Су добынан Жапонияда өткен Азия біріншілігінде қазақстандық ватерполистер сарықұрлықтың үздігі атанды. Сергей Дроздовтың шәкірттері соңғы ойында Кувейт ойыншыларын 10:5 есебімен тізе бүктірді. Естеріңізге сала кетейік, біздің жігіттер бұған дейін Күншығыс және Аспанасты елдерінің су добы шеберлерін қапыда қалдырған болатын. Қазақстандықтар алтын жүлдеге ие болып қана қоймай, Лондон Олимпиадасының жолдамасын қалтаға басты. Ал қыздар құрамасы Қытай аруларына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
КЕЛЕСІ КЕЗЕҢГЕ ӨТТІ
Бендиден (допты хоккей) Алматыда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы ресейлік хоккейшілерге есе жіберді. Отандастарымыз 6:8 есебімен ұтылып қалды. Дегенмен, қазіргі әлем чемпионы - Ресей Федерациясымен тең дәрежеде өнер көрсеткен біздің жігіттер «оңай шағылар жаңғақ» еместігін аңғартты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қос команда арасында өткен кездесулерде солтүстік көршілеріміз айқын басымдықпен жеңіске жететіп жүретін. Ресей құрамасының бас бапкері Сергей Фирсов осы кездесу соңында: «Ойын өте тартысты өтті әрі эмоцияға толы болды. Жанкүйерлер де дән риза» деп ағынан жарылыпты. Қазақстан құрамасы енді Финляндия жігіттеріне қарсы ойнайды. Отандасымыз Сергей Почкунов 9 доппен мергендер сапында келе жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстан құрамасы қатарынан екі ойында да жеңіліс тапқанымен, әлдеқашан ширек финалға жолдама алып қойды.
Бұл күні Финляндия құрамасы Норвегияны ұтты. Есеп – 7:2. Швеция жігіттері АҚШ құрамасының қақпасына жауапсыз 15 доп енгізді. Венгрия командасы канадалықтарға жол берсе (1:11), Латвия мен Беларусь арасындағы ойын 3:19 есебімен соңғысының пайдасына шешілді. Қырғыздар 1:12 есебімен Эстония құрамасынан ұтылды.
БІРІНШІЛІК МӘРЕГЕ ЖЕТТІ
Кекушинкай-каратэдан Павлодар қалалық біріншілігі мәреге жетті. Облыс орталығындағы №22 орта мектепте ұйымдастырылған шара «Каратэ – есірткіге қарсы» деген ұранмен өтті. Оған 250 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша ер балалар арасында Алмаз Иманғазы мен Даниял Раисов тамаша ойын өрнегімен көзге түсті. Бақыт Дүйсенбекова тартысқа түскендердің барлығын ұтып, бірінші орынды иемденді. Ал он жеті жасар Айжан Құсметдинова қарсыласын аз ғана уақыт ішінде «кайдэн маваши гери» (аяқпен басынан айналдыра тебу) соққысымен сұлатып салып, төрешілер тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Спорт жаңалықтарын әзірлеген Фархат ӘМІРЕНОВ.

