөлімінде әкімдер таңдау тәсілі арқылы билетте жасырынған екі сұраққа жауап берді. Онда «мемлекеттік қызмет», «мемлекеттік әкімшілік қызметші», «мемлекеттік саяси қызметші», «жемқорлық» және тағы басқа осы тектес ұғымдардың мазмұны мен мәнін ашты, жалпы Қазақстан Республикасының Конституциясынан, «Мемлекеттік қызмет», «Сыбайлас жемқорлық» Заңдарынан және Ар-намыс Кодексінен алынған сұрақтарға жауап берді.
Сайыстың 3-ші бөлімінде «Менің ауылым, менің ауданым, менің Қазақстаным» тақырыбында әкімдер әдеби жанрдағы эссе жазып ұсынуы немесе бойларындағы шығармашылық қабілетін көрсете білуі тиіс болатын. Аталмыш бөлімде Н.Айтуғанов пен М.Мұсаев ауыл, аудан туралы шығарған туындыларын орындаса, Б.Жазитов пен Ә.Желдібаев берілген тақырыпты қара сөзбен әңгімелеп беруге тырысты. Ал Б.Әлімов болса жерлес ақын, журналист Нәсіполла Есімнің «Малыбай» дастанынан үзіндіні мәнерлеп оқып берді.
«Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» бөлімінде сайысқа қатысушылар жүргізушінің азаматтардың атынан қойылған сауалдарына жауап берді. Бұл бөлімде әкімдердің жауабынан олардың әрекеттері заңға сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Олар Қазақстан Республикасының «Жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарастыру тәртібі туралы» Заңдарына сүйене отырып, жауаптарын берді.
Сайыстың соңғы «Өнерге әркімнің бар бір таласы» бөлімінде әкімдер көрермендерді тағы бір мәрте таңырқатты. Н.Айтуғанов домбыраның сүйемелдеуімен композитор, жыршы әрі термеші Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнін шеберлікпен шырқап берді. Б.Әлімов болса татар халқының ұлттық биін биледі, Б.Жазито в жерлесіміз Олег Дымовтың «Қазақстан» өлеңін оқып берді.
Байқаудың қорытындысы шыққанша көрермендердің назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Лебяжі орта мектебінің биылғы түлегі Мұратхан Қанатов Құрманғазының «Балбырауын» күйін, аққулық «Жігер» тобы қазақтың ұлттық биін, Есім Бейбітхан халық әні «Мерке» мен Майлықожаның «Дүниеге мейман көңілім» термесін, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Қуат Ахметов «Алға, қазақ жігіттері!», «Армандастар» әндерін орындады.
Қазылар алқасының шешімімен «Сегіз қырлы әкім» сайысының әр бөлімінде әріптестерінен оқ бойы озып шыққан Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұрман Айтуғанов бірінші орынды жеңіп алды. Малыбай ауылдық округінің әкімі Б.Әлімов екінші, Ямышев ауылдық округінің әкімі М.Мұсаев үшінші орындарды иемденді. Қазы ауылдық округінің әкімі Б.Жазитов «Ең тапқыр әкім» номинациясының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, қазылар алқасы Н.Айтуғановты «Ең өнерлі әкім» номинациясына лайықты деп тапты.
Қ.АСЫЛБЕК,
Лебяжі ауданы.

