Нұрлыбек Ермағамбетовтың есімі аймағымыздағы спорт сүйер қауымға кеңінен таныс. Өңіріміздегі қазақ күресінің дамуына айрықша үлес қосып жүрген азамат көптеген шәкірт тәрбиеледі. Өзі де спорттық жетістіктерімен дүйім елдің есінде қалды. Бүгінде қырық жасты еңсерген Нұрлыбек Тыштықбайұлының отандық спорттың жандануына қосар үлесі әлі де зор. Себебі, ол – мамандығына адал, талапшыл жаттықтырушы, әділдікті ту еткен білікті һәм табанды азамат.
Н.Ермағамбетов Павлодар қаласының тумасы. Осы жерде спорттағы алғашқы қадамдарын жасаған. Алғашқы бапкері Теміржан Әмірбеков оны дзюдоға баулиды. Одан кейін самбо секциясына ауысқан жасөспірімді Виктор Гешеле жаттықтырады. Спорт залдағы үздіксіз жаттығулардың арқасында КСРО спорт шебері атағына қол жеткізеді. Ол бұл кезде небары 16 жаста болатын. Халықаралық додаларда жасындай жарқылдаған Нұрлыбектің бапкерлік қызметі де табысты болды. Павлодар облысындағы белбеу күресінің жандануына күш салған ол халықаралық дәрежедегі бес спорт шеберін, он беске жуық спорт шеберін дайындап шығарды. Аймақтағы қазақ күресінің қанат жаюына барынша ықпал етті.
- Өңірімізде қазақ күресінен де, белбеу күресінен де мықты балуандар баршылық. Мәселен, бүгінде Кенжебек Мәкенов, Дархан Жоламанов, Аслан Сейілов, Самир Мамедов, Медет Жұмасиянов секілді шәкірттерімді жұрт біледі, олардың шеберлігін мойындайды. Ал қазақ күресінен өткен Азия чемпионатында үшінші орын алған Вячеслав Савченконың жетістігі жұрт есінен әлі кете қойған жоқ. Жалпы, соңғы үш жылдың қорытындысын алып қарар болсақ, облысымыз қазақ күресінен айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген жоқ. Бұған бірден бір себеп, әділетсіздік. Көбіне таланттар тасада қалып қояды, - дейді Н.Ермағамбетов.
Нұрлыбек Тыштықбайұлы осыдан бір жыл бұрын Астана төрінде ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» бәсекесінің ақтық сынында төрелік етті. Мұндай төрешілік кез келген жанның бағына бұйыра бермесі бесенеден белгілі. Ақ сөйлеп, адалдықты ұстанатын бапкерді шәкірттері мен жора-жолдастары ерекше құрметтейді. Белгілі спорт ардагері Амангелді Аймағамбетов: «Нұрлыбекті ертеден білемін. Оның қатысуымен өткен жарыстарды талай мәрте тамашалағанмын. Ол спорттағы әділдік, тазалық үшін күресіп келеді. Сонымен қатар, оны істің адамы ретінде білемін. Ауызды құр шөппен сүртпейді. Айтқанын орындап, уәдесінде тұрады. Тағы бір ерекше қасиеті – жаттықтырушылық қарым-қабілеті. Оның алдынан өткен балуандарды бүгінде барша республика біледі, шеберлігіне сүйсінеді. Бұл ретте, оны қалыптастырған мектеп өз жемісін беруде. Еңбектеніп өрге шыққан Нұрлыбектің бағындырар биігі әлі алда», - дейді.
Дархан Жоламанов - Нұрлыбек Ермағамбетовтің шәкірттерінің бірі. Ауылдағы орта мектепті тәмамдап, арман қуып қалаға келген ол Нұрлыбек Тыштықбайұлының шәкірті болғанын мақтаныш санайды. «Менің ғана емес, өзге де жолдастарымның нағыз азамат болып қалыптасуына бапкеріміздің әсері көп болды. Ол бізге ақыл айтып қана қоймай, нақты істерімен өнегелік танытатын. Сондықтан болар, оны былайғы жұрт айрықша сыйлайды, құрметтейді», - дейді Дархан.
Нұрлыбек Тыштықбайұлын облысымыздағы қазақ күресінің қаранары десек те болады. Қай жағынан алып қарасақ та, ол аталған мадаққа әбден лайық жан.
Футболдан ел біріншілігінің 11-турында павлодарлық «Ертіс» жеңіліс тапты. Сырт алаңда шымкенттік «Ордабасымен» алаңға шыққан Талғат Байсуфинов шәкірттері 1:2 есебімен ұтылды. Бұл жерлестеріміздің биылғы біріншіліктегі осымен үшінші жеңілісі. Қажетті үш ұпайды қанжығаға байлаған «ордабасылықтар» турнир кестесінің бесінші сатысына жайғасты. Павлодарлықтар алтыншы орынға сырғыды.
Шымкентте өткен ойында «ертістіктер» таза шабуылда ойнады. Ұлықбек Бақаев, Тити Эссомба бастаған жерлестеріміз Алмат Бекбаев қорғаған қақпадан саңылау табуға тырысты. Жасыл алаңдағы текетірестердің бірінде Тити Эссомба алдыңғы шептегі әріптесі Ұлықбек Бақаевқа тамаша пас шығарды. Қазақстан чемпионатының үздік мергендерінің қатарынан табылатын өзбек жігіті қорғаушылардан сытылып өтіп, Алмат Бекбаевтың қақпасына алғашқы допты енгізді. Алаң иелері соғылған голдан кейін бірден есе қайтарудың амалына кірісті. Ұтымды шабуыл-дардан нәтиже шығара білген «ордабасылық» Эндрю Мвесигва таразы басын теңестірді. Екінші кезеңнің орта тұсына таман Мвесигва тағы бір голды өз еншісіне жазып, алаң қожайындарын алға шығарды. «Ертістіктер» қанша тырысқанымен таблодағы көрсеткішке түзету енгізе алмады.
Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында сөз алған «Ертіс» командасының бас бапкері Талғат Байсуфинов: «Кездесуде «ордабасылықтар» өте сәтті шабуылдар ұйымдастырды. Ойындағы есепті бірінші болып шәкірттерім ашты. Өкінішке қарай, мүмкіндіктерді пайдалана алмадық. Тіпті, қорғаушы Мвесигваның екі бірдей гол соғуына жағдай жасап бердік. Ойыншыларымның осалдығы осы жерде анық байқалды», - деді.
11-турдағы өзге ойындардың нәтижесі төмендегідей. «Ақтөбе» өз алаңында «Атырауды» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда «Сұңқардан» үш ұпай олжаласа, «Тараз» қостанайлық «Тобылдан» басым түсті. Есеп – 1:0. «Астана» футболшылары «Қайсарды» ұтса (0:1), алматылық «Қайрат» Оралдың «Ақжайығын» қапыда қалдырды (1:2). Талдықорғанның «Жетісуы» Көкшетаудың «Оқжетпесімен» кездесіп, 1:0 есебімен басымдылық танытты.
Мергендер көшін 7 доп соққан «тобылдық» Б.Жолшиев бастап тұр. Э.Юнизович («Жетісу»), Д.Чагелишвили («Оқжетпес») және И.Зенькович («Ақжайық») бес доптан еншілеп, үздіктер қатарында келеді.
Командалар Кубогы жолындағы бәсекені бастап кетті. «Ертіс» ойыншылары-ның «екібастұздықтармен» жолы түйісіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті. «Ертіс» сапынан Ұ.Бақаев екі мәрте көзге түссе, В.Чернышов пен Пархамчук бір-бір голдан еншіледі. Екібастұздықтар Бралин соққан голмен ғана жауап қайтара алды.
27 мамыр күні «Ертіс» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдайды. Сүйікті командамызға қолдау көрсетейік.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
Әби Сарқыншақұлының есімі облыс жұртшылығына ғана емес, республикаға мәшһүр десек, қателеспейміз. Біз ол кісіні еліміздің құрметті теміржолшысы, жастарға ақыл-кеңесін айтар ақылман ақсақал ретінде танимыз. Алайда, Әби ағамыздың белгілі баскетболшы, кезінде КСРО спорт шеберлігіне үміткер болғанын біле бермейміз. Әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедовпен бірге ойнап, бәсі биік бәсекелерде өнер көрсеткені туралы да жиі айтылмайды.
Әрдайым белсенділігімен, бастамашылдығымен көзге түсетін Әби ақсақалдың ұлтқа, туған жерге деген жанашырлығын, ыстық ықыласын үнемі көріп жүрміз. Отандық спорт саласын жандандыруға, өркендетуге қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Әби ағаның спорттағы жеңісті жолы Өзбекстанда білім алып жүрген кезінде басталады. Жоғары оқу орындары арасында өтетін жарыстарда ол үнемі команда намысын абыроймен қорғайды. Көп жылдар бойы Ташкент қаласының атынан ойнаған ол біршама белестерді бағындырады. Одан кейінірек Павлодар облысының сапында кәсіподақтар арасындағы спартакиадада көзге түседі. 1959 жылы бүкіл қазақстандық ІХ-ші спартакиадаға қатысады. Теміржолшылар арасындағы тартыстарда да табандылығымен назарға ілігеді. Атақты ойыншылар Владимир Мұхамеджанов, Уайыс Ахтаевты көзі көрген.
Бүгінде сексен жасты алқымдап қалған Әби ақсақалдың Павлодар облысындағы теміржол саласының дамуына қосқан үлесі орасан. Сол үшін оны барша павлодарлық ерекше құрметтейді. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне атсалысқан оның ғибратқа толы ғұмыры баршаға өнеге. Әби Сарқыншақұлының ел үшін сіңірген еңбегі де елеусіз қалған емес. Оның омырауындағы медальдарға қарап, туған жерге сіңірген адал еңбегін аңғаруға болады. Белгілі спорт ардагері Амангелді Аймағамбетов: «Әбимен 1959 жылы бүкіл қазақстандық спартакиадада бірге болдық. Дүбірлі додада облыстың намысын қорғадық. Біз сол кезде өңір атынан барған спортшылардың ішіндегі екі қазақ едік. Әбиді анадайдан танитынбыз. Көп ішінде бойының биіктігімен ерекшеленіп тұратын. Қазір де сол қалпында. Арагідік кездескенде өткенге көз жүгіртіп, отандық спорттың хал-ахуалы жайлы әңгіме-дүкен құрамыз. Ол кісінің «туған тілге, ділге деген сүйіспеншілікті арттыру қажет» деп жиі айтатын өнегесінен өскелең ұрпақ сабақ алады деп ойлаймын. Елге жаны ашитын, ұлтқа деген махаббаты ерекше Әби - нағыз ақылман ақсақал», - дейді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
«Ертіс-ПМХЗ» ел біріншілігінде топ жарды
Баскетболдан әйелдер арасында ел чемпионаты аяқталды. Жиырмасыншы мәрте ұйымдастырылған бәсекеде павлодарлық қыздар он үшінші мәрте жеңімпаз атанды. Өткен сенбіде облыс орталығындағы «Достық» концерттік залында үздіктерді марапаттау рәсімі болды. Оған өңір басшысы Ерлан Арын қатысты.
Баскетболдан облысымыздың әйелдер құрамасы 1986 жылы құрылды. 1993 жылдан бастап «Ертіс-ПМХЗ» атауымен өнер көрсетіп келеді. Жалпы, команда еліміздің он жеті біріншілігіне қатысып, 13 рет чемпион атанған. 3 мәрте күміс жүлдені иеленіп, бір рет қола жүлдені қанағат тұтты. Жерлестеріміз әр біріншілікте жүлдесіз қалмаған. Сонымен қатар, баскетболшы қыздарымыз Қазақстан халқының спартакиадасында алты рет үздік шыққан. Ел Кубогын үш мәрте иемденіп, Сібір Кубогы халықаралық додасында да алтыннан алқа тақты. Ресей чемпионатының Жоғарғы лига командаларының арасындағы біріншілігінде үш рет топ жарса, Азия чемпионатында еншімізге екі рет алтын жүлде бұйырды. Жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып жүрген команда еліміздегі белді спорт ұжымы болып табылады. Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Серіков дайындайтын «Ертіс-ПМХЗ» ұжымы биылғы біріншілікте Астананың «Астана-тайгерс-КАТУ», «Алматы», көкшетаулық «Оқжетпес», «Тараз» командаларымен сынға түсті.
Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың спорт саласына баса көңіл бөліп отырғандығын айтты. Өңірлерде бой көтеріп жатқан заманауи спорт нысандары - Мемлекет басшысы саясатының жемісі.
- Елімізде жедел дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі – баскетбол. Жалпы, спорттың кез келген түріне қолдау көрсетіліп жатыр. Аймақтық спортты жандандыруға күш салуымыз қажет. Жерлестеріміздің жеңісі баршамызға ортақ. Бұл ретте, командаға ерекше қолдау білдіріп отырған «Павлодар мұнай-химия зауытының» ұжымына алғысымды білдіремін. Біз облыс мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатып жүрген баскетболшыларымызбен мақтанамыз, - деді Ерлан Мұхтарұлы.
Команда ойыншысы Оксана Осипенко: «Биылғы біріншілік өте тартысты өтті. Жеңімпаз команда соңғы кезеңде ғана анықталды. Десе де, бізге жеңісті тұғырды әлдеқашан иеленіп қоятын мүмкіндік болған. Бірақ, соны дұрыс пайдалана алмадық. Бұйыртса, келер жылғы біріншілікте де топ жару үшін бар күш-жігерімізді саламыз, - деп өз ойымен бөлісті. Команда капитаны Вероника Воликова жергілікті баскетболшыларға зор сенім білдірген жанкүйерлерге, мұнай-химия зауытының басшылығына ризашылығын білдірді. Ерекше атап өтерлігі, биылғы біріншілікте команда сапындағы қазақ қыздары - Жұлдыз Байдусенова, Эльмира Мүсәлімова және Гүлназ Мұзаффарова өзіндік ойын өрнектерімен көзге түсті.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
Сүйінші, Алаш жұрты! Жерлесіміз, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Шабанбай Лондон Олимпиадасына баратын болды. Мұндай қуанышты жаңалықты редакциямызға қоңырау шалған еркін күрестен облыстың бас жаттықтырушысы Жанат Усин жеткізді. Дәулеттің тағдыры Орал қаласында өткен республикалық жарыста шешілді.
120 келіде өнер көрсеткен балуанымыз қарсыластарын қапыда қалдырып, бас жүлдені еншіледі. Естеріңізде болса, дәл осы салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасы Лондон жолдамасын әлдеқашан иеленіп қойған болатын. Дәулет Тұрлыханов бастаған күрес шеберлері Олимпиадаға Дәулет барады деп шешіпті. Бәрекелді! Біз Дәулетке сенеміз! Батыр ұлымыздың Лондон төрінде жасындай жарқылдауына тілектеспіз.
Дәл осы сында жерлестеріміз Мамед Ибрагимов, Ержан Смақанов, Гауһар Сапарова, Евгения Степовая секілді балуандарымыз жүлделі орындарға ие болғанын атап өткен жөн.
- Балуандарымыз жарады. Әсіресе, Дәулетке ризамыз. Павлодар облысының атынан Олимпиадаға қатысқалы отырған жалғыз қазақ жігіті. Менің ойымша, былайғы жұрт ұланымызға қолдау білдіреді деген сенімдемін,- деді Жанат Амангелдіұлы.
Қуанышты жаңалықты естігеннен кейін Дәулеттің әкесі Еркінге хабарластық. Ұлының жетістігіне мерейі тасып жатқан әке Дәулетке жеңіс тілейтінін айтты. «Олимпиада ойындарына қатысса екен» деп Алладан тілеуші едік. Енді «Лондон төрінде топ жарсын» деп жалбарынамыз»,- дейді Еркін аға.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
|
Eліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Қабыкенұлы Оразәлинов 65 жасқа толды. Белгілі бапкердің құрметіне Лебяжі ауданында қазақ күресінен облыстық турнир ұйымдастырылды. Салтанатты ашылуына аудан әкімі Айзада Құрманова және мерейтой иесінің шәкірттері қатысты. Мәртебелі меймандар арасында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Қайрат Қайырбаев, спорт ардагері Амангелді Аймағамбетов, белгілі спортшы Қуат Социалов, халықаралық дәрежедегі төреші Нұрлыбек Ермағамбетов және тағы басқалары бар. Додаға аймағымыздың аудандары мен қалаларының білекті жігіттері қатысып, облыстың түйе палуанын анықтады.
Аудан басшысы өңір спортының дамуына ерекше үлес қосқан Нұрлан Қабыкенұлына ақ тілегін жолдап, мерейтой иесіне облыс әкімі Ерлан Арынның Алғыс хатын табыс етті.
Нұрлан Оразәлинов спорт саласында 40 жылдай еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында оның алдынан көптеген чемпиондар өсіп шықты. 30 спорт шеберін, 100-ге жуық спорт шеберлігіне үміткер балуандарды дайындап шығарған Нұрлан Қабыкенұлының қазақ спортына сіңірген еңбегі ерен. Оның ұлы Ерғанат та республикаға танымал спортшы.
Жарыс қорытындысы бойынша павлодарлық Самир Мамедов түйе палуан атанды. Екінші орын ақтоғайлық Дархан Жоламановқа бұйырса, Лебяжі ауданының намысын қорғаған Назымбек Баяхметов үшінші орынды қанағат тұтты.
Ф.ҚЫЗДАРБЕК.
 Қаламыздың жас спортшысы, таэквондодан ел біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы Зарина Сердалиева Екібастұзға әлем чемпионатының қола жүлдесімен оралды. 4-8 сәуір аралығында Египеттің Шарм-Эль-Шейх қаласында өткен тартысты бәсекеде Қазақстан жастар құрамасының намысын қорғаған Зарина халықаралық дәрежедегі (WTF) спорт шебері нормативін орындады. Сонымен қатар, байрақты бәсекеде қола жүлдені қанжығаға байлаған жерлесіміз қаламыздың, облысымыздың ғана емес, еліміздің де мерейін асқақтатты.
Қала әкімі Александр Вербняк Заринаны арнайы қабылдап, алғашқы үлкен жеңісімен құттықтады. Болашағынан зор үміт күттіретін Заринаға әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтата беруіне тілектестігін білдіріп, қомақты ақшалай сыйлық табыс етті. Зарина өз кезегінде әлем чемпионатына қатысуға қолдау көрсеткен Р.Гайнулин, Т.Әбуғожин сынды азаматтарға шексіз алғысын білдіріп, жүлдесін қаламыздың 55 жылдық мерейтойына арнайтынын айтты. «УАҚ» сауда үйінің директоры О.Қарашашев жеңіспен оралған жас спортшыға мобильді телефон сыйлады. «Зерде» дарынды балаларға арналған мектептің 11-сынып оқушысы, №3 жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің тәрбиеленушісі Заринаны аталмыш оқу орындарының басшылары да құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды.
Он жасынан таэквондо спортына әуестенген Зарина 2006 жылдан бастап №3 жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінде спортпен кәсіби түрде айналысып келеді. Бүгінде көптеген облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерген Заринаның бұл жолғы жүлдесі – оның қоржынындағы жүлделердің қомақтысы. Жас спортшыны әлемдік деңгейдегі додаға дайындаған I санатты жаттықтырушы, таэквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (WTF) - Дархан Бекенов.
– Зарина тынымсыз еңбегі мен зор жауапкершілігінің арқасында алғашқы үлкен жеңісіне қол жеткізді. Шәкіртім үшін қуаныштымын. Оның бұдан да биік шыңдарды бағындыруына тілектеспін, - дейді жаттықтырушы.
Торғын ОРАЗАЛЫ,
Екібастұз қаласы.
Еуропаны тағы да бағындырды

Руслан Тезекбаев пен Дархан Қасенов – неміс жерінде атой салып, жеңіспен оралған қазақтың намысшыл ұландары. Павлодар өңірінің талапты ұлдары жуырда джиу-джитсу спорты бойынша Германияның Любц қаласында өткен Еуропа чемпионатында жеңімпаз атанды. Спорттағы атақ-даңқтарына қарамастан, олар әлі мектеп қабырғасындағы оқушылар. Жас та жігерлі жігіттердің осындай жарқын жеңістеріне қарап сүйсінесің. Жерлестеріміз шетелден оралысымен біздің өңірде джиу-джитсу мектебін қалыптастырған тұлға Дәулет Әлжановпен байланысқа шығып, толайым табыстарымен құттықтадық.
Дәулет Әлжанов жоғарыда аталған қос шәкіртінің жетістіктеріне дән риза екенін жеткізді. «Екеуі де - жас болғанымен, спортсүйер қауымға өздерін әлдеқашан мойындатып қойған нағыз сайыпқырандар. Олардың келешектерінен зор үміт күтеміз», - деп қысқа қайырды ол. Біз бір жарыста үш бірдей алтын медальді еншілеген Русланды да әңгімеге тарттық.
Павлодар қаласындағы №8 лицей-мектебінің 10-сыныбында оқитын Руслан екі дүркін Еуропа және Қазақстан чемпионы атанған. Оны алдымен Жанат Латыпов жаттықтырады. Руслан ол уақытта ата-анасымен бірге Ақсу қаласында тұратын. Бірнеше жылдан кейін әке-шешесі жұмыс бабымен облыс орталығына көшіп келеді. Павлодар қаласына қоныс аударуы ұлдарының спортпен толыққанды шұғылдануына айрықша әсер етті. Себебі, Руслан ел спортында есімі алтын әріптермен жазылған білікті бапкер Дәулет Әлжановтың қоластында жаттығуға кіріскен болатын.
Русланның джиу-джитсуды серік еткеніне биыл тура үш жыл толды. Ол - еңбекқор спортшы. Өзі де спорттағы толайым табыстарының құпиясын осымен байланыстырады.
Руслан неміс жерінде өткен Еуропа біріншілігінде бразилия джиу-джитсуынан, спорттық джиу-джитсудан және кикбокстан үш бірдей алтынды қанжығаға салды. Әріптесі Дархан Қасенов те екі бірдей алтын жүлдені олжалады. Павлодарлық қос өрен ел қоржынына бес алтын медаль сыйлап, мемлекет мәртебесін өсірді. Жарыста Ресей, Украина, Германия, Польша, Ұлыбритания мемлекеттерінің спортшыларынан басым түсті. Спортшы қарсыластарына былай деп баға берді: «Қазақ елінің атын шығарғаныма қуаныштымын. Бәсекелестерім де жақсы дайындықпен келіпті. Десе де, мен өзіме сенімді болдым. Маған әсіресе, спорттық джиу-джитсу ұнайды. Спорттың аталмыш түрінен Еуропаның мықтысы атанғаныма ризамын. Жаттықтырушымның, ата-анамның, спортсүйер жұртшылықтың сенімінен шығып, ел намысын абыроймен қорғадым деп ойлаймын», - дейді Руслан.
Русланның әкесі Дулат та - спортпен шұғылданған адам. Ауыр атлетиканы бір адамдай меңгерген оның ұлына айтар ақыл-кеңесі де мол. Спортқа адалдық деген бар. Қамқоршы әке ұлының бойына әркез осы бір қасиетті сіңіруге тырысады екен. Әке ақылына құлақ асқан Русланның жетістіктері еселене түсуде.
Руслан болашақта қандай мамандық иесі атанарын әлі ойластырмапты. «Қай саланы таңдасам да, қазақтың атын әлемге таныту үшін бар күш-жігерімді саламын», - дейді ол.
Павлодар облысының джиу-джитсу шеберлері «Автомобилист» спорт кешенінде жаттығады. Д.Әлжановтың тәлімін алған спортшылар жарқын жеңістерімен қуантуда. Жалпы, елімізге алғаш рет джиу-джитсу спортын әкелгендердің бірі осы Дәулет аға болатын. Содан бері де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Содан беріде аймағымыздан қаншама чемпиондар өсіп шықты. Джиу-джитсу спорты Павлодар облысымен қатар, Алматы, Астана, Қарағанды өңірлерінде ілгері дамып келеді. Ел чемпионаттарындағы басты бәсеке де осы аталған өңір спортшыларының арасында өтеді. Қазақстандық джиу-джитсу шеберлері жақында болатын ел чемпионаты мен Бакуде өтетін әлем біріншілігіне дайындықтарын бастап кетті.
Русланның жеңісі барша қазаққа ортақ мәртебе.
Еркебұлан ҚЫЗДАРБЕК.
Астанада бокстан Олимпиадалық іріктеу ойындары аяқталды. Байрақты бәсекеде отандастарымыз үш жолдаманы қанжығаға байлады. Данияр Елеусінов, Ілияс Сүлейменов пен Біржан Жақыпов Лондон жолдамасына ие болып қана қоймай, халықаралық жарыстың жеңімпаздары атанды. Өкінішке қарай, аса ауыр салмақтағы үмітіміз Василий Левит жеңіліс тапты. Осылайша, Лондонда өнер көрсететін қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің саны тоғызға жетті. Естеріңізде болса, біздің жігіттердің дені Бакуде өткен әлем біріншілігінде жолдама мәселесін шешіп қойған болатын. Олимпиадада ел намысын қорғайтын тоғыз оғланның барлығы - қазақ. Қазақ спортына намысты ту етіп ұстайтын қазақ жігіттері келмей бақ-жұлдызымыз жанбақ емес. Мұны осы жарыстан анық аңғарғандай болдық.
Баскетболдан әйелдер арасындағы ел біріншілігінің ақтық сынына жолдама алған командалар анықталды. Финалда Астананың «Тигр» командасы мен павлодарлық «Ертіс-ПМХЗ» ұжымы өзара шеберлік байқасатын болды. Жерлестеріміз жартылай финалдық бәсекеде көкшетаулық «Оқжетпестен» басым түсті. Павлодарда болған кездесуде 81:68 және 63:49 есебімен алаң иелері жеңіске жетсе, Көкшетауда өткен алғашқы ойында «Оқжетпес» ойыншылары төрт доп айырмасын ұтты (74:70). Ал соңғы кездесуде «ертістіктердің» асығы алшысынан түсті. Астаналықтар өз кезегінде «Алматы» баскетболшыларын қапыда қалдырды.
Ф.ӘМІРЕНОВ.
|
|
|
|
|
|
JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL |