Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аса тартысты өрбуде. Олай дейтініміз, мықты деген ұжымдардың өзі көш соңындағы командаларға есе жіберіп, спортсүйер қауымды таңқалдыруда. Үздіктер қатарындағы «Ертіс-Павлодар» хоккейшілері соңғы турда «Астана» жігіттерімен алаңға шығып, алғашқы кездесуде ұтылып қалса, қарымта ойында есе қайтарды.
Павлодарда өткен ойындардың алғашқысында Ерлан Сағымбаев шәкірттері 0:2 есебімен жеңіліс тапты. Дмитрий Мальгин қорғаған қақпаға астаналық Николай Григорев пен Алексей Воронцов бір-бір шайба енгізіп, командасына жеңіс сыйлады.
Керекулік жанкүйерлер қарымта кездесуді тағатсыздана күтті. Ортаңқол командаға жол берген жерлестерінің жігерін жанып, қолдау көрсетті. Жанкүйерлердің демеуін сезді ме, әйтеуір, жергілікті хоккейшілер сауатты ойнады. Алдымен «Ертіс-Павлодар» сапынан Андрей Огородников пен Андрей Торщинский көзге түсті. Ал ойындағы қорытынды шайбаны Рүстем Есіркенов соқты.
Осы турда ел чемпионы «Сарыарқа» өз алаңында «Алматы» хоккейшілерін қабылдап, 5:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті. «Арыстан» мен «Арлан» арасындағы кездесу алғашқысының пайдасына шешілді (3:2, 7:3). «Бейбарыс» пен «Горняк» арасындағы ойынның алғашқысында атыраулықтар басым түссе, қарымта кездесуде рудныйлықтар жеңіске жетті. «Қазцинк-Торпедо-2» мен «Барыс-2» арасындағы ойын тартысты өтті. Есеп – 4:5, 3:1.

