«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады

Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа бағытқа көшуі қажеттігін, заман талабына сай өзгеру керектігін айтқан болатын. Осыған орай облыстық баспасөз беттерінде тың бастамалар қолға алынып, жаңа айдарлар ашылуда. Газеттердің мазмұны мен сыртқы келбеттеріне біраз жаңашылдықтар енгізілді. Сондай-ақ, әдебиетсүйер қауымның рухани сұранысын өтейтін «Найзатас» облыстық әдеби-көркем журналы да көпшілікке жол тартты.
Тағы бір жағымды жаңалық – оқырманға жақсы таныс «Регион.kz» облыстық газеті жаңа бағытқа ие болды. Бұған дейін тек орыс тілінде жарық көрген ол енді қазақ және орыс тілдерінде шығатын жастар газетіне айналмақ. Мемлекет қолдауымен жастарға арналған мерзімдік басылымның жарыққа шығуы аймақ тарихында алғаш рет орын алып отыр.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамымыздың әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени жаңалықтары әр қырынан көрініс тауып келеді. Осы тұста ел ертеңі – жастардың тыныс-тіршілігін, олардың бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін арқау ететін басылымның жарыққа шығуы уақыт талабы деуге болады.
- Облысымыздағы жас тұрғындарға қатысты мәселелер аз емес. Біз ең алдымен, жастардың әлеуметтік тұрмысына көңіл бөлмекпіз. Жастарды жұмыспен қамту мәселесін тереңірек қозғасақ дейміз. Ал газеттің жалпы бағытына келер болсақ, жас азаматтардың рухани, мәдени сұраныстарына сай арнайы беттер мен айдарларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Өмірдің әр саласын назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Ол үшін аймақтағы түрлі деңгейдегі оқу орындарымен, жастар ұйымдарымен, бірлестіктермен байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынас жасауды қазірден бастап қолға алдық, - деді облыстық «Регион.kz» жастар газетінің бас редакторы Мөлдір Доспаева газеттің таяуда өткен тұсаукесерінде.
Әсемгүл ҚАБДУАХИТ.
немесе қазіргі жастар келбеті
Қазіргі жастар және олардың бүгінгі келбеті мен мінездемесіне анықтама іздер болсақ екі қызықты жайтқа тап боламыз. Біріншісі, аға ұрпақтың пікірі. Оны қоғамдық десек те болады. Ал екіншісі, жастардың өзінің қөзқарасы. Үлкендердің ұлағатты ойы барлығымызға жақсы таныс. «Жастардың тәрбиесі таяз», «жастар үмітті ақтамауда» деген негіздегі пікірлер әрбір үйде асхананың «трендті тақырыбына» айналған. Қызығы, жастардың өздері жайындағы пікірі. Тағылымы мен тағдыры қатар ұштасқан тек осы екі тақырыптан тұздыққа тұшымды ақиқат іздеп көруге болады. Сонымен...
Осы арада бірнеше қызықты жайттарды атап өтуге болады. Бүгінгі жастар психикалық-моральдық тұрғыдан бейқам келеді. Яғни, бозбала-бойжеткендеріміз есеюге асықпайтын сияқты. Олар ересек өмірдің жауапкершілігінен қорқады, дейді мамандар. Мысалы, мектепті бітірген түлек енді өзінің бәсекелестік жоғары ортаға түсетіні және онда өзінің интеллектуалдық немесе тұлғалық қажеттілігін дәлелдеуі керектігі жайында қорқынышпен ойлайды. Әрине, өмірге деген көзқарастар сан-алуан. Көп жағдайда олар қоршаған ортасына сай қалыптасатыны хақ. Бүгінгі жас өмірге таусылмайтын ұлан-асыр той, мейрам ретінде қарайды. Аз ғана күш салсаң бәрі орындалып, бола қалатындай сезінеді. Ал «нағыз» өмірдің оңай емес екенін алғашқы қиындықтар кезіккенде-ақ түсінеді. Еш нәрсенің оңайлықпен келмейтінін ұғады. Бұл әлдебіреулерді жасытып тастауы мүмкін. Енді бірі керісінше, өзінің қалағанын алу үшін керек десеңіз заңды да бұзуға дайын болады. Мұның барлығы сыртқы әсерлердің салдары.
Бүгінгінің эталоны: қыздарға - «cool girl», жігіттерге - «мачо»!
Сыртқы әсер демекші... Аталған эталондардың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ибалы қыз, инабатты келін тәрбиелеген қазақ қоғамына жат екені сөзсіз. Себебі, Бритни Спирс «инабатты келін» емес, немесе Перис Хилтонды «ибалы қыз» деп атай алмассың! Не себептен жаттың жағымсыз өмір сүру образы, біздің қоғамымызды жайлап кетті?!
Бритни Спирс дегеннен шығады... Студент кезімізде ұстаздарымыздың бірі «Әлемдегі ең сұлу әйел кім?» деген сұрақ қойды. Әрине, бұл сауалға ер жігіттердің бірден жауап бермесі анық, ал қыздар жағы жапа-тармағай Дженифер Лопес, Бритни Спирс, Мадонна сияқты тағы басқа көптеген әлемге сұлу әйел ретінде танылған әнші-актрисалардың есімін тізіп шыққан еді. Сұраққа жауап естіген ағай «жеткен жеріміз осы екен-ау» дегендей көңілі түскен күйі төмен қарап, аудиториядан шығып кетті... Осылайша, бүгінде шын сұлулықты да бағалай алмайтын дәрежеге жеттік.
Қазақтың белгілі «Гауһартас» әніндегі мына бір өлең жолы естеріңізде болар. «Ажарың ашық екен атқан таңдай, Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай...». Бұл әнді естісең көз алдыңа қазақ қызының сұлу келбеті бірден елестейді. Кейіпкердің көркіне де, оны бейнелеген ақынға да риясыз риза боласыз. Жалпы, жер шарында адам атаулының сұлулыққа құштар емесі жоқ. Адам қиялынан туған шығармашылық туындылардың барлығы дерлік сұлулыққа құштарлықтан, оған сүйсінуден, тамсанудан туған. Осы тамсану Ф.Достоевскийге «Сұлулық – әлемді құтқарады» деген сөзді айтқызғаны мәлім.
ТYЙIН...
Ауыл қариялары өзіне жақсылық жасаған жастарға батасын беріп, «жүзі жылы, иманы бар бала екен» деп жататын. Кейде ел арасына іріткі салып, ауызынан шыққан бір жақсы сөзі жоқ жастарды көргенде, «тілеуі құрғыр» деп кейитін. Үлкендердің батасын алуға лайық болайық, замандас. Өзгенің қаңсығы бізге пайда әкеле қоймас...
Әзірлеген – Д.АЙТПАЙ.
Атам қазақ: «Жақсы келін - келін, жаман келін – келсап», «Ырыс- келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» - деп бекер айтпаса керек. Отауға түскен жас келінге келін ретінде қарамай, қыздарымен бірдей көріп, әлпештеп, аялаған біздің қазақ. Келіннің де түскен әулетке деген құрметі ерекше болған. Қайын атасының алдынан кесіп өтпек түгілі, қайын ағаларының атын атамай, ат қойған. Тіпті, керек десеңіз, қайын інілері мен сіңлілерінің әрқайсысына түр-тұрпатына қарап, мінез-құлқына байланыстырып еркелетіп ат қойған. Қазақта мұны «ат тергеу» дейді. Тарихтан бір ғана мысал, үш жүздің әйгілі батыры Қаракерей Қабанбай бозбала кезінде-ақ алып тұлғалы болыпты. Нар түйенің ар жағында тұрғанда, төбесі бергі жақтағы адамға көрініп тұрады екен. Тау тұлғалы батырды бітім-болмысына қарап жеңгелері еркелетіп «Нарбала» деп атаған көрінеді. Міне, ел арасында осындай тарихи әңгімелер, шешендік сөздер, тіпті, аңыз әңгімелер, ат тергеуге байланысты мысалдар өте көп. Соның тағы біріне тоқталсақ.
Баяғы өткен ғасырда сегіз ұлы бар Сексенбай деген ақсақал өмір сүріпті. Абыз қарттың малы аман, басы түгел болса керек. Ең кенже ұлымды үйлендірсем, бұл өмірде басқа арманым жоқ дейтін көрінеді. Қарашаңырақтың иесі ер жеткен соң әкесі өзі таңдап жүріп, баласын бір сұлуға үйлендіреді. Текті жерден шыққан қыз аса ақылды болса керек, абысындары оның әр ісіне қызғанышпен қарап, іштарлық танытады. Жас келінді қайтсе де ата-ененің алдында ұятқа батырудың түрлі жолдарын қарастырады. Ойлаған жанға жамандық табыла кетеді ғой. Ойлай-ойлай абысындары жас келінді тұзаққа түсірудің амалын өздерінше табады. Сексенбай қарт ақбоз үйдің төрінде ақсақалдармен бірге малдас құрып, қымыз ішіп отырғанда, жас келіннің ең үлкен абысыны кіріп келіп, қымыз құйып отырған кіші абысынына:
- Шырағым, базарға бара жатыр едім, мына тиындарымды санап, мына орамалға түйіп берші, - деп бір уыс бақыр тиынды жас келіннің қолына ұстата салады. Жас келін ештеңе ойламастан дауыстап санай жөнеледі. Тиынның саны біршама болса керек, ұзын саны жетпіске барғанда Сексенбай қарттың іші әлде бір жамандықты сезгендей болады. Үйдің іші тым–тырыс. Бәрі іштерінен тынып отыр. Келін болса, саспастан, дауыстап санауда. «Жетпіс бір, жетпіс екі», Сексенбай қарт терлей бастайды. «Жетпіс жеті, жетпіс сегіз...» Қарттың жаны қысылып, кірерге тесік таппай тыпыршиды. Кейін болса, аспай-саспай:«Жетпіс тоғыз, атам, атам бір, атам екі, атам үш», деп жалғастыра беріпті. Отырғандар ду етіп күлісіп, жас келіннің тапқырлығына тәнті болып, қариялар ақ батасын береді. Бұл - тәрбиелілік пен тапқырлық, парасаттылық пен үлкенге деген құрмет.
Ал бүгін ше? Жаңа заманның келіндері қайын жұртын қаншалықты сыйлай біледі? Мүлдем сыйламайды деп бар пәлені отауға түскен жас келінге де жауып қоя алмаймыз. Себебі қазақ, «әйелді бастан, баланы жастан» - дейді. Демек, отауға түскен ақ келінді қолда аялап ұстай білу, ата-ененің өзіне де байланысты. Әрбір тойда немесе неке қию орындарында менің қарнымды қатты ашыратын бір жайт, жас келіннің тегін (фамилия) таңдау барысында шатасатындығы. Неке қию қызметкерлерінің: « Құрметті қалыңдық пен күйеу жігіт» - деп басталатын ұзын- сонар әңгімесін баршамыз білеміз. Заңға қарсы шығайын деген ойым жоқ, тек кешегі қызыл империяның санамызға сіңіріп кеткен салт-дәстүрімізге томпақ келетін әрекетіне көңілім қынжылады. Азаматтық неке қию барысында келіндердің барлығы дерлік күйеуінің тегін алып жүр. Бұған мұңаюдың орнына неке қызметкерлерінің: «Бүгін бәленшиевтердің әулетіне тағы бір адам қосылды» деген сөзіне, шашуымызды шашып, аққайнарымызды аспанға атып қуанатынымыз өтірік емес.
Бұл - ертең кез келген мекемеге барғанда, күнделікті күйбең тірлікте де жас келін қайын атасының есімін қысылмай айта береді деген сөз, себебі, заңды түрде еркіндік беріп қойған өзіміз. Ал сонда ата салтын аяққа таптағанымыз ба? Шаңырағын жаңа көтерген жас отбасында, атасының атын айтар келіннен ұлықты ұл мен қылықты қыздың өмірге келеріне сіз сенесіз бе?..
Алпысбай ХОНЖ,
Павлодар қаласы.
Таяуда «Ел арна» телеарнасының «Жарайсың!» бағдарламасына қатысқан жерлесіміз, әнші Жанар Доғалованы көріп, «бұл – біздің «Самородный сары алтын!» деп қуанысып қалдық. Жалпы, қазақстандық шоу-бизнес әлеміндегі «жаңа» тұлға болып саналатын Жанардың өнердегі табысты қадамдары туралы ғаламтор да, телеарналар да «шулап» жатыр қазірде.
Eстеріңізде болса, өнерпаз өткен жылдың соңында жарық көрген «Ғашық жүрек-2» фильмінде басты рольдердің бірін сомдап, әртістік қырынан көрінді. Бұл оның кино әлеміндегі алғашқы қадамы болды. Осы жаңалықты «Сарыарқа самалы» газеті де оқырман қауымға асыға жеткізді. Көптен көрмеген «Ғашық жүректегі» кейіпкер Жадырамен, өмірдегі Жанармен сұхбаттасқан кезде «Мен – Баян Есентаеваның жаңа жобасымын» деген мәлімдемені естіген болатынбыз.
Кейін отандық телеарналардың бірінде «Shinе» продюсерлік орталығының директоры Баян ханымның «Кеш УОU» тобының жаңа құрамы құрылғаны туралы айтқанын естідік. Сөйтіп, жерлес әнші топ құрамындағы сұлулар қатарына қосылды.
Ал үстіміздегі жылдың сәуірінде «Қазақ аруы-2012» байқауында «Кеш УОU» жаңа құрамда өнер көрсетті. Қазіргі кезде Жанар ұжымдағы Айдана Меденова және Кәмшат Жолдыбаевамен бірге өнер шыңдарын бағындыруда. Қыздардың «Асықпа» атты алғашқы бейнеклипі де көрермендерге жол тартты.
Бұл топтың әншісі атану үшін қыздарға біраз тер төгуге тура келген. Белгілі болғандай, олар жарты жыл бойы вокалмен, хореографиямен айналысыпты. Тағы бір жаңалық, Жанар барша жұлдыздардың арманына айналған «Славянский базар-2012» халықаралық байқауының іріктеу турынан өткен. Бірақ, әнші байқауда одан әрі өнер көрсетуден бас тартқан.
Жоғарыдағы ақпараттардың анық-қанығына көз жеткізу үшін Жанардың өзіне хабарластық. Әншінің туған жері - Павлодардан екенімізді естіген ол шығармашылық табыстарымен қуана-қуана бөлісті.
Жанар ДОҒАЛОВА, «Кеш УОU» тобының әншісі:
- Таяуда өзімнің төл туындым - «Сен емес» әніне түсірілген бейнелклип жалпақ жұртшылыққа жол тартпақ. Оны еліміздің танымал режиссерлерінің бірі – Асқар Ұзабаев түсірді. Жаңа бейнебаяндағы сюжеттерге «Ликвидатор», «Ағайындылар», «Мың бала», «Мұстафа Шоқай» фильмдерінде басты рольдерді сомдаған Берік Айтжанов қатысты. Ал «Славянский базар-2012» байқауына қатысудан бас тартқаным рас. Өйткені, топтағы жұмыс кестеміз өте тығыз. Одан қала берді, жазғы уақытқа өзге жұмыстарды жоспарлап қойдық. Ол әзірге құпия түрінде қалғаны дұрыс.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Павлодар өңіріндегі «жұлдызды жауын» толастар емес. Жыл басынан облыс орталығында елімізге танымал әншілердің концерттері әр апта сайын ұйымдастырылуда. Әдемі әуен мен әуезді күй біздің жамағатқа артық етпейтіні анық. Майра Ілиясова, Қарақат пен Қыдырәлі, Ақбота Керімбекова, Маржан Арапбаева, Жанар Айжанова, «Қоңыр» тобы және тағы да басқа өнер иелері жерлестерімізді рухани тұрғыдан серпілтті. Жуырда жұлдызды «тізім» тағы бір әншінің есімімен толықты.
Ол – «Арман» әнімен танылып, ғаламторда семейліктерді «лақтырып» кетті деп шулаған Қайрат Нұртас. Бұл жолы жалғыз емес, сахналас әріптесі Бақыт Алтаймен бірге келіпті. Осыдан біршама уақыт бұрын жұлдызды жұп «Ойлама» бейнеклипінің тұсауын кескен еді. Концерттік бағдарлама «Сені ойлай» деп аталды.
Кеш жоғары деңгейде өтті. Жаңа әндер шырқалып, Қайраттың болашақтағы жоспарлары туралы да айтылды. Концертке Қ.Нұртаспен бірге келген анасы һәм продюсері Гүлзира Үсенқызының айтуынша, баласы қазіргі кезде Мәскеуде өткізетін концертіне қызу дайындалуда. Оның үстіне жуырда Бақыт Алтаймен бірге Моңғолияға гострольдік сапармен барып келген.
Айтпақшы, бұл Қайраттың Кереку еліндегі алғашқы концерті емес. Өнерпаз өңірімізге жыл сайын ат басын тірейді.
Өз тілшіміз.
|
Таяуда павлодарлық оқушы Нәзифа Бақтыбаева ғылыми жаңалық ашып, көпшілікті таңқалдырды. Естеріңізде болса, өнер-білім қуған жерлесіміздің бұл жетістігі жайлы бұған дейін жар салған болатынбыз.
Жас өнертапқыш Шолпан ғаламшарын зерттейтін «Венера» деп аталатын аппараттың жобасын жасады. Осы еңбегі үшін ол таяуда Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» атты VIII халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпазы атанып, аймағымызға абыроймен оралды.
Ғарыш әлемін зерттеу – Нәзифаның кішкентай күнінен бері қиялдап келе жатқан асыл арманы. Осы биікке жетуге белді бекем буған ол таяуда АҚШ-тағы әлемге әйгілі НАСА-ның (ғарышты зерттейтін ғылыми орталық) штаб пәтерінде болып қайтуды жоспарлап отырған көрінеді.
Қазір талантты қыз мамыр айында Американың Хьюстон қаласында өтетін тағы бір халықаралық ғылыми олимпиадаға дайындалуда.
- Естуімше, бұл байқауға әлемнің әр түкпіріндегі жас ғалымдардың 400-ге жуық ғылыми жобалары ұсынылған екен. Қазақстанның атынан мен де қатысып, ел намысын қорғаймын. Осы олимпиададан үлкен үміт күтемін. Өйткені, Шолпан ғаламшарын зерттейтін аппараттың жобасын жасау үшін екі жылдай уақыт жұмсадым. Көп еңбектің соңы қашанда жемісті боларына сенемін, - дейді өнертапқыш. Оның анасы Сәуле Мажанованың айтуынша, қызы кішкентай кезінен бастап қолөнер мектебіне барып, саз балшықтан, басқа да заттардан түрлі бұйымдар жасауға әуес болған екен. - Бәлкім, қызымның ғылыммен айналысуына осы мектеп ықпал еткен шығар, - дейді ол.
Аспан әлемінің қыр-сырын ашуға ұмтылған жас ғалымның сөзіне қарағанда, оның әжесі де ғарыш туралы көп мағлұматтар білуге қызығушылық танытқан көрінеді.
-Менің әжем бірінші ғарышкер Юрий Гагарин туралы көп кітаптар жинаған. Ғарыш туралы әңгімелерді де жиі айтатын. Сондықтан да болар, оқуды үйреніп, ес білген соң менің де аспан әлеміне аңсарым ауып, ғарышкер болуды мақсат еттім. Алдымен жерге ең жақын Шолпан ғаламшарында болсам деймін. Ондағы температура 500 градус, ал қысым жердегіден 90 есе көп. Соған қарамастан, бір кездері Шолпанда тіршілік болыпты. Демек, бұл ғаламшар Жерге өте ұқсас. Бірақ, 1960 жылдан бері Шолпанға 20-дан астам экспедиция жіберілсе де, оны ешқайсысы зерттей алмапты. Мен осы ғаламшардың жұмбақ құпиясын ашқым келеді. Сол үшін бірінші кезекте Шолпан ғаламшарын зерттейтін «Венера» аппаратының жобасын жасауды қолға алдым. Құрылғыны жасауға ескі компьютер, DVD-плеер, құлаққа қойып тыңдағыш, қолшатыр, киім ілгіш бөлшектерін және басқа да ұсақ-түйек заттарды пайдаландым. Бұл аппарат арқылы ғаламшармен қатар, оның атмосфералық динамикасын да зерттеуге мүмкіндік бар. Осындай жетістікке жетуіме ғылыми жетекшім - Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Татьяна Салықбаева зор үлес қосты, - дейді Нәзифа Бақтыбаева. Сонымен қатар, бұл ғылыми жұмысқа Екібастұз қаласындағы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 11-сынып оқушысы Уахит Нұрболат та көмектесіп, ғарыш аппаратының жобасын жасау үшін бірге еңбектеніпті.
- Құрылғының жобасын жасау барысында маған да көп ізденуге тура келді. Айтуға оңай көрінгенмен, ғылыммен айналысудың үлкен еңбекті, мол білімді қажет ететінін түсіндім. Нәзифа өте алғыр қыз. Оның талай биіктерді бағындыратынына сенемін, - дейді ол.
Болашақта шетелдік жоғары оқу орындарында бәсекеге қабілетті білім алуды мақсат еткен Нәзифаның ендігі арманы - ғарышқа ұшып, «қазақтың тұңғыш ғарышкер қызы» атану.
Талантты жерлесімізге талабыңа нұр жаусын дейміз!
Н.АҚЫТЕГІ.
Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Бесік жырын айтпайтын әжелердің жоқтығынан қорқамын» деп арманда кетті. Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева «Он сегіздегі жас ақынның мола жайлы жырлауынан қорқамын» дейді. Біржан сал: «Қорқамын, ауруымның түрі жаман, Біржанның кім ұстар деп домбырасын» десе, Қасым Аманжолов: «Күніне жүз ойланып, мың толғанам, өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» алаңдайды екен. Ал сіз неден қорқасыз?
Мейрам ПІШЕМБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Ұлттық геніміз жойылмаса екен»
-
Аллаға шүкір, елімізде бейбіт заман орнады. Халықтың тұрмысы түзу. Елбасымыз қазақстандықтарға барынша жағдай жасауда. Бәріне ризамыз. Десе де, мені мазалайтыны ұлттық геннің жоғалып бара жатқаны. Бүгінде күнделікті тұрмыс-тіршілікте Қытайдың тауарларын қолданамыз. Олардың адам денсаулығына тигізер зиянын біле тұра тұтынамыз. Мәселен, 10-15 минутта дайындалатын тамақтарды алайық. Мұндай дәмдердің құрамында адамның генін жоятын қоспалар бар. Мені осындай мәселелер алаңдатады. Одан кейін қазақтың қаракөз қыздары кім көрінгенге тұрмысқа кетіп жатыр. Олар осы әрекеттері арқылы қазақ халқының ұлттық генін жойып жатқандарын білмейді-ау. Білсе бұлай жасамас еді ғой. Қазақта жігіт құрып қалған жоқ! Ұлттық геніміз жойылмаса екен.
Мейрам БЕГЕНТАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Төл тарихымызды білмейтіндерден қорқамын»
- Өмір қиындық пен қорқыныштан тұрады. Баласы атқа шапса, үйде отырған ата-ана тақымын қысады емес пе?! Өз басым әуелі Алла Тағаладан қорқамын. Қайда жүрсек те, қандай да бір жұмыс атқарсақ та, Жаратушы Иеміздің барын ұмытпауымыз керек. Ал одан кейін жанымды мазалайтыны жастардың жағдайы. Яғни, бүгінгі ұл-қыздарымыз үшін алаңдаймын. Айтпағым, кейбір жастар туған жердің тарихын білмейді. Қазақтың әр баласы туған өлкесінің әр тасын, әр тауын, әр талын жатқа біліп, олардың қадір-қасиеті жайлы көп айтуы керек қой. Алайда, жастардың осы мәселеге келгенде белсенділіктері төмен. Мүмкін олай деп те айтуға болмас. Бірақ, олардың туған өлке тарихын зерделеп, зерттеуге деген құлшыныстары аз. Кез келген бозбала мен бойжеткеннен туып-өскен ауылының тарихын сұрар болсаңыз, басын шайқайды. Төл тарихымызды білмесек, ертеңгі күніміз не болмақ?! Жастарға үміт артып отырғанымызда, олардың аға буынның сенімін ақтамай, жарға жыққаны жарамайды. Сан ғасырлық тарихымызды білмей, алға ұмтыла алмайтынымызды естен шығармасақ екен.
Қайыржан ДОСЫМХАНОВ, Красноармейка орта мектебінің мұғалімі:
«Жастар қайда барады?»
-
Уақыт өткен сайын оқушылардың психологиясы да өзгеріп барады. Мұны өзге әріптестерім де мойындайды. Кейбір оқушылар ұстаздар қауымына өздерінің жауларындай қарайды. Сабақ барысында бір-бірін балағаттап, ғайбат сөйлейді. Ал енді дәл осындай балалар өз үйлерінде қой аузынан шөп алмас момақандар. Осыдан кейін екіжүзді ұрпақ тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба деген ойға қаласың. Жас қыздар да кіндікті ашып тастап, санын жарқыратып жүргені. Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов айтпақшы, мұндай қыздар саны арқылы бақытын тапқысы келеді. Ал ондай сұлуларға қағылған-соғылған жігіттер үйір. Бұдан шығатын қорытынды - екеуі де сорлы болады. Мен жастардан қорқамын. Салт-дәстүрді білмейтін, туған тілді менсінбейтін, туған тарихтан нәр алмайтын ұл-қыздарды көргенде кеудемді қорқыныш сезімі билейді.
Ресейліктер ең әдемі қазақ қыздарының рейтингісін шығарды. Көршілес елдегі сарапшылардың елең еткізер, қызықты рейтингілерді жариялауды жүйелі түрде қолға алғанын айта кеткен жөн. Таяуда ғана ең әдемі француз, татар, кәріс қыздарының және іскер әйелдердің топтамасын құрып, көпшілікке ұсынды. Ендігі кезек Қазақстан аруларына да келіп жетті.
«Top-Antropos» сайты жүргізген сауалнама бойынша, хас сұлудың мәртебесіне «Қазақстан аруы - 2007» атағының иегері Альфина Насырова лайық деп танылды. Альфина бүгінгі күнге дейін әсемдік байқауларында бағын сынап жүр. Ол жақында ғана «Әлем аруы -2011»/«Miss Globe International - 2011» сұлулық додасында төртінші орынды жеңіп алды.
Ресейліктер құрған рейтингінің екінші орнына актриса, көпшіліктің көңілінен шыққан «Ғашық жүрек» фильмінің продюсері Баян Есентаева жайғасты. Одан кейінгі орындарда «Қазақстан аруы - 2009» байқауының жеңімпазы Сымбат Мадиярова, жас актрисалар – «Нереальная любовь» фильміне түскен Бибігүл Сүйіншалина мен «Мың бала» кинотуындысының түсірілімдеріне қатысқан Әлия Телебарисова тұр.
«Қазақстан аруы - 2011»-де топ жарған Айнұр Төлеуова, «Алматы аруы - 2010» байқауында көп ішінен суырылып шыққан Салтанат Бекжігітова есімді сұлулар да ресейліктердің назарына ілінді. Қазақстандық сұлулар топтамасының сегізінші орны ресейлік жұлдыз - «ВИА Гра» тобының әншісі Альбина Жаңабаеваның еншісінде. Альбина өзін Волгоградтың тумасы деп таныстырғанға қарамастан, оның табынушылары әншінің ата-бабалары арасында қазақтар бар деп айтудан жалықпауда. Сондай-ақ, әнші Лидо, скрипкашы Лана, «Қазақстан аруы - 2010» байқауының жүлдегері Жанар Нұрбаева, актриса Әсел Сағатова, «Азиада аруы» Күміс Базарбаева, әнші Мәдина Садуақасова, қостанайлық сұлу Индира Сейітқазиева, Қазақстан полициясының аруы Қарлығаш Егімбаева «Top-Antropos» әзірлеген тізімге енді. Ал соңғы орындар болса, Павлодар облысының тумасы, жас әнші Әсем Жәкетаева мен сазгер Төлеген Мұхамеджановтың қызы - Қарлығаш Мұхамеджановаға бұйырған екен.
Әзірлеген - ә.қабдуахит.
Кеш. Қалалық өмірдің қызып тұрған сәті. Бірі жұмыстан, енді бірі мектептен, әлде біреуі базардан, тағы біреулері тағы бір жақтан үйлеріне бет алған адамдар. Қала көшелерінің біріндегі аялдамада менімен бірге автобус күтіп тұрған жолаушылар саны жетерлік. Міне, қарсы алдымда төбесі жарқыраған автобустың маңдайынан бағанадан бері сарғая күткен сан көріне бастағанда алдымнан ет жақынымның бірі шыққандай іштей бір марқайып қалдым.
Автобус аялдамаға тоқтай салысымен сыртқа шыққандарды күтпестен ішке лап қойған адамдардың соңын ала сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал қартты көзім шалды. Қасымдағы жолаушыларды қақпайлап тұрып қолтығынан демеп, қарияны ішке кіргізіп жібердім. Іле-шала өзім де ендім. Автобуста бос кеңістік жоқ. Екі аяқты біз түгілі, қолында таяғы бар үш аяқты мына абыз қартқа орын табылатын емес. Барлығы да міз бақпай отыр. Қарсы алдымыздағы орындықта отырған екі әйел ақсақалға бажырая қарады. «Бір аяғы төрде, бір аяғы көрдегі» осы шалдың сыртқа шығып, көше қыдырып не алмағы бар? Жатпай ма үйінде! - деген ойларын көзқарастарынан-ақ аңғаруға болатындай. Арқаларында сөмкелері бар бозбалалар мен біз өкше киген бойжеткен қыздар да автобустағыдай емес, агенттің ішіне түсіп кеткендей ұялы телефонның бетіне шұқшия телміріп отыр. Келесі бір орындықта көк көзді сары жігіт қасын қарындашпен сызған қара қызға кенеше жабысып, автобуста емес, айлы түннің аясында жолығысып тұрғандай аймаласып отыр. Қысқасы, соттасаң да «сатып алған» орындарын беретін еш пенде көрінбейді. Ақсақал да ешкімнен орын сұрап әуре болмады, сірә, жастардан көңілі әбден қалса керек. Таяғына сүйенген бойы қолымен жасаураған көзін бір сүртіп қойды. Кенет біз тұрған орыннан қашықтау жерде отырған алпысты алқымдап қалған бір ақ жаулықты ана орнынан тұрып, қаттырақ дауыстап, «ақсақал отырыңыз» деп, өз орынын нұсқады. Буыны босап, әлі құрыған қария: «Ә, шырағым, өркенің өссін», - деп бос орынға тәлтіректей басып барып жайғасты. Сексендегі қартқа алпыстағы анадан басқа орын берер тірі жан қалмаса, жетіскен екенбіз дедім ішімнен.
Автобус қатты жылдамдықпен зулап келіп келесі аялдамаға кілт тоқтаған сәтте қарияның маңдайы көлік терезесіне жапсырылған жарты тәні жалаңаш, маған бейтаныс шетелдік әртіс қыздың суретіне барып соғылды. Мұны байқаған артқы орындыққа жайғасқан қыз-қырқын жастар жағы қыран-топан күлкіге қарық болды. Бұларға керегі бос ыржалаң, арсыз күлкі екендігі бесенеден белгілі. Қазіргі тілмен айтқанда, ақсақалдың әрекеті әп-сәтте жастар үшін «приколға» айналып шыға келді. Әне-міне дегенше автобус та мен түсетін аялдамаға келіп жетті.
Көліктен түсіп үйге бет алдым. Ойланып келемін. «Шіркін-ай! «Атаңа не қылсаң алдыңа сол келеді», «басқаға күлсең де, кәріге күлме!»- деуші еді ғой біздің қазақ. Үлкенді сыйлаудан, біз, жас буын мақұрым қалдық па сонда? Еңкейген қартқа күлгенше, бұзауын жалаған сиырдай болып отырған бағанағы қара көз қызбен, атасы басқа сары жігітке неге күлмедік? Көргенді елдің баласына лайықты құдай сүйер қылығымыз қалмапты ғой бойымызда. «Арудан әр таярын, жігіттің қартаярын, қызыл гүлдің солатынын, қыпша белдің толатынын» біз, жастар ұмыттық-ау, ұмыттық. Жастық дәурен, басымыздан көрген түстей өте шығар. Сол кезде біз де біреулер үшін таптырмас «приколға» айналармыз. Алла сақтасын! Ойлаудың өзі қорқынышты...
Алпысбай ХОНЖ,
Павлодар қаласы.
Елімізде Мемлекеттік рәміздерді қорлау фактісі тыйылмай келеді. Бұл жөнінде отандық бұқаралық ақпарат құралдары да дабыл қағуда. Жақында біз де осындай сұмдық жайттың куәсі болдық. Қандай дейсіз ғой?.. Павлодар қаласындағы орталық әмбебап дүкенінде (ЦУМ) Елтаңбаның суреті салынған керамикалық күл салғыш сатылуда екен. Бағасы 1300 теңге тұрады. Мұны сатып алған қала тұрғыны, ардагер ұстаз Миля Сүлейменова: «Наурыз мейрамы қарсаңында құрбыларыма сыйлық жасайын деген оймен орталық әмбебап дүкеніне бас сұқтым. Көзім осы күл салғышқа түсті. Сол бөлімдегі сатушы қыздан бұл затты кімдердің әкелгенін сұрап едім, ол оның Балтық жағалауы елінен жеткізілгенін айтты. Не істерімді білмей, «осындай қанша күл салғыш бар?» деп сұрадым. Бар ойым – бәрін алу еді. Сатушы біреу ғана қалғанын айтты. Соны сатып алдым. Бұл не деген масқара? Мемлекеттік рәміздеріміздің осылайша қорлануына кім жол беріп жүр?» - деді ашуға булығып.
Шынымен де, елдік пен еркіндіктің нышаны болған қасиетті Елтаңбамызды темекі күлін салғышқа бейнелеп, үстіне көрінгенді түкіртіп қойғанымыз - ұлтқа ұят, салтқа сын.
Осы жағдайды естісімен біз де орталық әмбебап дүкенін шолып шықтық. Алайда, Елтаңба бейнеленген күл салғышты таба алмадық. Ұсақ-түйек сатылатын бөлімдегі сатушылардан сұрастырып едік, олар мұндай заттар бұрын болғанын, бірақ, қазір сатылып кеткенін мәлімдеді. Өкінішке қарай, оны кімдердің әкелгені туралы сауалымызға жауап ала алмадық. Сонымен, осындай арсыздыққа кімнің барғанын және қазір қанша намыссыз «шылымқор» Елтаңбамыздың үстіне түкіріп, темекісінің күлін салып жүргені беймәлім...
Н.АҚЫТЕГІ.
|
|
|
|
|
|
JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL |