СПОРТ

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛҒАН ЕКІ КҮН балуандар Махмет Қайырбаевты еске алды

Демалыс күндері Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының спорт кешенінде қазақ күресінен Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевты еске алуға арналған облыстың ашық біріншілігі өтті. Дүбірлі спорт шарасына өңірдің қалалары мен аудандарынан және Қарағанды облысынан 85 балуан қатысты. Екі күнге созылған додаға кіл мықтылар жиналды әрі шаршы алаңдағы қызу шайқас көпшіліктің көңілінен шықты. Олай дейтініміз, бапкерлер сенім артқан кейбір балуандар орта жолда сүрініп, жарыстан шығып қалды.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне халық көп жиналды. Оған әйгілі жерлесіміздің елу жыл бойы отасқан жұбайы Сәбира апай, батырдың ұл-қыздары, жақын туыстары және өңіріміздегі қазақ күресінің басы-қасында жүрген азаматтар қатысты. Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары Ардақ Торсықбаев біріншіліктің ашылу салтанатында балуандарға сәттілік тіледі.

- Осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылған спорт бәсекесі әр жыл сайын өзіндік ерекшелігімен есте қалуда. Баршаға мәлім болар, аталмыш турнир бұған дейін самбодан, белбеулік күрестен өткізіліп келген-ді. Міне, соңғы үш жылда қазақ күресінен ұйымдастырылып, ұлттық спорттың мерейін асыруда, - деді Ардақ Қайырлыұлы.

Спорт ардагері Амангелді Аймағамбетов ұлы тұлғаларды ұлықтау ұрпақтар борышы екенін айта келе, жастарды ұлттық құндылықтарымыз арқылы тәрбиелеудің маңызы зор екенін жеткізді. «Ұлтымызға деген құрмет, мемлекеттік тілге, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік осындайда байқалады», - деді Амангелді Сапарғалиұлы.

- Махмет өте ақкөңіл, жомарт жан еді. Өз ұлты дегенде барын беруге даяр тұратын. Екеуміз бес бала тәрбиелеп өсірдік. Өмірге өкпеміз жоқ. Серігімнен айырылған он алты жыл ішінде әжептәуір қиналдым. Одан кейін ұлым Мұхтардың қазасы жығылған үстіне жұдырық болып тиді. Жарықтық Мұхтар әкесінің аузынан түскендей аумайтын. Ұлдарым Мұрат пен Қайраттың да мінездері әкесіне ұқсайды. Махметті еске алып, батырдың атын ұлықтап жатқан ұрпақтарына қуаныштымын. Оның аруағы бір аунап түскен болар, - деп тебіренді Сәбира апай. Сексеннен асқан кейуана жиналған жұртқа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Балуандар жеті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. 54 келіде Павлодар қаласының өкілі Болдыбек Мәкетаев бас жүлдені иеленді. 60 келіде бақ сынаған Еркін Қамшатов (Павлодар қаласы) қарсыластарын қапыда қалдырып, үздік атанса, Ерасыл Сыздықов (Павлодар қаласы) 66 келіде топ жарды. Павлодарлықтар Айдын Жұмабеков (74 келі) пен Саян Қайырбергенов (82 келі) те жеңістің биік тұғырынан көрінді. 90 келіден жоғары салмақта Дархан Жоламановқа (Павлодар қаласы) тең келер ешкім болмады. Ақтоғайлық Салман Мерзоев аса ауыр салмақта жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Айдын Жұмабеков түйе балуан атанды. Ол             ақтық бәсекеде Салман Мерзоевты алып ұрды.

Бірқатар балуандарға түрлі аталымдар бойынша сый-сияпат көрсетілді. Атап айтар болсақ, баянауыл-дық Айдын Мәжитов қарсыласын аз уақыт ішінде шалып, жыққаны үшін арнайы жүлдеге ие болды. «Ең жас балуан» аталымы бойынша Әлібек Болатов марапатталса, Дулат Қыдырбеков жеңіске де-ген құштарлығы үшін ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Үздік әдіс-тәсіл көрсете білген ақтоғайлық Талап Сағындықов пен павлодарлық Болдыбек Мәкетаевқа да құрмет көрсетілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Қазақ күресінен өңірімізге белгілі жаттықтырушы Мейрам Қамзиннің айтуынша, турнир тартысты өтті. «Жалпы, облыстағы қазақ күресі қарқынды даму үстінде. Мәселен, железиндік Төлеген Болатов ұлттық құрама сапында тер төгіп жүр. Бұл да болса біз үшін зор мақтаныш. Сондай-ақ, Жақсыбек Саттаров, Дархан Жоламанов секілді балуандардың аяқ алысы жаман емес. Павлодар облысы республика бойынша үздік ондыққа енеді. Ал топ басында Оңтүстік Қазақстан облысының балуандары болса, тараздықтар екінші сатыға тұрақтаған. Қызылордалықтар үздік үштікті қорытындылап тұр. Қазақ күресіне баса мән беретін болсақ, биіктерді бағындыруға мүмкіндік бар», - дейді білікті бапкер.

М.Қайырбаевты еске алуға арналған облыстық ашық біріншіліктің бас төрешісі Бауыржан Тұрсынғанбетов жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

«ҰЛЫҚБЕККЕ СЕНІМ АРТАМЫЗ»

Жергілікті «Ертіс» футбол клубы Түркия жеріндегі екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Талғат Байсуфинов жаттықтыратын команданың биылғы ел біріншілігіне дайындығы қандай? Ұжымдағы ауыс-түйістер команда ойынына қаншалықты серпін бермек? Бүгін осы жайлы әңгімелейтін боламыз.

- Оқу-жаттығу жиындары өз деңгейінде өтті. Барлық жұмыстар бағдарлама шеңберінде өрбіді. Таңғы жаттығу, алаңдағы дайындық жұмыстары жігіттердің күнделікті дағдысына айналды. Бұл жолы алғашқы жиында үйренген әдіс-тәсілдеріміздің көмегі тиді. Әсіресе, ойыншылар физикалық дайындықтарын пысықтады. Сондай-ақ, доппен жұмыс жасады. Бақытымызға орай, ауа райының бір қалыптылығы ойға алғанымызды жүзеге асыруға көмектесті,- дейді бас бапкер «sports.kz» сайтына берген сұхбатында.

«Ертіс» Түркия жерінде Грузияның «Гагра» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:1 есебімен басым түсті. Екінші ойында украиналық «Черноморец» командасымен алаңға шығып, өз қақпасына жауапсыз екі доп жіберіп алды. Сондай-ақ, жерлестеріміз Венгрияның бірнеше дүркін чемпионы «Дебрецен» клубымен кездесті. Бұл ойында есеп ашылмады. Соңғы кездесуін болгариялық «Славиямен» өткізген керекуліктер 1:1 есебімен тең түсті. Талғат Маруаұлының айтуынша, команданың негізгі құрамымен ойнауға толық мүмкіндік болмаған көрінеді. Оған кейбір футболшылардың кішігірім жарақаттары мен сырқаттанулары әсер еткен. Дегенмен, өзге де жігіттердің ойынын бақылап, сынап көруге уақыт жеткілікті болғанын айтады бас бапкер.

Команда сапына биыл жаңадан қосылған футболшылардың көбісі өздерінің шеберліктерін көрсете білді. Десе де, Талғат Маруаұлы соңғы оқу-жаттығу жиындарынан кейін албаниялық футболшы Шошидан бас тартты. Қазіргі таңда оның орны бос тұр. Бас бапкер: «Бұл орынға легионер іздеп көреміз. Егер табылмаса, алты бірдей шетелдік аяқдопшымен ойнай бермекпіз. Шошидың ойын өрнегіне көңіліміз толды. Бірақ, команданың өзге ойыншыларымен келісімге келе алмады ма, әйтеуір, мінез көрсетумен болды. Ал футбол - командалық ойын. Сондықтан мұндай әрекеттер ұжымның алға басуына қатты әсер етеді. Бұл ретте, дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын»,- дейді.

Жарақат алған Мұрат Тілешевтің «Ертісте» доп тебуі-теппеуі футболшының жеке шешіміне байланысты. Ал өзбекстандық Ұлықбек Бақаевтың «Ертіс» сапына қосылуы күтпеген жаңалық болды. Өткен ел чемпионатының үздік шабуылшысы атанған футболшының өнерін бас бапкер жоғары бағалап отыр. «Ұлықбек - дарынды жігіт. Мұны оның қарсыластар қақпасына соққан голдарынан аңғаруға болады. Өте тәжірибелі ойыншы. Ол екінші оқу-жаттығу жиындарына қатысқан жоқ. Демалыс беріп, отбасымен бірге болсын деп ұйғардық. Ұлықбек жергілікті жанкүйерлердің көңілінен шығады деп үміттенемін. Биылғы біріншілікте оған үлкен сенім артамыз», - дейді Т.Байсуфинов.

13 ақпан күні «ертістіктер» үшінші оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Түркияға ұшып кетті. Ол 29 ақпанға дейін жалғасады.

Ф.ӘМІРЕНОВ.

 

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТҚА БАСА МӘН БЕРІЛмек

Облыс бойынша 181 мыңға жуық адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Оның 60 мыңнан астамы - ауылдық елді мекендердің үлесінде. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 2,6 пайызға артқан. Бұл туралы облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының алқа жиналысында мәлім етілді. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысып, бірқатар тапсырмалар берді.

Өңіріміздегі спорт саласы қарқынды дамып келеді. Спорт нысандары көптеп салынып, салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған тұрғындардың қатары ұлғаюда. Мәселен, өткен жылы аймақ бойынша 43 спорт құрылымы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда олардың саны 3195-ті құрайды. 2011 жылы шағын футбол, волейбол, баскетбол және гандбол ойындарына арналған жасанды жабынмен қапталған 19 алаң халық игілігіне берілді. Заманауи бокс орталығы есігін айқара ашты. Қысқы спортқа да барынша көңіл бөлінуде. Осы жылдың үшінші тоқсанында Павлодар, Ақсу қалаларында көпқұрылымды спорт кешендері іске қосылады деп күтілуде. Былтыр облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайына, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және Екібастұз қаласындағы «Жасыбай» спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы бағытта 46056 мың теңге жұмсалды. Сонымен қатар, Май және Лебяжі аудандарының спорт ғимараттарында ағымдық жөндеу жұмыстары іске асты. Спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 41983 мың теңге бағытталған.

- Біз облыстық білім басқармасымен бірлесіп жас-жеткіншектерді бұқаралық спортқа шақырудамыз. Бүгінгі таңда білім ордаларының спорт кешендерінде (330 спорт зал) 19 мың адам спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Сонымен қатар, 130 адамға жаңадан жұмыс орындары ашылды. Қазіргі таңда 2455 маман осы салада еңбек етуде. Өткен жылы 15-ші облыстық спартакиада өз деңгейінде ұйымдастырылды. Ұлттық спорт та барынша ұлықталуда. Мәселен, Павлодар облысы тоғызқұмалақтан еліміздің үздік командасы болып табылады. Өңірімізде жыл сайын бір жарым мыңнан аса спорттық іс-шаралар өткізіледі. Оған 200 мыңнан аса адам қатысып, белсенділік танытады. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз да ел намысын абыроймен қорғауда. Былтыр өткен Қазақстан Республикасының паролимпиада ойындарында жерлестеріміз 24 алтын, 19 күміс, 9 қола жүлде жеңіп алды. Ауыл спортын жандандыру мақсатында құрылған «Ел қайраты» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын жетілдіру үстінде. 500-ден аса жерлесіміз спорттың бірнеше түрінен Ұлттық құрамада өнер көрсетеді,- деді туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Александр Шнейдмюллер.

Өткен жыл біздің өңірдің спорт саласы үшін толайым табыстарға толы болды. 7 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, 79 жерлесіміз спорт шебері атағына ие болды. Баскетболдан «Ертіс-ПМХЗ» әйелдер командасы ел чемпионы атанып, биік тұғырға 12-ші мәрте көтерілді. Ал волейболдан «Ертіс-Қазхром» әйелдер командасы ел чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі. Еліміздің ІІІ жазғы спартакиадасында жерлестеріміз 23 алтын, 34 күміс және 48 қола жүлдені ұтып, жалпыкомандалық есепте алтыншы орынға тұрақтады. Биылғы жыл маңызды әрі ауқымды спорттық додаларға толы. Бұл ретте, Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпиаданың шоқтығы биік. Біздің аймақтан оқ атудан Владислав Подлесный мен жеңіл атлет Виктория Яловцева байрақты бәсекеге қатысу жолдамасына ие болды. Десе де, бірқатар спортшыларымыздың әлі де болса жолдама үшін таласуға мүмкіндігі бар.

Облысымыздағы туризм саласының ілгері дамып келе жатқаны да - қуанышты жайт. Өңір бойынша 76 туристік құрылым тіркелген. Өткен жылы аймағымызға 2 жарым мың адам саяхаттап келген. «Менің ОтанымҚазақстан», «Ертіс меридианы» секілді туристік слеттер ұйымдастырылды.

Жиында Железин ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қанат Қималиденов, облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Қайрат Қайырбаев баяндама жасап, саладағы жұмыстар жайлы мәлімдеді.

Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова:

- Спорт саласындағы жетістіктеріміз көңіл көншітерліктей. Басқарманың жұмысына оң баға беремін. Мәселелер де баршылық. Басқарма бастығына Лондон Олимпиадасына қатысатын жерлестерімізге толыққанды жағдай жасауды тапсырамын. Сондай-ақ, біліктіліктері жоғары спортшылар дайындауға мықтап кірісу қажет. Олардың жаттығу жұмыстарын үнемі қадағалап, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік туғызуымыз керек. Биыл пайдалануға берілетін көпқұрылымды спорт кешендерінің сапасына мән беріп, уақытында тапсыруға тиіспіз,-деді.

Әлия Қайратқызы дзюдо бойынша спортшыларды даярлайтын «Батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізіп, халықты бұқаралық спортқа көптеп тарту керектігін жеткізді.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

 

 

«ЕРТІС» ШОШИДАН БАС ТАРТТЫ

 

Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан «Ертіс» футбол командасы Венгрияның «Дебрецен» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 0:0 есебімен тең тарқасты. Аталмыш кездесуге қос команданың бапкерлері алаңға негізгі құрамның ойыншыларын шығарды. Естеріңізге сала кетейік, «Дебрецен» 2008 жылы УЕФА Кубогы жолындағы жарыста қарағандылық «Шахтердің» жолын кескен болатын.

«Ертіске» байланысты тағы бір жаңалық. Бас бапкер Талғат Байсуфинов 24 жасар легионер Моринглен Шошиден бас тартты. Команда сапында сынақта жүрген футболшы «Ертісте» ойнамайтын болды.

 

Еркебұлан ҚЫЗДАРБЕК.

 

ЕҢ ҮЗДІК ОБЛЫС – ПАВЛОДАР!

 

3-4 ақпан күндері Павлодар қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан республикалық семинар өтті. Оған Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Мақсат Шотаев, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева, мемлекеттік жаттықтырушы, жерлесіміз Дастан Қапаев және төрешілер мен жаттықтырушылар, халықаралық спорт шеберлері қатысты. Шарада өткен жылдың қорытындысы шығарылып, биылғы жылдың негізгі мақсат-міндеттері айқындалды. Семинарда әр облыстың өкілдері есеп беріп, жетістіктер мен кемшіліктер сөз етілді. Мәселен, Астана қаласында тоғызқұмалақтан жаттықтырушылар жоқтың қасы. Сол себепті, бұл өңірдегі тоғызқұмалақ спорты әлі де тұралап тұр. Қатысушылар Елордадағы жоғары оқу орындарында тоғызқұмалақ секцияларын ашу керек деген тоқтамға келді.

Екі күнге созылған семинарда үздіктер марапатталды. Олардың арасында біздің жерлестеріміз де бар. Облыстың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаев республиканың үздік жаттықтырушысы атанды. №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Шәріп Қашкенов үздік төреші аталымына ие болса, «Ең үздік инновация» аталымы бойынша тоғызқұмалақтың компьютердегі нұсқасын жасап шығарған, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Серік Ақтаев пен Диана Кенина марапатталды. Ал Қазақстанның үздік тоғызқұмалақшысы деген атаққа Әлем чемпиондары Ғалымжан Темірбаев пен Әсел Дәлиева лайық деп танылды. Сондай-ақ, Павлодар облысы өткен жылдың үздік ұжымы атанғанын айта кеткен жөн.

 

Қ.ТОЛАҒАЙ.

 

ТАҒЫ ДА ҚОЛА ЖҮЛДЕ...

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған бендиден (допты хоккейден) Әлем біріншілігі мәреге жетті. Ақтық сында Ресей мен Швеция хоккейшілерінің жолы түйісіп, скандинавиялықтар 5:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Швеция 11-ші мәрте Әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Қола үшін болған шайқаста қазақстандықтар 10:5 есебімен финдерден басым түсті. Бұл - отандастарымыздың әлем біріншіліктерінде олжалаған үшінші қола жүлдесі. Естеріңізге сала кетейік, 2003 және 2005 жылдары Қазақстан құрамасы әлемдік доданың қола жүлдесіне ие болған болатын.

Алексей Никишов жаттықтыратын біздің құрама финалға берілетін жолдаманы шведтермен сарапқа салды. Ойынның негізгі уақыты 4:4 есебімен аяқталып, қарсыластардың тағдыры 12 метрліктен шешілді. Өкінішке қарай, шведтер бұл сында басымдылық танытып, оның иелерін финалдық жолдамадан қалыс қалдырды.

Еркебұлан ҚЫЗДАРБЕК.

 

«АРЫСТАНДЫ» САСТЫРҒАН КҮН

 

Шайбалы хоккейден ел біріншілігінің кезекті туры артта қалды. Бұл жолы үшінші орынға алғашқыдан-ақ таласып келе жатқан теміртаулық «Арыстан» мен керекулік «Ертіс» бір-біріне қарсылас атанды. Сәтін салып, жерлестеріміз айқын басымдылықпен жеңіске жетті.

Алғашқы ойында Ерлан Сағымбаев шәкірттері 4:1 есебімен басым түсті. Сырт алаңда өткен кездесуде Станислав Басов есеп ашып, жерлестерімізді алға шығарды. Алайда, теміртаулық Александр Архипов таразы басын теңестеріп, тартысты ойынның көрігін қыздырғандай болды. Павлодарлықтар ширақ қимылдап, Евгений Ушков, Николай Заржицкий және Дмитрий Учайкин бір-бір мәртеден шайба енгізіп, маңызды ұпайға қол жеткізді.

Қарымта кездесуде де керекулік хоккейшілердің жолы болды. Екінші күнгі ойындағы алғашқы шайбаны теміртаулық хоккейші Курт Максвейн енгізді. Оған жерлесіміз Дмиртий Учайкин жауап қайтарып қана қоймай, командаласы Денис Логиновтың көзге түсуіне мүмкіндік жасады. 1:2 есебімен алға шыққан «ертістіктер» Дмитрий Шаховтан көз жазып қалып, қақпаға шайба жіберіп алды. Намысқа тырысқан Е.Сағымбаев шәкірттері сауатты ойнап, жеңіс шайбасын соқты. Мергендік танытқан Кирилл Сотников болатын. «Ертіс» пен «Арыстан» арасын 6 ұпай ғана бөліп тұр.

Еркебұлан ҚЫЗДАРБЕК.

 

 

ТАҒЫ БІР ЖОЛДАМА

Су добынан Жапонияда өткен Азия біріншілігінде қазақстандық ватерполистер сарықұрлықтың үздігі атанды. Сергей Дроздовтың шәкірттері соңғы ойында Кувейт ойыншыларын 10:5 есебімен тізе бүктірді. Естеріңізге сала кетейік, біздің жігіттер бұған дейін Күншығыс және Аспанасты елдерінің су добы шеберлерін қапыда қалдырған болатын. Қазақстандықтар алтын жүлдеге ие болып қана қоймай, Лондон Олимпиадасының жолдамасын қалтаға басты. Ал қыздар құрамасы Қытай аруларына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

 

КЕЛЕСІ КЕЗЕҢГЕ ӨТТІ

Бендиден (допты хоккей) Алматыда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы ресейлік хоккейшілерге есе жіберді. Отандастарымыз 6:8 есебімен ұтылып қалды. Дегенмен, қазіргі әлем чемпионы - Ресей Федерациясымен тең дәрежеде өнер көрсеткен біздің жігіттер «оңай шағылар жаңғақ» еместігін аңғартты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қос команда арасында өткен кездесулерде солтүстік көршілеріміз айқын басымдықпен жеңіске жететіп жүретін. Ресей құрамасының бас бапкері Сергей Фирсов осы кездесу соңында: «Ойын өте тартысты өтті әрі эмоцияға толы болды. Жанкүйерлер де дән риза» деп ағынан жарылыпты. Қазақстан құрамасы енді Финляндия жігіттеріне қарсы ойнайды. Отандасымыз Сергей Почкунов 9 доппен мергендер сапында келе жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстан құрамасы қатарынан екі ойында да жеңіліс тапқанымен, әлдеқашан ширек финалға жолдама алып қойды.

Бұл күні Финляндия құрамасы Норвегияны ұтты. Есеп – 7:2. Швеция жігіттері АҚШ құрамасының қақпасына жауапсыз 15 доп енгізді. Венгрия командасы канадалықтарға жол берсе (1:11), Латвия мен Беларусь арасындағы ойын 3:19 есебімен соңғысының пайдасына шешілді. Қырғыздар 1:12 есебімен Эстония құрамасынан ұтылды.

 

БІРІНШІЛІК МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Кекушинкай-каратэдан Павлодар қалалық біріншілігі мәреге жетті. Облыс орталығындағы №22 орта мектепте ұйымдастырылған шара «Каратэ – есірткіге қарсы» деген ұранмен өтті. Оған 250 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша ер балалар арасында Алмаз Иманғазы мен Даниял Раисов тамаша ойын өрнегімен көзге түсті. Бақыт Дүйсенбекова тартысқа түскендердің барлығын ұтып, бірінші орынды иемденді. Ал он жеті жасар Айжан Құсметдинова қарсыласын аз ғана уақыт ішінде «кайдэн маваши гери» (аяқпен басынан айналдыра тебу) соққысымен сұлатып салып, төрешілер тарапынан жоғары бағаға ие болды.

 

Спорт жаңалықтарын әзірлеген Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

ОЛАРДЫ ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫ КҮТІП ТҰР

 

2012 жылдың басты оқиғасы Ұлыбритания астанасы Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпиада ойындары екені анық. Бүгінгі таңда әлем елдері байрақты бәсекеде өнер көрсету үшін жолдама алу мәселесімен қауырт шұғылдануда. Бұл ретте, қазақстандықтар да барын салып, аламанға қосар жүйріктерді баптау үстінде.

Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, біздің отандастарымыздың дені Олимпиада жолдамасын әлдеқашан қалтаға басты. Алайда, осы бір бақыт біреулерге әлі де болса бұйырмай жүр. Дегенмен, әлемдік дода басталғанша біршама уақыт бар. Бұл – жолдама үшін талас-тартыс әлі де тоқтамайды деген сөз.

Бүгін Лондонға баратын спортшылар жайлы жалпылама шолу жасауды жөн көрдік.

 

Жеңіл атлетика

Жеңіл атлеттеріміз бүгінге дейін олимпиаданың 12 жолдамасына ие болды. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Ал кімдерге сенім артамыз деген сауалға келсек, аузымызға бірден он сайыстан Афина Олимпиадасының қола жүлдегері Дмитрий Карпов оралады. Сондай-ақ, үш қарғып секіруден 2010 жылғы Әлем чемпионы, өткен жылғы әлемдік доданың күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Ольга Рыпаковаға да артылар сенім мол. Биіктікке секіруден 2006 жылғы Азия чемпионы Марина Аитова мен 800 метрге жүгіруден Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының жүлдегері Маргарита Мацконың жолына үмітпен қараймыз. Сондай-ақ, Дохада өткен Азия ойындарының қола жүлдегері, жерлесіміз Виктория Яловцева да Олимпиада жүлдесі үшін барын салады. Жоғарыда аталғандардан бөлек байрақты бәсекеде ел намысын 100 метрге жүгіруден Ольга Блудова, үш қарғып секіруден Евгений мен Ирина Эктовтар, 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Азия біріншілігінің жүлдегерлері Наталья Ивонинская мен Анастасия Сопрунова, 200 метрге жүгіруден Виктория Зябкина қорғайды. Ал 400 метрге жүгіруден Олимпиада жолдамасына ие болған Ольга Терешкова денсаулығына байланысты қатыспайтын болды.

 

Ауыр атлетика

Қазақстандық зілтеміршілер сегіз жолдамаға ие болды. Оның төртеуі жеке спортшыларға тағайындалған болса, қалған төртеуі жалпыкомандалық болып саналады. Мамандардың пікірінше, ел қоржынына түсетін жүлделердің басым бөлігін ауыр атлеттеріміз ұтып алады. Олимпиада чемпионы, әлемнің үш, Азияның екі дүркін чемпионы Илья Ильин (94 келі), екі дүркін әлем, екі дүркін Еуропа чемпионы атанған Светлана Подобедова (75 келі), әлемнің екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының үздігі Майя Манеза (63 келі), талантты зілтемірші, 18 жасында Әлем біріншілігінде топ жарған Зульфия Чиншанло (53 келі) Ұлыбритания жерінде алтын жүлде үшін таласады. Әлемді талай мәрте мойындатқан қыз-жігіттеріміз биыл да үздік атанады деген сенімдеміз.

 

Бокс

Қазақ боксын бүгінде әлем мойындайды. Алайда, былғары қолғап шеберлеріміз әзірше алты жолдамаға ие болды. 54 келіде «Astana Arlans» кәсіпқой бокс командасының белді мүшесі Қанат Әбутәліпов жұдырықтасады. Бакуде өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері 81 келіде шаршы алаңға шығатын Әділбек Ниязымбетов пен әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев білгенінен жаңылмайды дейді былайғы жұрт. Сондай-ақ, 75 келіде Данабек Сужанов, 60 келіде Ғани Жайлауов және 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Иван Дычко Лондон төрінде барын салады.

 

Еркін күрес

Спорттың бұл түрінен қоржында - төрт жолдама. Олардың барлығы өткен жылы Түркияда өткен Әлем біріншілігінде қолға түсті. Олимпиадада Әлем біріншілігінің қола жүлдегері Дәулет Ниязбеков 55 келіде өнер көрсетсе, Дәурен Жұмағазинов 60 келіде бақ сынайды. Сондай-ақ, Әлем біріншілігінің жүлдегері, тәжірибелі балуан Әбділхәкім Шәпиев (74 келі) пен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Таймураз Тигиев (96 келі) Қазақстан қоржынына жүлде салудың амалын қарастырады.

 

Байдарка мен каноэ

Бүгінгі күнге дейін отандастарымыз спорттың аталмыш түрінен төрт жолдамаға ие болды. Ел чемпионы Наталья Сергеева, екі дүркін Азия чемпионы Алексей Дергунов, Азия біріншілігінің бірнеше мәрте жеңімпазы Евгений Алексеев және Сергей Черкасов жекелей сында өнер көрсетеді.

 

Грек-рим күресі

Грек-рим күресінен үш жолдама қолда тұр. Мәскеуде өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Алмат Кебіспаев (60 келі), Түркияда өткен әлем біріншілігінің қола жүлдегері Нұрмахан Тінәлиев (120 келі) пен Асхат Ділмұхамедов (74 келі) тұманды Альбион елінде ерлесін деп тілейік.

 

Таэквондо

Соңғы кездері елімізде жақсы дамып келе жатқан таэквондодан отандастарымыз үш лицензияға қол жеткізді. Он жеті жасар Нұрсұлтан Мамаев 58 келіде өнер көрсетсе, Азия чемпионы Феруза Ергешова 67 келіде ел намысын қорғайды. Сонымен қатар, Азия ойындарының қола жүлдегері Гүлнафис Айтмұхамбетова да көк байрағымызды Лондон төрінде желбіретуге ниетті.

 

Әйелдер күресі

Әйелдер күресінен екі жолдама қолда тұр. Түркияда өткен әлем біріншілігінің қола жүлдегері Жұлдыз Ешімова (48 келі) мен Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері, Еуропа біріншілігінің жүлдегері Гузель Манюрова Қазақстан атынан жарысқа түседі.

 

Велоспорт

Спорттың бұл түрінен әзірше екі жолдама бар. Әлемге танымал велошабандоздар Александр Винокуров пен Максим Иглинский Лондонда өнер көрсетеді.

 

Оқ ату

Қазақстан құрамасының қоржынында мылтық атудан бір ғана жолдама бар. Ол – жерлесіміз Вячеслав Подлесныйға тиесілі. Германияда өткен Әлем біріншілігінің қола жүлдегері Вячеслав отандастарының үмітін ақтау үшін барын салатыны анық.

 

Жоғарыда аты аталған спортшылардың барлығы Олимпиада жолдамасына өткен жылы қол жеткізді. Ал биылғы жылдың басынан бері отандық спортшылар тағы да бірнеше жолдаманы қоржынға басты. Атап айтар болсақ, спорттық гимнастикадан Мөлдір Әзімбай мен Степан Горбачев, нысана көздеуден Анжелина Мишук пен көркем гимнастика шебері Анна Алябьева Лондон төрінде өнер көрсететін болды.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

 

АЗИЯНЫҢ ҮЗДІГІ

Дархан Жоламанов - білікті де білекті балуан

Бүгінгі таңда елімізде қанатын кеңге жайып, қарыштап дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі - белбеулік күрес. Шығу тарихы сонау башқұрт елінен басталатын аталмыш спорт түрі ТМД мемлекеттері арасында танымалдылыққа ие. Біздің елімізде де белбеулік күрестен Азия және Әлем біріншіліктерінде тамаша өнер көрсетіп, жарқын жеңістерімен көпшілікті қуантып жүрген спортшылар бар. Солардың бірі - қазақ күресінен спорт шебері, белбеулік күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның үш дүркін чемпионы (2008, 2009, 2010 жылдары), Қазақстан ұлттық құрамасының белді мүшесі, жерлесіміз Дархан Жоламанов.

 

Дархан Ақтоғай ауданы, Әуелбек ауылының тумасы. Спортпен ерте жастан айналысқан ол алдымен қазақ күресін меңгереді. Алғашқы жаттықтырушысы Мейрам Қамзиннің баулуымен облыстық, республикалық жарыстарда топ жарады. Тіпті, қазақ күресінен Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында екінші орын алады. Алайда, облыс орталығына келіп, студент атанған Дарханның ықыласы белбеулік күреске ауыпты. Аталмыш спорт түрінен облыстың бас жаттықтырушысы Нұрлыбек Ермағамбетовтың назарына іліккен ол жаттығу жұмыстарына бар күшін сарпып, дайындалады. Дархан үлкен спорттағы тамаша жеңістерінің барлығы маңдай терімен келгенін мақтаныш санайды.

- Еңбектеніп, жоспар құра білсең бағынбайтын белес жоқ. Мен мұны өзімнің өмірлік тәжірибемнен айтып отырмын. Жоламановтар отбасында бұрын-соңды спортпен шұғылданған ешкім жоқ. Барлығы басқа салаларды таңдаған. Тек, мен ғана спортты қаладым. Бұл ретте, алғашқы бапкерім Мейрам ағаның сіңірген еңбегі зор. Ал одан кейін Нұрлыбек Тыштықбайұлына айтар алғысым шексіз. Мен белбеулік күреспен айналысуды бастаған уақытта аталмыш спорт түрі біздің өңірге енді-енді келіп, сіңісіп жатқан болатын. Сондықтан, біз алғашқы қарлығаштармыз десек те болады. Белбеулік күрестің дамуы Ресей, Украина, Өзбекстан секілді мемлекеттерде оң жолға қойылған. Біздің республикада Павлодар облысымен қатар, Шымкент, Қызылорда, Астана, Семей, Ақтөбе секілді аймақтарда жақсы дамыған. Ел біріншіліктеріндегі басты бәсеке тек осы өңірлер арасында ғана өтеді. Сондықтан, белбеулік күресті әлі де болса жетілдіріп, дамыту қажет. Мәселен, жергілікті балуандар Инновациялық Еуразия университетінің спорт кешенінде жаттығады. Себебі, оларға арнайы жаттығу залы қарастырылмаған. Спорттағы ағаларымыз белбеулік күрестен керекулік балуандардың тамаша нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын көріп, қуанып, арқамыздан қақса да, жеке спорт зал қарастыру мәселесіне келгенде салғырттық танытып отыр, - дейді Дархан Әдепбайұлы.

Дарханның айтуынша, аймағымыздағы белбеулік күрестің дамуына кейбір жандар қарсылық білдіруде. Жасыратыны жоқ, спортта әділетсіздік орын алып тұрады. Балуанның байыптауынша, біздің аймақтағы белбеулік күрес осының кебін киіп отыр. Әйтпесе, Азия, Әлем біріншіліктерінде жасындай жарқылдап жүрген жерлестеріміз жетерлік. Мәселен, Аслан Сейілов, Тамир Момедов, Жасұлан Әлиев, Таңат Сейілов, Рахат Құрамжанов, Рауан Разин, Денис Лешков секілді балуандар ел намысын абыроймен қорғауда.

Бүгінгі таңда Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының колледжінде ұстаздық ететін Дархан үлкен спортпен әлі қоштаспаймын дейді. Оның ендігі мақсатыӘлем біріншілігінде топ жару. Сондай-ақ, өңірдегі ұлттық спорттың дамуына өз үлесін қосу. Дархан Әдепбайұлы егер жағдай жасалып жатса, ауылдағы жас таланттардың талабын ұштауға қарсы еместігін жеткізді. Өткен жылдың қазан айында шаңырақ көтерген ол: «Елдің сенімін ақтар мен секілді азамат тәрбиелеген ата-анама айтар алғысым зор» дейді. Ерекше атап өтерлігі, Дархан күрестен басқа қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп күй тартқанды ұнатады. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт әке атануды тағатсыздана күтіп жүргенін айтады.

Үмітің ақталсын дейміз!

Ф.ӘМІРЕНОВ.

 

 

 

 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

14 Ақпан 2012, 18.30
ЖОЛДАУ. ЖАСТАР. ЖАСАМПАЗДЫҚ.
«Оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс».   ҚР Президентінің биылғы...

«Тұлға»

02 Ақпан 2012, 18.30
  ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова   Майра ІЛИЯСОВА – халық арасында ұлттық өнерімізді...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29