Облыс бойынша 181 мыңға жуық адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Оның 60 мыңнан астамы - ауылдық елді мекендердің үлесінде. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 2,6 пайызға артқан. Бұл туралы облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының алқа жиналысында мәлім етілді. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысып, бірқатар тапсырмалар берді.
Өңіріміздегі спорт саласы қарқынды дамып келеді. Спорт нысандары көптеп салынып, салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған тұрғындардың қатары ұлғаюда. Мәселен, өткен жылы аймақ бойынша 43 спорт құрылымы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда олардың саны 3195-ті құрайды. 2011 жылы шағын футбол, волейбол, баскетбол және гандбол ойындарына арналған жасанды жабынмен қапталған 19 алаң халық игілігіне берілді. Заманауи бокс орталығы есігін айқара ашты. Қысқы спортқа да барынша көңіл бөлінуде. Осы жылдың үшінші тоқсанында Павлодар, Ақсу қалаларында көпқұрылымды спорт кешендері іске қосылады деп күтілуде. Былтыр облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайына, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және Екібастұз қаласындағы «Жасыбай» спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы бағытта 46056 мың теңге жұмсалды. Сонымен қатар, Май және Лебяжі аудандарының спорт ғимараттарында ағымдық жөндеу жұмыстары іске асты. Спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 41983 мың теңге бағытталған.
- Біз облыстық білім басқармасымен бірлесіп жас-жеткіншектерді бұқаралық спортқа шақырудамыз. Бүгінгі таңда білім ордаларының спорт кешендерінде (330 спорт зал) 19 мың адам спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Сонымен қатар, 130 адамға жаңадан жұмыс орындары ашылды. Қазіргі таңда 2455 маман осы салада еңбек етуде. Өткен жылы 15-ші облыстық спартакиада өз деңгейінде ұйымдастырылды. Ұлттық спорт та барынша ұлықталуда. Мәселен, Павлодар облысы тоғызқұмалақтан еліміздің үздік командасы болып табылады. Өңірімізде жыл сайын бір жарым мыңнан аса спорттық іс-шаралар өткізіледі. Оған 200 мыңнан аса адам қатысып, белсенділік танытады. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз да ел намысын абыроймен қорғауда. Былтыр өткен Қазақстан Республикасының паролимпиада ойындарында жерлестеріміз 24 алтын, 19 күміс, 9 қола жүлде жеңіп алды. Ауыл спортын жандандыру мақсатында құрылған «Ел қайраты» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын жетілдіру үстінде. 500-ден аса жерлесіміз спорттың бірнеше түрінен Ұлттық құрамада өнер көрсетеді,- деді туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Александр Шнейдмюллер.
Өткен жыл біздің өңірдің спорт саласы үшін толайым табыстарға толы болды. 7 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, 79 жерлесіміз спорт шебері атағына ие болды. Баскетболдан «Ертіс-ПМХЗ» әйелдер командасы ел чемпионы атанып, биік тұғырға 12-ші мәрте көтерілді. Ал волейболдан «Ертіс-Қазхром» әйелдер командасы ел чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі. Еліміздің ІІІ жазғы спартакиадасында жерлестеріміз 23 алтын, 34 күміс және 48 қола жүлдені ұтып, жалпыкомандалық есепте алтыншы орынға тұрақтады. Биылғы жыл маңызды әрі ауқымды спорттық додаларға толы. Бұл ретте, Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпиаданың шоқтығы биік. Біздің аймақтан оқ атудан Владислав Подлесный мен жеңіл атлет Виктория Яловцева байрақты бәсекеге қатысу жолдамасына ие болды. Десе де, бірқатар спортшыларымыздың әлі де болса жолдама үшін таласуға мүмкіндігі бар.
Облысымыздағы туризм саласының ілгері дамып келе жатқаны да - қуанышты жайт. Өңір бойынша 76 туристік құрылым тіркелген. Өткен жылы аймағымызға 2 жарым мың адам саяхаттап келген. «Менің Отаным – Қазақстан», «Ертіс меридианы» секілді туристік слеттер ұйымдастырылды.
Жиында Железин ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қанат Қималиденов, облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Қайрат Қайырбаев баяндама жасап, саладағы жұмыстар жайлы мәлімдеді.
Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова:
- Спорт саласындағы жетістіктеріміз көңіл көншітерліктей. Басқарманың жұмысына оң баға беремін. Мәселелер де баршылық. Басқарма бастығына Лондон Олимпиадасына қатысатын жерлестерімізге толыққанды жағдай жасауды тапсырамын. Сондай-ақ, біліктіліктері жоғары спортшылар дайындауға мықтап кірісу қажет. Олардың жаттығу жұмыстарын үнемі қадағалап, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік туғызуымыз керек. Биыл пайдалануға берілетін көпқұрылымды спорт кешендерінің сапасына мән беріп, уақытында тапсыруға тиіспіз,-деді.
Әлия Қайратқызы дзюдо бойынша спортшыларды даярлайтын «Батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізіп, халықты бұқаралық спортқа көптеп тарту керектігін жеткізді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

